Жарқынай ЖҰБАТОВА

Жарқынай Жұбатова 1972 жылы Ырғыз ауданының Құрылыс ауылында дүниеге келген. 1989 жылы Темірастау орта мектебін бітірді. Шымкент педагогикалық институтында оқыды. Бастауыш сынып мұғалімі. Қазіргі күні Ақтөбе қаласындағы №40 орта мектепте еңбек етеді. Ыбырай Алтынсарин төсбелгісінің иегері. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
Өскен өлкем күй үзілген төсінен,
Сені жырға қоссам үзбей көсілем.
Жәннат мекен — жүректегі сағыныш,
Маңдайыма жел тигізбей өсірген.
Шарықтасын маңды ұйытқан әуенің,
Биік еңсең, сұлу өлкем, мәуелім.
Мен өзіңде аунап-қунап өссем де,
Жұмбақ әлі сырға толы әлемің.
Ғасырлардың жұтып өксік, зарларын,
Қарт әкемдей қабақ түйе барладың.
Сүйіп қана қоймай, ғажап туған жер,
Мен өзіңе ғұмырымды арнадым!
Жастығымның жанарынан өпкен сен,
Перзент үшін мейірімін төккен сен.
Жалынға орап жыр жолдасам жеріме,
Қолдап тұршытебіреніп, көк пен жер.
Ақ үмітті ұшырам да көгіме,
Қуаныштан жылап тұрам егіле.
Туған жерім, жырға қоссам өзіңді,
Әнгеайналам неге екенін, төгіле…
***
Беліме мейіріңді таңып бекем.
Сенде туып, сенде өстім, бақытты екем.
Жүрегімді тербейді тыныштықта,
Малынған ай нұрына бақыт мекен.
Самалы әлдиімен өбектейді,
Жаныма мұң тұманын көбейтпейді.
Жадыратып жіберер ақ жауыны,
Нөсерлетіп жатса да, төпеп мейлі.
Жаз хабары жеткендей тырна үнімен,
Мол сауыққа сайланып қыр бүлінген.
Абыр- сабыр тіршілік басталғандай,
Үзілмеді даламнан жыр түнімен.
Таң құшып алау күнді әлдилесін,
Кең даланың ажары жиды есін.
Балалық бал дәуренім еске оралып,
Сағынам көктем келсе ылғи кешін?
Дала тұр — жас босанған ару-ана,
Көркінен ләззат алып жан уана.
Кең далам жарқырай бер, жанның емі,
Бұдан артық жаныма дәру бар ма?
***
Сен керексің, жаным,
Күндерімде бақыт тұрақтауы үшін,
Жүрегімді бөгде жан жылатпауы үшін.
Саған деген сенімнің арман жалауын,
Тосын күш келіп құлатпауы үшін.
Сен керексің, жаным,
Арманым қалықтауы үшін,
Жалғаннан жаным жалықпауы үшін,
Өмірдің тосын жұмбақ сырлары,
Төзімімді сарықпауы үшін.
Сен керексің, жаным…
Күлімдеп ылғи жыр арнауым үшін,
Сүрініп, ешбір құламауым үшін.
Жанымда менің жүрші, жүрегім,
Сүйгенің енді жыламауы үшін…
***
Өкініш бар өзегімде бір күрең,
Жүрегіме, өтіп жатқан әр күн ем.
Қарап тұрып бүршік жарған талдарға,
Әсерленіп, бір жылаймын, бір күлем.
Жанарымды көлеңкелі бүркеп мұң,
Тосын келер сыйды ешкімнен күтпеппін.
Ұсынады орамалын кестелі,
Көзіңдегі жастарыңды сүрт деп кім?
Түсіргенмен параққа ішкі сырымды,
Тар көкірек ауа жетпей сығылды.
Өкініштің іштім кермек сусынын,
Ана, саған оқи алмай жырымды.
Өкініш мол жүрегімді сыздатқан,
Көкірегім, қылыш тілген, сыз батқан.
Бір ойымды түртіп түпсіз бір ойым,
Сағыныш бар уайымын қоздатқан.
Жазсам-дағы талай жырды алаң бар,
Мыңға бөліп арманымды тарамдар.
Жаза берем жырларымды дамылсыз,
Ойым да жоқ жалғыз жырмен тәмәмдар.
Анашыма оқи алмай жырымды,
Жалған, саған аштым ішкі сырымды.
Әз жанымды салдың талай дауылға,
Тосатын да күнің келер ығыңды.
***
Жоқ, сынама!
Қайтесің?! Жаралымын…
Мұң жолағы айтпай ма, жанарымның?
Ұқтырмай ма, бір сырды суыртпақтап?
Мазасы жоқ кейпі бұл жамалымның…
Көңіліме енгенде аңғал сезім,
Қуанышын жанымның аңдай сездім.
Алғаусыз, ақ үмітті сыйлап тұрып,
Жүректің шешімінен қалай бездің?
Жанның дертін емдейтін бар ма бұлақ,
Тағдыр кешкем онсыз да, тұрып-құлап.
Жалаң соққы жанымды ойсыратты,
Жүрегімді өксітті толып сұрақ.
Аз да емес сәттерім, көп түңілген,
Жалын едім жасыным көктей тілген.
Жанарымда кіреуке мұң сілемі,
Қариядай бүгілдім көпті көрген.
Сілкіндім де жігерім жарық құрап,
Тәңіріме сыйындым, нәсіп сұрап.
Тұңғиыққа барады екенмін-ау,
Өлексе үміт жетелей, батып тым-ақ.
Өмір тоқтап тұрмайды, үміт үркек,
Қайғы бұлтын жіберді күлкім бүркеп.
Мықты едім ғой, япырау, мұным қайсы?!
Мықты жан тек бақытпен өмір сүрмек…
***
Достарым, кірлемесін көңіл-жейде,
Адамдар көп, өң бермес қоңыр кеуде,
Санаңа салар ізін, күрсіндіріп,
Тазарып кетпес сосын тоңы мүлде.
Бәрі де құбылады,
Ардан бөтен,
Жырымды ар жолына арнап өтем.
Әлдилесе санамды әр күні үміт,
Бақыт кіріп келердей таңнан күтем.
Жүрегіме қонақтап гүл, бәйшешек,
Шабытымды жіберді көсеп-көсеп.
Үлестіріп берейін бақыт-жырдың,
Шумағынан таратып кесек-кесек.
Достарым көп кеудесі асыл мұра,
Сезімдері толысқан тасқын-сырға,
Достарымның көңілі биік белес,
Жүрегімді жіберер ашып жырға…
***
Жапырағын желбірете жайып мұң,
Дүрмегіне ілестірді ғайыптың.
Өмір-толқын, таңғалдыра алмайсың,
Жағасында өскен қызын Жайықтың.
Көкіректе рухым бар тұлғалық,
Именеді жанарымнан түн де алып.
Мені жалғыз деп ойласаң, қате бұл!
Иығымда жер қайысар тұр халық.
Тарихым бар тасқа басқан ғазалын,
Төгіп өтер ғасыр мұңын, азабын.
Өркен жырым, өр бейнелі өрілген,
Халқым барда, таусылмайды жазарым.
Сырласу
Деуші ме еді?
Бақыт егіз….
рас-ау….
Көкірегімде тыншымай тұр күй асау.
Қандай бақыт!
Дәмін сезу жүрекпен,
Бақыт екен,
мейірленіп, бір жасау.
Өмір мені өкпелетті, өрлетті,
Мұңы да бар тағдыр берді, көрнекті.
Бүгін, міне, қуанышқа бөлеген,
Егіз бақыт шаңырағыма төрлетті.
Бақыттымын!
Бақыт мені тауыпты,
Арайына шомылайын сауықтың.
Намысыммен құрсауланған найзалы,
Шешем бүгін иығымнан
сауытты.
Табам нәзік болмысымды, сөкпегін,
Қалап тұрмын нөсер құя төккенін.
Шайылса екен мұңлы естелік жауынға,
Ұмытылса кей көңілсіз өткенім…
Күтіп ем көгершін жыр көкіректен
Жанарым мұң көлеңке жамылғанда,
Сарсаң боп сабыр ұзап сабылғанда.
Күтіп ем көгершін жыр көкіректен,
Танакөз тағдырыма таңылғанда.
Жәудіреп мөлдір сезім, үрей танып
жүргенде
үміт үрлей жеттің талып.
Бұлақ сыр сыңғыр қағып ұзағанда,
Жетімсіреп жыладым шетте қалып.
Қу көкірек жұтып ап, сараң сырды,
Үнсіздікке ұласты үн, қасаңсыды.
Дегбірсіз ой билеген бұла дене,
Бой созады төбедей алар шыңды.
Шерменде күй шектіріп мұң қиялым,
Мұңаюды мезгілсіз, көр тыямын!
Беу, ғалам-ай, кәр жиған қабағымда,
Сезім қылы сезбеппін шырқырарын…
Сыр
Нөсер төксе жейде тоқып тамшыдан,
Жігерімді жосылта жыр қамшылар.
Шабыт күйім ұшынса екен дәл бүгін,
Тұлпардайын бәйге бермес шаншыла.
Жыр жазайын тағы жүрек үнімен,
Табиғаттың әр қылына үңіле.
Жүрегіме бере алмады бір сезім,
Жырлар ем ғой мен де жаннан түңіле.
Сезімімді селт еткізер сыр іздеп,
Кезіп келем, кезіп келем шым тізбек.
Шырмауынан шыға алмадым шыңырау,
Ашылмаса, қайдам, көңіл… сұр күз кеп…
Көктем де кеп, жаз жамылып желегін,
Қыс та өткен, қаһары мол ерегім.
Бірақ менде сезім неге тас қамал,
Күзден күтем, берер деп бір дерегін.
Неге менде сезім жылап, мұң күлді,
Мұңымменен солдырыппын мың гүлді.
Түннен шыққан таң шолпандай жарқырап,
Көкірегіме тағайыншы шоқ күнді…
Нәзік жаным жырласыншы шын сүйіп,
Жырласын бір дала толқып, бұлт ұйып.
Нөсер жаңбыр себелей өт төбемнен,
Шабытыма таусылмастай нұр құйып…
Досқа лебіз
Достық деген іштей ұғар бақ-сезім,
Досқа арналсын жүрегіңнен ақ сөзің.
Алуан мінез кездеседі достарда
Жүрегіңе жи сабыр мен нар төзім.
Болмасқа жан ауыртып, жас төкпегін,
Көріп жүрсің тас тағдырдың өкпегін.
Дос көңілі бірде жақын, бірде алыс,
Бұл сәттің де біле жүр, дос, өтпегін.
Арналар бар жиегінен тасығыш,
Ауыр шешім жасап қойма асығыс.
Бір кездері бекерге дос қылмадың,
Бәлкім талай жасаған ол, әділ іс…
Бұл ғаламда доссыз көңіл қуарған,
Досқа арнаған ренішті қу ардан.
Мүмкін қате пікір болар сезгенің,
Қателікті қай қылық бар жуа алған?
Бір кездері бекер дос деп тұтпадың,
Қалса көңіл деп ойлама ұтқаным.
Кешірімді болу ол да ұлылық,
Уәдені жарамайды жұтқаның.
***
Жанарынан нұр төксе егер аппақ күн,
Тамашаға жыр арнамай жатпақ кім?
Тамыз бірақ әбіржітіп жіберді,
Көңілімнің мұң қалтасын шайқап мың.
Қалтыраған самал желпи, жауратып,
Көкжиекте тұнжырайды тау қалқып.
Жасыл терек жазды қимай желбіреп,
Жабырқап тұр жапырағын саулатып.
Құстан хабар ала алмаған көл беті,
Мұңды әуенмен тұншыға күй тербеді.
Сағынышты сылдыр үнмен шумақтап,
Жалғыздықты көркемдеді, әрледі.
Сазды әуеннің елтігендей үніне,
Мейір төге еңкейді бұлт үңіле.
Табиғаттың бауырмал бұл бейнесін,
Көріп жаннан кеткендей жат түңіле.
Жадау жаным мұңайғандай тағы да,
Бір бақытты күткендей ме, сағына.
Жарқырап күн шыға берді нұр төгіп,
Осы сәтте, менің бұла бағыма….



