Жатыр мойны обыры: 9405 қыз бала егілді

2024 жылдың қыркүйегінен бастап елімізде жатыр мойны обырын қоздырушы — адам папиллома вирусына қарсы қыз балаларды жалпыұлттық вакциналау басталды.
Бұл маңызды іс-шара елімізде қауіпті инфекцияның таралуын және онкологиялық аурулардың пайда болу қаупін азайтуға бағытталған. Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметі бойынша екпенің бірінші кезеңінде 6461 қыз бала егілсе, екінші кезеңде 3043 қыз бала екпе алған.
Мамандардың айтуынша, елімізде жатыр мойны обыры сүт безі қатерлі ісігінен кейінгі орында тұр. Әсіресе 25-44, яғни фертильді жастағы әйелдер арасындағы өлім-жітімнің басты себептерінің бірі — осы ауру. Мәселен, жылына екі мыңнан астам әйелге осы диагноз қойылса, оның 300-ге жуығы көз жұмады екен. Дегенмен ақ халаттылар қатерлі ісіктің алдын алуға болатынын, тіпті айығып кету мүмкін екенін айтады.Жыл сайын елімізде осы аурудың 1900-ге жуық жаңа жағдайы тіркеледі. Ғылыми зерттеулер бойынша адам папиллома вирусын жұқтырғанқыз-келіншектер жатыр мойны обырына шалдығады. Сондықтан мамандар екпенің маңызы зор екенін айтады. Департаменттің мәліметінше бұл вирусқа қарсы вакцина өзінің тиімділігі мен қауіпсіздігін халықаралық деңгейде дәлелдеген. Бүгінде АПВ-ға қарсы вакцина әлемнің 135 елінде қолданылады. Оның ішінде АҚШ, Ұлыбритания, Канада, Австралия, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан елдері бар. Әйелдердің арасында адам папиллома вирусының таралуы бірқатар елдерде вакциналаудың арқасында 90 пайызға төмендеген.
Аталған вирустан сақтану жолы — күмәнді адамдармен жыныстық қатынасқа түспеу, иммунитетті көтеру, жыныс мүшені таза ұстап, қабынуға жол бермеу. Егер адамның иммунитеті күшті болса, вирусты әлсіретіп, жойып жіберуі мүмкін. Ал иммунитет күрт төмендесе, вирустың әсері жоғарылап, асқынуларға алып келуі ықтимал. Сондай-ақ әйелдер жылына екі рет дәрігерге көрініп, тиісті зертханалық тексеруден өткені жөн.
Кәмшат ҚОПАЕВА.



