Талдысайда жаңа саябақ ашылды

Әйтеке би ауданы Талдысай ауылында жаңа саябақ ашылды.
Саябақтың салтанатты ашылуында аудан әкімінің орынбасары ТалғатбекТүкібаев жиналғандарды құттықтап, алда атқарылатын шаруалар туралы айтты. Ал демалыс орнының лентасын ауыл ақсақалдары Еділ Молдахметов пен Тұралы Баймаханов қиып, батасын берді.
Аталған демалыс орнында балаларға арналған ойын алаңы, спортпен шұғылданушылар үшін воркаут және волейбол алаңдары бар. Сондай-ақ әткеншектер мен көлеңкелі беседкалар орнатылған. Әр жастағы тұрғын үшін жайлылық пен демалыс мүмкіндігі қарастырылған.
Мереке концерттік бағдарламамен жалғасын тауып, көрермендерге ерекше көңіл күй сыйлады. Шара аясында спорттық жарыстар, волейбол, қол күресі және Tartyl battle сайыстары ұйымдастырылып, ауыл жастары мен спортсүйер қауым өз шеберліктерін көрсетті.
Балалар үшін арнайы аниматорлар түрлі ойындар мен қызықты қойылымдар өткізіп, кішкентай тұрғындарға шаттық сыйлады. Ал үлкендер үшін жайылған мерекелік дастарқан жақсы тілектер айтуға себеп болды.Ауыл тұрғындары саябақтың ашылуына атсалысқан барлық ұйымдастырушыларға және мердігер кәсіпкерлерге ризашылықтарын білдіріп, мұндай игі істердің жалғасын табарына сенім білдірді. Талдысайдағы бұл жаңа саябақ — тек демалыс орны ғана емес, ауылдың келбетін көркейтетін тұрғындар ауызбіршілігінің көрінісі.
Кәмшат ҚОПАЕВА.



