Облыстық драма театры салынады

Брифинг
Шілде айының соңында Ақтөбе қаласындағы Алтын Орда шағын ауданында 700 орындық облыстық драма театрының құрылысы басталады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингтеоблыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова айтты.
Басқарма басшысы жалпы жыл басынан бері мәдениет саласында атқарылған жұмыстар туралы жан-жақты айтты.
Жарты жылда өңірде 14 500-ден астам мәдени іс-шара өткізіліп, 1 миллион 750 мыңға жуық көрермен қамтылған.
— Бұл — мәдениет саласының даму қарқынын және халықтың өнер мен рухани мұраға деген тұрақты қызығушылығын байқатады, — деді А.Юнисова.
Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармония 174 мәдени іс-шара ұйымдастырып, 125 030 көрерменге мәдени қызмет көрсетті. Филармония ұжымы бірқатар ірі жобалар мен халықаралық деңгейдегі концерттер өткізді.
Есепті мерзім ішінде облыстық Т.Ахтанов атындағы драма театры 209 іс-шара өткізіп, 38 425 көрерменге қызмет көрсетіпті. Театр репертуары жаңа қойылымдармен толықты. Оның ішінде Мәдина Төленің «Бала батыр» ертегісі, Георгий Хугайдың «Қиқарлар» комедиясы, Джон Патриктің «Как пришить старушку» лирикомедиясы, Әлия Дәулетбаеваның «Әлия» мюзиклі, Эдуард Олбидің «Что случилось в зоопарке?» трагикомедиясы және Мұхтар Мағауиннің «Тазының өлімі» хикаяты сәтті қойылды.
Облыстық «Алақай» қуыршақ театры белсенді жұмыс істеп, 235 іс-шара өткізіп, 11 970 көрерменге қуаныш сыйлады. Театрдың 40 жылдығына орай VII «ЕркеТеатрAqtobe» балалар театр фестивалі ұйымдастырылып, режиссер Роман Боклановтың «Китті жолықтырған күн» қойылымы көрсетілді.
Облыстық халық шығармашылығы орталығы жыл басынан бері 84 мәдени-көпшілік іс-шара өткізіп, 39 мыңға жуық көрерменді қамтыды. Айта кету керек, облыстық халық шығармашылығы орталығы өңірдегі 198 клубтық мекеме мен оларға қарасты 1100-ден астам көркемөнерпазқұрылымының жұмысын үйлестіріп, 164 «Халықтық» және «Үлгілі» ұжымның шеберлігін арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізді.
Облыс бойынша 233 мемлекеттік кітапхана жұмыс жасайды. Кітапханаларда республикалық «Бір ел — бір кітап» және облыстық «Оқитын өлке» акциялары аясында іс-шаралар, жергілікті ақын-жазушылар мен өнер қайраткерлерінің шығармашылығын насихаттау мақсатында «Қаламгер» әдеби қонақжайында кездесулер, әдеби-сазды кештер, «Ымырттағы кітапхана», «Кітап фестивалі» атты мәдени-әлеуметтік шаралар өткізілді. Облыс бойынша 21 музей жұмыс істейді.Облыс музейлері 2318 экспонатпен толықтырылды, оның ішінде 2230 экспонат сыйға тартылса, 88 экспонат сатып алынды. Жалпы экспонат саны — 213 426.
— Өңірдегі тарихи-мәдени мұраны зерттеу, сақтау, жаңғырту, қалпына келтіру және насихаттау бойынша жобалар жоспарлы түрде жүзеге асырылып жатыр. Облыс аумағында республикалық маңызы бар 9 ескерткіш және жергілікті маңызы бар 863 ескерткіш мемлекеттік тізімге енгізілді.
Мәдени инфрақұрылымды жаңғырту бағытында облыста бірқатар маңызды жобалар іске асырылды.
Былтыр 13 мәдениет нысанына күрделі жөндеу жоспарланып, оның алтауы облыстық бюджет есебінен жөнделді. «Ауыл —ел бесігі» бағдарламасының арқасында 7 нысан жөнделіп, пайдалануға берілді. 5 жаңа мәдени нысанның құрылысына қаржы бөлінді. Осы айдың соңында облыс орталығындағы Алтын Орда шағын ауданында 700 орындық облыстық драма театрының құрылысы басталады.Биыл 6 мәдениет нысанында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, — деді Алтынай Юнисова.
Жыл соңына дейін халқымыздың көреген ойшылы Мөңке бидің 350 жылдығына арналған іс-шаралар, «Әдебиет.Рух.Қоғам» халықаралық байқауы, ақын Қуандық Шаңғытбаевтың 100 жылдығына арналған әдеби кеш, Үмбетбай Уайдиннің «Айтқыштар — Ақтөбеде» сатиралық бағдарламасы және Т.Досымов атындағы «Сәйгүлік» байқауы мен «Сыбаға» ұлттық фестивалі ұйымдастырылмақ.
Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.



