Жастар

Қала жастары ауыл өмірімен танысады

Брифинг

Облыс халқының 28,2 пайызы, яғни үштен біріне жуығы — жастар. Олардың басым бөлігі қалаларда тұрады. 

Ал 103 мыңға жуық жас ауылдарда тұрып жатыр.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Әлімбек Тұрәлиевтің қатысуымен баспасөз жиыны өтті. Жиында жастарға білім және патриоттық тәрбие беру, жұмыспен қамту, жастар арасында салауатты өмір салтын, ұлттық және отбасы құндылықтарын насихаттау мәселелері, осы бағытта жасалып жатқан жұмыстар жөнінде айтылды.

Бүгінде жастармен жан-жақты жұмыстар ресурстық орталықтар арқылы ұйымдастырылады. Қазір облыста осындай 14 орталық бар.

Ең басты мәселенің бірі — жастарды жұмыспен қамту. Биылғы жылдың алғашқы 6 айында 6 210 жас жұмыспен қамту шараларына тартылыпты. Оның ішінде 112 адам қысқа мерзімді кәсіптік оқуға, ал 1,3 мың адам «Бастау бизнес» жобасы бойынша оқуға жіберілген. Бос жұмыс орындарына орналасқан жастардың саны — 2, 2 мыңнан астам. Еңбекпен қамту шаралары, сондай-ақ  жастар тәжірибесі,әлеуметтік жұмыс орындары, уақытша қоғамдық жұмыс, «Алғашқы жұмыс орны» жобасы, т.б. мемлекеттік бағдарламалар бойынша жүзеге асырылды.Қазір жұмыспен немесе арнаулы және жоғары біліммен қамтылмаған жастардың саны — 4,8 мың.

Ақтөбелік жастар «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын белсенді қолдап келеді. Жарты жыл ішінде бұл игі бастамаға 20 мың жас қатысқан.«Жасыл ел» жобасы аясында еңбек етіп жүрген жастардың саны —2256 адам.

Білімді жастар — еліміздің болашағы. Облыста 4 жоғары оқу орны бар. Өткен оқу жылында бұл оқу орындарында 24, 4 мыңға жуық студент білім алды. Оның ішінде мемлекеттік грантпен оқып жатқандар саны — 7757 адам.

Жастарға патриоттық тәрбие беру, ұлттық және отбасы құндылықтарын насихаттау шараларына да көп көңіл бөлінеді. Басқарма басшысының айтуынша, қазір қоғамда ажырасу саны көбейгендіктен, жас отбасыларды қолдау шараларына баса көңіл бөлініп отыр. Жыл басынан бері осы бағытта 100-ге жуық іс-шара ұйымдастырылып, оған 3 мыңнан астам жас қатысқан.

Сондай-ақ жастарды қоғам өміріне кеңінен тарту мақсатында «Ауыл life» жобасы қолға алынады. Бұл жоба аясында қала жастарын ауылдың дәстүрлі тұрмысымен таныстыру көзделген. Яғни қала жастары қой қырқу, сиыр сауу, ұлттық ойындар арқылы ұлттық салт-дәстүрлермен танысады. Жоба барысында тарихи нысандарға экскурсиялар да ұйымдастырылмақ.

Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button