Аңсардың жүлдесі

Ақтөбедегі дарынды жасөспірімдерге арналған мамандандырылған «Білім-инновация» лицей-интернатының оқушысы Аңсар Жақсылықов Халықаралық химия олимпиадасынан күміс медаль жеңіп алды.
Білім додасы биыл 5-14 шілде аралығында Біріккен Араб Әмірліктерінде өтті. Әлемнің 93 елінен келген 360-тан астам дарынды жас химик қатысқан бұл беделді халықаралық сайыста Аңсар жоғары білім деңгейі мен терең ғылыми дайындығын дәлелдеді.
Бұл — еліміздің білім беру саласындағы маңызды жетістік әрі жас буынның әлеуетін көрсететін жарқын мысал.
Аңсардың олимпиадалық жолы 7-сыныптан басталды. Сол кезден бастап ол түрлі деңгейдегі оқу-жаттығу жиындарына қатысып, өзін үздік оқушы ретінде көрсете білді. Жыл сайын жетілдіріп отырған білімі мен ғылыми ізденісінің арқасында ол республикалық және халықаралық деңгейде бірқатар жүлделерге ие болды.
Атап айтсақ, Аңсар Жақсылықов бұған дейін де елімізде 7-10 сыныптар аралығында өткізілген білім олимпиадасында 4 мәрте және жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадада 3 мәрте алтын медаль иеленген еді. Сондай-ақ Қ.Сәтбаев атындағы республикалық, С.Бәйішев атындағы облыстық олимпиадаларда алтын медальды еншіледі. «Туймаада» халықаралық олимпиадасында екі мәрте қола және бүкіл Сібірлік ашық олимпиадада алтын медальдарға қол жеткізді. Халықаралық Менделеев олимпиадасында күміс медаль иегері атанды.
Жерлесімізді кезекті жеңісімен құттықтаймыз!
А.БОЛАТБЕК.



