Жаңа оқу жылына дайындық пысықталды

Биыл 1-сыныпқа 19 мыңнан астам бала қабылданады деп жоспарланып отыр. Бүгінде 15 170 бала өтініш берген. Құжат қабылдау 31 тамызға дейін жалғасады.
Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен жиында салалық басқарма басшылары мектептердің құрылысы мен жөндеу жұмыстарының барысы, материалдық-техникалық база мен оқу орындарының жылыту маусымына дайындығы жөнінде есеп берді.
Облыстық білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаева жаңа оқу жылында 6 мектеп ашылатынын хабарлады. Оның төртеуі «Келешек мектептері» жобасы аясында салынған білім ошағы болса, ал екеуі — жекеменшік мектеп. Сондай-ақ 14 520 орынға арналған 31 білім беру нысанының құрылысы жүріп жатыр. Оның ішінде 4-еуі — балабақша, 26-сы — мектеп және біреуі — қосымша білім беру мекемесі. Бұдан бөлек, мың орындық мектеп жекеменшік инвестор есебінен салынып жатыр.
Қазіргі уақытта мектептерде 244 мұғалім жетіспейді. Бұл тапшылықты жоғары оқу орындары мен колледж түлектері есебінен жабу жоспарлануда. Тамыз айында мұғалімдерді жұмысқа тарту үшін облыс және аудан орталықтарында бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өткізіледі.
Жиында Бұлбұл Күзембаева биыл 4, 7, 8, 10 және 11-сыныптарға жаңартылған мазмұндағы оқулықтар енгізілетінін атап өтті. Бұл мақсатқа 1,68 млрд теңге қаржы бөлініп, 13 баспамен келісімшарттар жасалған. Оқулықтарды жеткізу 25 тамызға дейін аяқталады.
17 білім беру орнында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде, оған 5,36 млрд теңге қарастырылған. Оның ішінде 11 мектеп, 5 балабақша, 2 колледж және бір қосымша білім беру мекемесі бар. Жөндеу жұмыстары 20 тамызға дейін аяқталуға тиіс. Тек Ембі қаласындағы №4 мектеп құрылысы ғана кейінге шегерілген. Оқушылар уақытша басқа мектептерге орналастырылады.
Мектептерді жабдықтауға облыстық бюджеттен 3,1 млрд теңге бөлінген. Биыл былтырғы жылмен салыстырғанда пәндік кабинеттермен жабдықтау деңгейі 71 пайыздан 80 пайызға дейін өсті. Сондай-ақ Жұмысшы мамандықтары жылы аясында 9 колледжге 898,9 мың теңге көлемінде қолдау көрсетілуде. ERG компаниясы Хромтау ауданындағы мектепті жабдықтауға 200 млн теңге қаржы бөлді.
Оқушылардың қауіпсіздігі — басты назарда. Соңғы екі жылда осы мақсатқа бюджеттен 1 млрд теңге қаражат бөлінген. 152 мектепке «Алақан» жүйесі орнатылып, «Әлеуметтік әмиян» платформасымен біріктірілген. Сондай-ақ білім беру нысандарының санитарлық-эпидемиологиялық және өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі тексеріліп жатыр.
Жылыту маусымына дайындық аясында ауыл мектептерін қатты және сұйық отынмен қамтамасыз ету жұмыстары да жүргізілуде. Бұл мақсатқа 807,6 млн теңге бөлінген. Қазіргі таңда білім ошақтарына отын жеткізіліп жатыр. Қазандықтардың жағдайы да тексерілуде: 58 нысанға қазандықтарды ауыстыру, 68 нысанға қосымша жабдық қажет. Бұл орайда 220 млн теңгеге бюджеттік өтінім берілді.
Жиында білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Гүлнар Сәрсенғалиева білім беру жүйесіндегі негізгі мәселелерді атап өтті. Ол мектеп инфрақұрылымы, кадрмен қамтамасыз ету және білім сапасын көтеру мәселелеріне ерекше назар аударды.
Бұдан кейін облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ержан Мұздыбаев құрылыс жұмыстарының барысы туралы баяндады.
Оның айтуынша, бүгінде Ақтөбе қаласы Шилісай тұрғын алабында 600 орындық мектеп, Мұғалжар ауданы Ащысай ауылында 60 орындық мектеп, Қандыағаш қаласының Самал шағын ауданында 600 орындық мектеп салынып жатыр. Сондай-ақ Мәртөк ауылындағы №3 мектепке, Ембі қаласындағы №7 мектепке және Қаракөл ауылындағы А.Жұбанов атындағы мектепке спортзалдар салынуда. Барлық жұмыстар бекітілген кесте бойынша жүргізілуде, сапасы мен мерзіміне тұрақты бақылау жүргізілген.
Облыс әкімі Асхат Шахаров барлық құрылыс және жөндеу жұмыстарының уақытылы аяқталуына бақылауды күшейтуді тапсырды. Ол оқу жылы еш кедергісіз басталуы қажет екенін атап өтті.
Өңір басшысы жұмыс сапасы, инженерлік инфрақұрылымның дайындығы, оқушылардың қауіпсіздігі мен оқулықтардың дер кезінде жеткізілуіне ерекше көңіл бөлуді талап етті.
— 1 қыркүйекке дейін барлық мектеп, балабақша, колледж балаларды қабылдауға толық дайын болуға тиіс. Бұл — біздің балалар, ата-аналар және қоғам алдындағы ортақ жауапкершілігіміз.Білім беру мәселесіне көзқарас түбегейлі өзгеруі керек. Біз жай ғана ғимараттар салып жатқан жоқпыз, болашақ ұрпақ өсіп-өнетін орта қалыптастырып жатырмыз. Сондықтан жүргізілетін жұмыстардың сапасы мен инженерлік инфрақұрылымға ерекше мән берілуге тиіс. Қағаз жүзінде тапсырылған нысанның ішінде оқушылар суықта отыруға немесе оқулықсыз оқуға мәжбүр болмауы керек. Мектеп қауіпсіздігіне де бақылауды күшейтуді тапсырамын: кіреберістер, бейнебақылау камерасы, дабыл түймелері мінсіз жұмыс істеуге тиіс.
Барлық басқарма мен коммуналдық қызмет басшылары жұмыстарды тек бақылап қоймай, тікелей араласып, жағдайды өз назарында ұстағаны жөн. Мәселелер туындаса, жедел шешуі қажет, — деді А.Шахаров.
Данагүл ҚАЗИХАН.



