«Зияткер» жазғы мектебі ашылды

21-26 шілде аралығында облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен «Ақбөбек» дарынды балаларға арналған физика-математикалық лицей-интернатының базасында «Зияткер» ақыл-ойды дамыту оқу-танымдық жазғы мектебі жұмыс істеп жатыр. Жазғы мектепке облыстың түрлі аудандарынан пәндік олимпиадалар мен шығармашылық байқауларда озық шыққан 120 дарынды оқушы қатысуда.
«Ақтөбе-Дарын» орталығы жыл бойы өткізген пәндік олимпиадалар, ғылыми жобалар мен шығармашылық байқаулар нәтижесінде дара шыққан оқушыларды қолдау мақсатында «Зияткер» жазғы мектебін ұйымдастырады. Биылғы жазғы мектепке Алға, Байғанин, Қарғалы, Қобда, Мәртөк және Ойыл аудандарынан келген оқушылар апталық бағдарлама аясында робототехника, шығармашылық және жобалық жұмыс, шешендік өнер, айтыс, қазақ тілін дамыту, әлеуметтік медианы дұрыс қолдану бағыттарында шеберлік сағаттарына қатысып жатыр. Сондай-ақ спорттық флешмобтар, интеллектуалдық ойындар мен мәдени экскурсиялар да назардан тыс қалмады.
— Аталған жазғы мектеп дарынды оқушылардың білім мен ғылымға қызығушылығын арттырып, олардың шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталған. Оқушылар бос уақытын тиімді өткізіп қана қоймай, болашақта өздерін түрлі бағытта дамытуға мүмкіндік алып отыр. Апта соңында үздік қатысушылар Алғыс хатпен марапатталады, — дейді «Ақбөбек» дарын орталығының директоры Аян Сақып.
Мәртөк ауданы Сарыжар орта мектебінің оқушысы Айсезім Ербөлекова жазғы мектеп жайлы өз әсерімен бөлісті:.
— Бұл лагерь маған қатты ұнады. Жаңа достар таптым. Әсіресе робототехника сабағы ерекше әсер қалдырды. Бізге түсінікті түрдеү йретті, тапсырмалар орындап, роботтарды басқаруды үйрендік.
Жалпы, мен физика пәнібойынша әртүрлі олимпиадалар мен ғылыми байқауларға қатысып, бірнеше мәрте жүлделі орындарға ие болдым. Бұл — біріншіден, білімнің шарапаты, екіншіден, бізді бағыттап, шыңдап жүрген ұстаздарымыздың еңбегінің нәтижесі, — деді ол.
А.НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ.



