Мерекелік тілек және отшашу

Ақтөбе қаласындағы «Қазақ халқына мың алғыс» стеласы алаңында «Қазхром» компаниясының 30 жылдық мерейтойы және Металлургтер күніне арналған салтанатты кеш өтті.
Шара Жұмысшы мамандықтары жылы аясында ұйымдастырылып, еңбек адамдарының қоғамдағы маңызын арттыру, олардың қажырлы еңбектерін елеу және отандық металлургия саласының дамуына сүбелі үлес қосқан мамандарды ұлықтауға бағытталды.

Кеш шымылдығы жарқын шоу мен кавер-бэндтің өнер көрсетуімен ашылды.
Шарада облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов құттықтау сөз сөйлеп, өңір металлургтерінің жетістіктеріне тоқталды.
Айта кетейік, жуырда Ақтөбе ферроқорытпа зауытының №43 пешінен бір циклде 177 тоннадан астам феррохром өндіріліп, бұл жетістік World Bookof Records ұйымының ресми сертификатымен расталды.
Салтанатты кеште «Қазхром» компаниясының бас директоры Сергей Прокопьев, Ақтөбе ферроқорытпа зауытының директоры Ержан Абдулабеков және компания кәсіподағының төрағасы Мырзагүл Құлдыбаева үздік еңбеккерлерді медальдармен және Алғыс хаттармен марапаттады.
Сондай-ақ жыл сайын дәстүрге айналған жеті номинация бойынша үздік қызметкерлер анықталып, арнайы марапаттарға ие болды. Олардың қатарында «Үздік жас маман», «Өндірістегі үздік әйел», «Үздік бригадир», «Жыл жаңалығы», «Үздік тәлімгер» сияқты аталым иелері бар.
Мерекелік кеш зауыт жұмысшылары мен өнерпаздардың қатысуымен өткен музыкалы қмюзиклмен, лазерлік шоумен және «Кел, шырқайық!» телешоуының жеңімпазы – «Хром» командасының өнер көрсетуімен есте қалды.
Мерекелік кеште отандық танымал әншілер—«Музарт»тобы, Қайрат Баекенов, «Формат»тобы, Мақпал Исабекова, Әлем, Райм, т.б.өнер көрсетіп, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.
Шара мерекелік отшашумен аяқталды.
Өз тілшіміз.



