Мәдениет

Туған жердің шуағы

Облыстық Өнер музейінде суретші Манас Қожағұловтың «Қылқалам ұшындағы әлем» атты жеке көрмесі ашылды. Ақтөбеліктерге бұл туған жер шуағын сіңірген туындылардан тұратын көрме іспетті әсер етеді.

Мұндағы 60-қа жуық еңбектің басым бөлігі біздің өңірдің табиғаты, көне ескерткіштері, дала мен қаланың таныс көріністерінен тұрады.

Манас Қожағұлов Қарақалпақстанда туып, атажұртқа осыдан 20 жыл бұрын көшіп келген екен. 1984 жылы ол Нөкістегі Ж.Шамұратов атындағы мемлекеттік өнер училищесінің бейнелеу өнері бөлімін бітірген. Алайда басқа салада еңбек етуіне байланысты біршама уақыт шығармашылықтан қол үзіп қалған кездері де болған.

2010 жылдардың ортасына қарай өз әлеміне қайта бет бұрыпты. Ақтөбелік суретшілермен, облыстық Өнер музейімен байланыс орнатып, түрлі көрмелер, плэнер, басқа да іс-шараларға белсене қатыса бастады. 2016 жылы алғашқы жеке көрмесі ұйымдастырылды, одан соң Қазақстан Суретшілер одағына қабылданды.Суретші тек Ақтөбе емес, Астана, Атырау, Шығыс Қазақстан, Қызылорда  өңірлерінде, сондай-ақ көршілес Ресейдің туысқан Татарстан, Чуваш республикаларында өткен көрме, симпозиумдарға қатысып, өнерсүйер қауымның ықыласына бөленіп келеді.

«Қылқалам ұшындағы әлем» көрмесіне қойылған туындылардың басым бөлігі, жоғарыда айтқанымыздай, Ақтөбе өңірінің табиғатына арналған: өзен-көл, сай-сала, ағаш-тал, дала гүлдері, сырын ішіне бүккен төбелер, қала көріністері… Олардың жылдың төрт мезгіліне сай құлпырған, құбылған, қуарған сәттері — бәрі де осында тұр. Суретші өзен жағасындағы не орман ішіндегі үйреншікті көріністің өзінен бір ерекше тылсым сыр, қайталанбас бояу іздейді. Бұл іздегені біресе қалың ну ішінде жапырақтар арасынан жалғыз аяқ жолға шашырай қалған «Күн сәулесі» болып, енді бірде қабағы түюлі «Бұлтты күн» болып жолығады. «Күзгі Қарғалы», «Қарғалы су қоймасы», «Бекқұл баба», «Есет батыр ауылының маңы», «Бестөбе», «Ескерткіш», т.б. туындылар арқылы Ақтөбе қаласын, оның маңын армансыз аралап, шуағы мол көп көрініске, көп сәтке куә боп қайтқандай боласыз.

Көрмеге қойылған суреттердің бір шоғыры Ақтөбе жеріндегі ең көрнекті ескерткіштерге арналған. Мұнда «Абат Байтақ, Қыз әулие», «Қобыланды батыр кесенесі», «Есет Көкіұлы кесенесі», «Досжан хазірет мешіті», «Ойсылқара» сынды туындылар топтастырылған. Неге екені белгісіз, «Ойсылқара»тұман арасында тұрғандай болады. Әлде бұл киелі мекен бізге өз құпиясының әлі де ашыла қоймағанын меңзей ме? Ал Есет батыр кесенесі артқы жағынан жазылыпты. Алдыңғы көріністегі құлпытас, қорымның көнелігін әйгілеп, шашылып қалған тастар, ортадағы кесене мен оның арғы жағындағы мұнартқан қырлар, төніп тұрған сұрғылттау аспан — бәрі де мұңлы ойлардан гөрі, мәңгілікпен астасқан бір Үмітке жетелейтін секілді.

Суретші әр туындысында бұлтқа, аспанға ерекше мән беретіндей көрінді. «Көкжайлау» атты туындыдан жайлаудыңадам жанын тек шет-шексіз, жусанды даламен ғана емес, сан құбылатын аспанмен де арбайтынын ұғынасыз. Ал жайлауды ғасырлар, тіпті мыңдаған жылдар бойы иемденіп келе жатқан жылқылар да әрдайым алаңсыз емес. Олар да бір сәт ойға шомады…

Суретші өз шығармашылығы жолында көптеген өңірді аралағанын айттық. «Қызыл трамвай» картинасы сондай сапардың біріндегі айрықша әсердің жемісі болса керек.

Табиғаттағы тыныштық, өмір қарбаласы, тарих тағылымы — сан қилы көріністер туған ел деген бір ғана тақырыпқа тоғыстырылғандай әсер қалдыратын бұл көрме суретші Манас Қожағұловтың 60 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылыпты.

Көрме 7 тамызға дейін жалғасады.

Айна САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button