Сарыкөлге ауызсу барады

Темір ауданына қарасты Сарыкөл ауылдық округінде көп жылдан бері өзекті болып келген ауыз сумен қамту мәселесін шешу бағытында нақты жұмыстар қолға алынды. Қазіргі таңда елді мекенде ауызсумен қамту жобасы жүзеге асырылып жатыр.
Ауқымды жоба аясында ұзындығы 8,8 шақырым болатын су желілерін қайта құру көзделген. Бұған қоса сыйымдылығы 500 текше метр болатын екі резервуар салу, үш су ұңғымасын бұрғылау және 120 дана су құдығын жаңарту жұмыстары жоспарланған.
Құрылыс жұмыстарын «Алихан Ойл-З» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Бүгінгі таңда шамамен 8 шақырымға жуық насосты су желілері жаңартылып, жобаның негізгі кезеңдерінің бірі — көлемі 1000 текше метрлік темір-бетон резервуардың құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр.
Жоба толық іске асқанда Сарыкөл ауылдық округінің тұрғындары таза әрі тұрақты ауызсумен қамтамасыз етіледі. Бұл өз кезегінде ауылдағы әлеуметтік жағдайды жақсартып, тұрмыс сапасын арттыруға ықпал етеді. Сонымен қатар ауызсуға қолжетімділік — ауылдың тұрақты дамуы мен халқының әл-ауқатын көтерудің маңызды алғышарттарының бірі.
А.АЛТЫБАЕВА.



