Ақтөбелік айтыскерлер — күміс домбыра иегерлері

Ақтау қаласында «Маңғыстау—түркі мәдениетінің төрі» атты республикалық командалық айтыстың ақтық сайысы өтті. Ақтөбелік айтыскерлер жүлделі орын алып, күміс домбыра иегерлері атанды.
Бұл доданы Amanat партиясының қолдауымен Маңғыстау облысының әкімдігі ұйымдастырған еді. Ақтық сында Қарағанды және Түркістан облыстарының командалары айтысып, тең түсті. Сонымен қатар еліміздің әр өңіріндегі танымал айтыскерлерден құралған «Қазақстан» және жергілікті «Маңғыстау» командалары жолдастық кездесу өткізді. Кеште жыр-терме де орындалып, күй тартылды.
Республикалық командалық айтыстың ақтық додасын Мәжіліс депутаты, белгілі ақын Аманжол Әлтай жүргізіп отырды. Қазылар алқасының құрамында Сенат депутаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұртөре Жүсіп, белгілі жырау Алмасбек Алматов, күйші Айгүл Үлкенбаева, айтыскер ақын Мэлс Қосымбаев, т.б. белгілі өнер адамдары болды.
Сонымен, бір жарым жылға созылған республикалық командалық айтыстың қорытындысында Қарағанды және Түркістан облыстарының командалары І орынды бөлісті. Ал Марат Ахметов бастаған біздің облыстың айтыскерлері, Астана қаласының командасымен бірге, ІІ орынға лайық деп танылды. Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облыстарының командалары ІІІ орынға ие болды.
Айна САРЫБАЙ.



