«Саламатты Қазақстан» пойызы — Әйтеке би ауданында

«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы Әйтеке би ауданын аралады. Екі күн қатарынан тұрғындар білікті дәрігерлерден тегін кеңес алып, тексерістен өтті.
Пойыз құрамында 29 дәрігер бар. Олар — терапевт, хирург, педиатр, кардиолог, невропатолог, ЛОР, офтальмолог, стоматолог, гинеколог, уролог, психолог және функционалды диагностика мамандары.Дәрігерлердің көмегіне жүгінген азаматтарға УДЗ, ЭКГ, флюорография, гастроскопия, зертханалық талдаулар жасалады. Қажет болған жағдайда шағын хирургиялық операциялар да жасалады. «Саламатты Қазақстан» жобасының мақсаты — шалғайдағы ауыл тұрғындарына сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек көрсету. Ауылдан қалаға шықпай-ақ адамдар тексеріліп, қажетті ем-дом ала алады.
Сонымен қатар пойызда ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның заңгерлері мен медиаторлары да халыққа кеңес беріп жатыр. Олар әлеуметтік төлемдер, еңбек даулары, жер мәселелері мен басқа да құқықтық сұрақтар бойынша тегін көмектерін көрсетуде.
Кәмшат ҚОПАЕВА.



