Ауыл

Әлімбетте өткен ұлы той

Қарғалы ауданында Әлімбет ауылының бір ғасырлық торқалы тойы ерекше аталып өтілді.

Бұл өңірдің іргетасы 1892-1894 жылдары қаланып, алғашқыда Әлімбет ауылдық болысы ретінде құрылған. Ауылдың ардагерлері мен еңбек адамдары — елдің шынайы жанашырлары. Ал бүгінгі ұрпақ олардың ерлігін ұлықтап, бейбіт күннің шапағатын сезініп келеді.

Мерейлі мерекеге орай ауылдың көнекөз шежіресіндей Машина-трактор жөндеу мекемесінің алаңында үш бірдей ақбоз киіз үй тігілді. Сондай-ақ ауылдық клубта салтанатты жиын ұйымдастырылып, аудан әкімі Нұрлыбек Өнербаев пен ауыл әкімі Мейрамбек Мысаев жиналған жұртшылықты құттықтады. Ауылдың бүгінгі тыныс-тіршілігін баяндап, болашағына сенім білдірді.

Салтанатты жиында өткенге тағзым, бүгінге тағылым ретінде «Өсе бер, өркендей бер, туған елім — Әлімбет!» атты тарихи-танымдық дөңгелек үстел өтті. Басқосуда ауыл шежіресі, кешегі еңбек майданы, ардагерлердің өнегелі жолы кеңінен әңгіме арқауына айналды. Ауыл тарихында өзіндік із қалдырған ардагерлер арнайы марапатталып, құрметке бөленді.

Одан соң ғасырлық той спорттық сайыстармен жалғасып, ұлттық рухтың көрінісі ретінде қазақша күрес ұйымдастырылды. Палуандарымыз бозкілемде белдесіп, өздерінің қайсарлықтарын көрсетті. Нәтижесінде 80 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде 1-орынды Дулат Жандосов иеленді. 2-орынды Лұқпан Жолдасов алса, 3-орынға Алтынбек Нитулаев қол жеткізді. Ал 80 келіден жоғары салмақ дәрежесінде Дәулет Орынбаев жеңіс тұғырынан көрінді. Сырым Қанмамай 2-орынды еншілесе, Бексұлтан Жолдасовқа 3-орын бұйырды. Жүлдегер палуандар ақшалай сыйлықтармен және арнайы дипломдармен марапатталды.

Ауыл кәсіпкерлері мен жастар да тыс қалмады. Ауыл шеберлерінің қолөнер көрмесі, түрлі тағамдар мен ауылшаруашылық өнімдері жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Құрметті қонақтар киіз үйлерде жайылған дастарқаннан дәм татты. Өнерпаздар ән мен күйден, мың бұралған биден шашу шашты. Сондай-ақ дүбірлі тойда облысқа танымал өнер майталмандары ән салып, шара көркін қыздыра түсті.

Мерекелік кеш соңында Әлімбет ауылының аспаны түрлі түсті отшашуға бөленіп, үлкен-кішіге ерекше әсер сыйлады.

Бақыт ИМАШЕВ,

Қарғалы ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button