Қорғантұздан қанат қаққан ғалым еді…

Біздің туып-өскен мекенімізді «Жетінші ауыл» деп атайтын. Аудан орталығы Шалқар қаласынан небәрі жеті шақырым жерде. Мектептің 6-сыныбын тәмамдаған шағым. Сирек қатынайтын шағын автобус сол күні жүрмей қалып, екі аралықтағы айдау жолмен ауылға қарай жаяу келе жатыр едім, сегіз орындық «ГАЗ-69» автокөлігі тұра қалды. Жүргізушінің жанында алдыңғы орындықта отырған ажарлы азамат сыпайы қимылмен есікті ашып түсті де, отыруымды меңзеді. Бұрын көріп-білмеген адамым ашық-жарқын әңгімешіл болып шықты. «Қай ауылдансың, оқисың ба, әке-шешең кім?…» осы мағынадағы сұрақтарды қоя бастады. Қымсына жауап берген боламын. Әңгімемен лезде барар жеріме жеткен соң ауыл шетіне мені түсірді де:
—Әкеңе, апайға сәлем айт. Байдосов деген ағаң боламын. Қорғантұзға асығыс жүріп барамын,— деді.
Кешкі шайдың үстінде болған жайды баяндадым. Әкемнің айтқаны:
—Зәкіратдин ағаң ғой. «Үйге түс» демедің бе?…
Облысқа, тіпті республикаға танымал ағалардың бірі Зәкіратдин Байдосовты Шалқар аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы қызметінде жүргенінде осылайша алғаш көріп едім. Кейінгі өмір жолында ағалы-інілі қатынаспен араласып, сыйластық, орнықты іс-қимылынан, адамды баурап алар көзқарасынан, мазмұнды баяндамаларынан, сыпайы әңгімелерінен ғибрат алдық.
Зәкең өзге тұрғыластары тәрізді қуғын-сүргін зобалаңдарын, Ұлы Отан соғысының күдік пен үмітке толы салмағын сезініп, ерте есейді. Шалқар ауданында Қорғантұз ұжымшарының тіктелуіне ауылдық кеңес хатшысы ретінде белсене қатысқан әкесі Байдос Қалиұлы 1942 жылы соғыс майданында қаза табады. Облыстық «Коммунизм жолы» газетінің 1992 жылғы 29 мамырдағы санында Жаңаберген Бодықовтың «Ағамыз Байдостың өліміне арналады» деген өлеңі жарияланды.
Мектепті үздік үлгеріммен, өнегелі тәртібімен тәмамдаған Зәкіратдин аға Алматы қаласында Абай атындағы педагогикалық институттың тарих факультетінде оқып, оны бітірген соң Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданына, Шолаққорған орта мектебіне жолдама алады.
Кейіпкерімізбен әлденеше рет екеуара әңгімелескенде көңілге түйгенім — өмір жолында бірқатар адамдардың қамқорлық жасап, бағыт бергенін тебіреніспен еске алушы еді. 1958 жылы аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі Сейдахмет Әбуовтің қабылдауына кіріп, туып-өскен Ақтөбе өңіріне оралу ниетін білдіреді. Ол: «Сен коммуниссің. Рұқсатты аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Шәріп Қосмамбетовтен сұра», — дейді. Солай етеді де. Хатшы: «Бала, саған рұқсат жоқ, біз сені аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшылығына ұсынып отырмыз. Жағдайың болса, бір айға еліңе барып қайтуыңа болады», — депті. Демалыс алып, Шалқарға келеді. Мұнда жақын ағайы, Ұлы Отан соғысының ардагері, аудандық партия комитетінің аппаратында партия кабинетінің меңгерушісі Мұқанбетжан Қыдыровтан кеңес сұрайды. Ол кісі біршама ойланып отырып:
—Зәкіржан, бірінші хатшының меңзегені — үлкен лауазым. Болашағыңа керек. Кідірмей қайт та келісіміңді бер. Екі-үш жыл істе. Мұнда қадірлі боласың. Қазір келсең, «жай бір мұғалім келді» дейді де қояды, — деп тұжырымдайды. Созақтағы басшылық сөзінде тұрған, бір айдан соң аудан жастарының жаңа жетекшісі аупартком бюросының мүшелігіне сайланады.
Енді Ақтөбе облысында ұзақ жылдар лауазымды қызметтер атқарған ғалым Үкітай Байжомартовтың «Өмірім мен өткелдерім» атты кітабында былай деп жазылыпты. Үкеңнің облыстық комсомол комитетінде бірінші хатшы болған шағы.
«…Міне, осы қалыпта шыңдалып, Шымкент жағында қызмет жасап жүрген бір жігітті туып-өскен өңіріне тарту керек болды. Өз басым ол азаматты көрген емеспін, білмеймін. Ал біздің жігіттер оны жиі сөз етеді. Бірге оқыған, жақсы араласқан, қысқасы, жақсы біледі. Айтуларынша, елге керек іскер азамат.
…Ол жылдары Қазақстан комсомолы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков болатын…»
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, Байжомартов қанға сіңген ершең мінезімен республикалық деңгейдегі бірінші басшысы Ө.Жәнібековке шығады ғой. Орынды уәж нәтижесінде Байдосов атамекен Шалқарға оралып, аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшылығына сайланады.
Біз де біраз аудиторияда болып, әрқилы деңгейдегі азаматтармен сыйласып, араласқанбыз. Қайсыбір замандастардан «Өз күшіммен шықтым, өзім істедім» деген лепірме әңгімелерді естігенде ойыма Зәкең сияқты дүниетанымы кең, ойлау түйсігі терең ағалар оралады. Жарықтық өз тұсында іскерлік қабілетін бағалап, қолдау жасаған тұстастары жөнінде ыстық ықыласпен айтатын.
Біздің кейіпкеріміз Ойыл, Ақтөбе, Қобда, Исатай, Темір аудандарында кеңес-партия органдарында салмақты орынтақтарда отырып, адамдармен жұмыс істеу, жүктелген тапсырманы дер кезінде сапалы орындау шеберлігімен көзге түсіп, сенімді ақтады. Өңірдің экономикалық әлуетін нығайтуға, мәдени ахуалын жақсартуға күш-жігерін, білімін аянбай жұмсады. Жауапкершілігі мол қызметінде сенімге селкеу түсірмей, тарих ғылымдарының кандидаттығына диссертация қорғады.
«Мәңгілік» деп ұрандатып жүргенімізде Кеңес Одағының күйреп, Коммунистік партиямен қоштасқанымызды сезбей қалдық. Осындай екіұдай кезеңде өмір сынақтарында шыңдалған Зәкіратдин Байдосовқа Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының тарих факультетінде қызмет ету ұсынылды. Жаңа ортаның басшысы — көңілі ояу, көкірегі даңғыл ғалым Мұхтар Арын байырғы мемлекеттік қызметшінің құлашты кеңге созып, ізденіспен жұмыс істеуіне ұдайы көңіл бөлді.
Нәтижесінде еліміз егемендігінің алғашқы жылдарында-ақ кеңестік империяның солақай саясаты салдарынан ұмыт бола жаздаған тарихи оқиғалар, әйгілі тұлғалар тарих сахнасына шығарылды. Осынау ұлы қозғалыстың алдыңғы легінде профессор Зәкіратдин Байдосұлының болғанын мойындауға тиістіміз. Ол арнайы ғылыми экспедицияларды бастап еліміздің және көрші Ресейдің ірі қалаларында архив құпияларына үңілді, тың деректерді жария етті. «Ту ұстап, тарлан мінген тархан», «Есет батыр», «Азаматтың сұңқары», «Қазан жүрек Қайдауыл» және басқа кітаптар, баспасөз бетінде жарияланған екі жүзден астам ғылыми-зерттеу мақалас— ғалымның жанкешті еңбегінің жемісі. Екпін беріп айтар жай, «Қуғын-сүргін құрбандары» деп аталатын аса бағалы мұра жазықсыз жалаға ұшыраған ақтөбеліктерді танып-білуімізге мүмкіндік жасады.
Автор қолға алған шаруасын толық бітіргенше тынбайтын қасиетімен жоғарыда аталған еңбектерді жеті томға топтастырып, Астана, Алматы, Ақтөбе қалаларындағы «Фолиант», «Kursiv», «NOBEL» баспаларынан бастырып шығарды. Оның бесінші томы «Ақкісі энциклопедиясы» деп аталады.Жетінші томда еліміздің тарихында өшпестей орны бар Жұбановтар әулеті, Темірбек Жүргенов, Дінмұхамед Қонаев, Әйтек Сәрсеков, Алтынбек Әкімжанов, Хайрулла Иманалин, Пана Оралбаев туралы ақтарыла сыр шертеді.
Ақтөбе қаласына және облысымызға он үш жыл әкім болған мемлекет және қоғам қайраткері Елеусін Сағындықовтың осызамандық үлгімен жаңа мешіт салу жұмыстарына басшылық етуді Зәкіратдин Байдосовқа жүктеуі орынды шешім болды. Кейіпкеріміз үлкен жауапкершілікті мойнына алып, мемлекеттік-жекеменшіктік іс-қимылды шебер ұштастырды, еңселі ғимараттың белгіленген мерзімде сапалы түрде ел игілігіне берілуін қамтамасыз етті. Әбілқайыр хан даңғылында «Нұр Ғасыр» деп аталатын әсем ғимарат үлкен-кішіге қалтқысыз қызмет ететін рухани орталыққа айналды.
Зәкең өмірінің соңғы екі жылында денсаулығы сыр беріп, үйден шыға алмады. Оған дейін Қ.Жұбанов атындағы өңірлік мемлекеттік университетінде ұстаздық қызметін тоқтатқан жоқ, ғылым жолындағы ізденістерін жалғастырып, жиған-терген ойларын қағазға түсіруге күш салды, бірқатар құжаттары мен жазбаларын мемлекеттік архивке тапсырды.
Қ.Жұбанов университетінің басшылығы даңғайыр ғалымның жағдайына барынша көңіл бөліп отырды. Жоғары оқу орнында ЗәкіратдинБайдосұлының 90 жасқа толуына орай ғылыми-теориялық конференция өткізілді, арнайы оқу аудиториясы жасақталды.
Профессор-оқытушылар мен студенттер құрметіне бөленген білімпаз ғалымды ақтық сапарға шығарып салу рәсімінде университет ректоры — басқарма төрағасы Лаура Қарабасова тебіреніспен жұбату сөзін айтып, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің көңіл айту жеделхатын оқып берді, еліміздің әр түкпірінен көрнекті ғалымдардың лебізін жеткізді. Әріптестері — ғылым докторлары Жайшылық Сартабанов, Рақым Бекназаров, Ұзақбай Исмағұлов, ректордың кеңесшісі Сабыржан Мұхтаров және басқалары Байдосұлынан алған үлгі-өнегесі жайында сыр шертті, Шалқар ауданының әкімі Жанболат Жидеханов туып-өскен аймақ тұрғындар сәлемін айтты.
Зәкіратдин Байдосовтың ұзақ жылғы қажырлы еңбегі лайықты бағаланып, Кеңес Одағы дәуірінде «Құрмет белгісі», Еңбек Қызыл Ту, «Октябрь революциясы» ордендерімен, егемен елімізде «Парасат» орденімен, ондаған медальмен марапатталды. Ол — Ақтөбе қаласының, Шалқар, Темір және Қобда аудандарының құрметті азаматы атанды, «Ақтөбе облысына еңбегі сіңген қайраткер» атағын алды.
Зәкіратдин Байдосұлының әкесі соғыс майданында қаза болғанын айттық. Анасы Жанкүмісті көзіміз көрді – марқұм келбетті келген, мақпал мінезді, қандай жағдайда да дауыс көтеріп сөйлемейтін адам еді. Зәкең ақырғы сәтіне дейін анасын аузынан тастамай, сағынышпен еске алу дағдысынан жаңылған жоқ.
Оның туған жерге ықыласы ерекше еді. Балалық, жастық шақтары өткен Қорғантұз, Байқадам, Ордақонған жайлы сөз болғанда екі көзі шырадай жанатын.
Әрине, орта жастағы азаматтың уақыт салған тағдыр сынақтарына мүжілмей, өмірінің бір кезеңінде ғұмырлық серік іздеуін ешкім де кінәлай алмайды. Бұл ретте замандасымыз Айбарша Мұқышқызының батыл шешіміне ризашылық білдірген жарасады. Ол мәдениетті, өзіне де, өзгеге де қатаң талап қоятын жан, зердесі мол ел азаматына жар болу міндетін абыроймен орындады. Ұстаздық қызметін алаңсыз атқаруына күш жұмсады, ғылыми ізденістері барысында қажет жағдайларын жасады, дос-жаранмен, ағайын-туыспен араласуын қамтамасыз етті. Ерлі-зайыптылар қазақтың ұлы перзентінің есімін иеленген жалғыз ұлы Дінмұхамедінің оқуына, азамат болуына барынша еңбек сіңірді, ол да үмітті ақтап, облыстық басқармалардың бірінде жұмыс істеп жүр.
Отбасымызбен қаланыңБолашақ ауданында тұрғанымызда, шаруадан қол босаған сәтте, бір жағынан, екеуміз де Шалқар өңіріненбіз, екінші жағынан, аналарымыздың туыстығы бар — Зәкеңнің үйіне сәлем бере барамыз. Үй болғанда бес қабатты үйдің үш бөлмелі пәтері. Облыстың, қаланың әкімдіктері берген. Ғұмырдың саналы жылдарында басшылық қызметтерде болған, ғалымдығынан кітаптары шығып жатыр, мерзімдік басылымдарда жарияланған дүниелері де баршылық. Зәулім коттедж салдыруға, ішін қымбат жиһаздармен көмкеруге ағамыздың құдіреті жетеді. Сөйтсе де бұл кісі қарапайым тірлігіне қанағат етіп, осы үш бөлмеден ешқайда жылжыған жоқ, ақтық сапарына да осы үйден аттанды.
Табалдырықтан аттағанымыздан-ақ:
—О, бөле келді ғой, Айбарша, шайыңды дайында, — деп үй қожасы жайдары кейіп танытатын.
Жақсы адаммен аз ғана отырғанның өзі ғажап —жан сарайың ашылады, жүрегіңе жылы тиетін жұмсақ әзіл көңіл сергітеді, өткен-кеткен тарихтан біраз мәлімет аласың.
Сөйткен тамаша кісі періште қалпында тоқсанның биігіне көтеріліп, Алланың аманатын тапсырды.
«Таулар алыстаған сайын биіктейді» деген сөз бар. Ел-жұртына алғаусыз қызмет еткен азаматтың жарқын бейнесі жұртшылық жадында жаңғырып тұра берері анық. Ағамыздың дүниеден озғанына жыл толуы қарсаңында рухына бағыштап, осы жазбамды қағазға түсірдім.
Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ,
Қазақстанның құрметті журналисі.



