Абайды оқы, ерінбе!

Биыл ұлы ақын Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толып отыр. Осы мерейтой аясында алғаш рет халықаралық деңгейде «Абай оқулары» байқауы ұйымдастырылды. Семей қаласында өткен айтулы додаға мен де қатысып, жүлделі орынды еншіледім.
Халықаралық деңгейде ұйымдастырылған байқауға шетелдегі қандастарымыз да қатысты. Бұл Абай мұрасының әлемдік деңгейге көтеріліп жатқанын, ұлт рухының шекарадан тыс та жаңғырып жатқанын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Осындай байқауға қатысу мен үшін үлкен жауапкершілік болды. Алдымен аудандық кезеңнен І орын алып, кейін облыстық кезеңге өттім. Бұл кезеңде де жеңіске жетіп, Семейге жолдама алдым. Бұл сапар менің рухани өсуіме жол ашты.
Байқау 5 бағыттан тұрды. Мен «Абайдың ақын шәкірттері» бағыты бойынша өнер көрсеттім. Бұл бағытта Абайдың шәкірттері — Шәкәрім, Мағауия, Ақылбай шығармаларын жатқа айтып, талдау қажет болды. Мұнда өлеңді терең түсіну, сезініп, оқу — байқаудың басты талабы. Мен 50-ден астам өлең жаттадым. Әр сөздің мәніне үңіліп, жүрекпен жеткізуге тырыстым. Осы байқау арқылы Абай әлемін таныдым.
Байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен 24 өнерпаз қатысты. Кейбірі 100-ден астам өлең жаттаған екен. Бірақ мұнда жаттау емес, шынайы жеткізу маңызды болды. Мен 50-ден астам өлең оқып, III орынға ие болдым.
Байқаудан соң Абай музейін араладық. Жидебайдағы тыныштық, кең дала, Абай тұрған үй — бәрі мені терең ойға жетеледі.
Менің осындай жетістікке жетуіме әкем Дархан Орынбасаровтың, анам Гүлдана Елдесованың үлесі зор. Сондай-ақ мені байқауға дайындаған жетекшім Гүзнази Қазмұқановаға, мектеп директоры Бибігүл Жакуповаға да ерекше алғысымды білдіремін.
Айым ҚҰСАЙЫН,
Абай атындағы орта мектептің оқушысы.
Темір ауданы.



