Денсаулық

Іш ауырса…

Биыл өңірімізде соңғы алты айда жіті ішек инфекциясының 756 жағдайы тіркелді. Өткен жылмен салыстырғанда аурушаңдық көрсеткіші 1,1 есеге өскен. Облыстық  санитариялық-эпидемиологиялық  бақылау департаментінің дерегінше, аурушаңдықтың 95 пайызы балалар арасында тіркелген.

Жаз маусымының басталуымен аурудың деңгейі жоғарылайды. Оның басты себебі — тағамның сақталу ережелерінің бұзылуы, сапасыз суды пайдалану, жеке бас тазалығының сақталмауы. Оның үстіне мамандар маусым айынан оңтүстік өңірден жеміс-жидектердің мол келе бастайтынынайтады. Әсіресе қауын-қарбыз, жеміс-жидекті ашық жерлерде, жол бойында  сатушылар көбейеді. Ал балалар көп жағдайда тазалықты сақтай бермейтіні анық.

— Жіті ішек ауруы — асқазан-ішек жолдарына әсер ететін әртүрлі вирустар, бактериялар және паразиттер тудыратын жұқпалы аурулар тобы. Инфекция қоздырғышы ішке түскен сәттен бастап аурудың алғашқы белгілері пайда болғанға дейін 2сағаттан 7 күнге дейін созылады. Іштің ауыруы, жүрек айну, құсу күніне 3 рет немесе одан да көп қайталанады. Іш бүріп ауырады. Егер адам осындай белгілерді байқаса, дереу дәрігерге қаралуы керек, — деді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Индира Аяғанова.

Жедел жұқпалы ішек аурулары асқазан-ішек жолдарын зақымдайды. Аурудың қоздырғыштары асқазан-ішек жолдары арқылы нәжіспен сыртқы ортаға шығарылады. Аурудың негізгі көзі —  науқас адам және бактерия тасымалдаушылар. Олар белгілі бір жағдайларда ауру таратушыға айналады. Ауру көктем, жаз айларында көбірек кездеседі. Себебі бұл мезгілдерде ауа райы жылы болады. Күннің ысуы тағамдардың тез бұзылуына әсер етеді, жеміс-жидектер піседі. Осының бәрі аурудың көбеюіне себеп болады. Жедел ішек ауруларының қоздырғыштары тамақ, су, кір қол, лас ыдыс және  тұрмыстық заттар, жуылмаған жеміс-жидектер  арқылы адам ағзасына түседі. Оның ішінде ең қауіптісі —  аурудың тамақ арқылы жұғуы. Мерзімі өткен тағамды пайдалану, қолдан сатып алынған сүт тағамдары мен көкөністерді базардан, кездейсоқ сауда  орындарынан алу, олардың  сақтау, дайындау мерзімінің өтіп кетуі аурудың таралуына әкеліп соғады.

Аурушаңдықтың 95,3 пайызы  немесе 721 жағдай 14 жасқа дейінгі балалар арасында тіркеліп отыр. Тексеру кезінде науқастардың 21,6 пайызы сүт өнімдерінен, 14,4 пайызы ет және еттен жасалған тағамдардан, ал 12,7 пайызы дұрыс жуылмаған, өңделмеген және бұзылған жеміс-жидек,көкөніс, бақша өнімдерін пайдаланғаннан ауру жұқтырған. Аурудың ең басты алдын алу жолы — жеке бас тазалығы. Кездейсоқ сауда орындарынан тағам өнімдерін алмау керек.  Қайнамаған су мен сүт өнімдерін пайдаланбаған жөн. Азық-түлік қауіпсіздігіне мән берген дұрыс. Сондай-ақ дәретханадан шыққанда, көшеден келгенде және үй жануарларын ұстағаннан кейін, ал балалар далада ойыннан келгеннен кейін қолды сабынмен жуу керек. Балаларға беретін тағамдарды дайындау кезінде сапалы ауызсу пайдаланған жөн. Баланы емізу кезінде жеке бас гигиенасын сақтау керек, — деді Индира  Аяғанова.

Сондай-ақ мамандар жұмыртқаны және ет өнімдерін әбден қайнатып жеуге кеңес береді. Олардың сақталуына да мән берген дұрыс. Мәселен, жылы жерде ұзақ тұрып қалған ет бұзылып кетеді. Егер оны тұтынатын болса, инфекция ағзаға түседі. Ет өнімдерінің  жақсылап қуырылуы мен қайнатылуына мән берген дұрыс.  Тағам түріне  пайдаланатын ұсақталып кесілген етті бір сағаттан артық, ал жұмыртқаны 15 минуттан артық қайнату керек. Сонымен қатар әртүрлі салат,  гарнирлер, тез бұзылатын тағамдарды  тоңазытқышсыз түнге қалдыруға болмайды. Бұндай тағамдар міндетті түрде салқынәрі құрғақ  жерде сақталуға тиіс. Мамандар жаз бен күзде сүт, ет  өнімдерін абайлап тұтыну керектігін айтады. Себебі осы уақытта сүтте  бактериялардың көбеюіне қолайлы жағдайлар туындайды. Сондықтан базардан, сауда нүктелерінен  немесе жеке адамдардан сатып алған, яғни құйылып сатылатын сүтті міндетті түрде қайнату керек.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button