Мақсат — жемқорлықтың алдын алу

Сыбайлас жемқорлық
Мұғалжар ауданында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл бағытында жүйелі жұмыстар үнемі жүргізіледі.
Жыл басынан бері әкімдіктің сыбайлас жемқорлыққа қарсы комиссия отырыстарында бірнеше маңызды саладағы мәселелер қаралды. Атап айтсақ, жер қатынастары, құқық қорғау органдарының қызметі, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау, кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығысаласындағы сыбайлас жемқорлықтың кез келген көрінісін болдырмау жолдары талқыланды. Сондай-ақ Қандыағаш, Ембі қаласы мен Батпақкөл ауылдық округі әкімдігінің осы бағытта атқарып жатқан жұмыстары назарға алынып, туындаған мәселелер бойынша нақты ұсыныстар мен шешімдер қабылданды.
Комиссия отырыстарында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және автомобиль жолдары, мәдениет пен спорт, білім салаларындағы квазимемлекеттік сектор ұйымдарының қызметіне ішкі талдау жүргізіп, анықталған кемшіліктерді жоюға тапсырма берілді. Бұл ұйымдардың ашықтығы мен есептілігін арттыру мақсатында арнайы іс-шаралар жоспарланып, тұрмыстық сыбайлас жемқорлық белгілеріне жол бермеу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Аудан әкімінің аппараты жыл сайын сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу арқылы мемлекеттік қызметтердің сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстар атқарып келеді. Бұл талдауға мүдделі тұлғалар да қатыса алады, бұл өз кезегінде қоғамдық бақылауды күшейтеді.
Мемлекеттік қызметшілер арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында семинарлар мен оқыту шаралары ұйымдастырылып тұрады.
Жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті насихаттау үшін кездесулер мен түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы ақпараттық-насихаттау материалдары таратылады.
Аудан тұрғындарының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға белсенді қатысуын қамтамасыз ету мақсатында қоғамдық кеңестер мен азаматтық қоғам өкілдерімен бірлескен жұмыстар үнемі жүргізіледі. Аудан әкімдігі мен тиісті мекемелер осы бағыттағы іс-шараларды жүйелі түрде жүзеге асыруды көздеп отыр. Бұл шаралар ауданның дамуына оң әсерін тигізеді деген сенімдемін.
Дархан ЕРМАҒАНБЕТОВ,
Мұғалжар ауданының әкімі.



