
Ақтөбедегі «Қазақ халқына мың алғыс» стеласы аумағында Ұлттық домбыра және Астана күніне орай «Қазағымның үнісің сен, домбыра!» атты концерттік бағдарлама өтті.
Шараның шымылдығын Ахмет Жұбанов атындағы Қазақ халық аспаптары оркестрі 200 домбырашының сүйемелдеуімен «Алаш аманаты» күйімен ашты. Оркестрдің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері — «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Мәдина Қабижанова.
Кеш барысында Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсынан «Тойбастар», Мұқан Төлебаевтың «Біржан мен Сара айтысы», «Күй тартыс», «Асау-Барақ» сияқты ұлттық музыкалық туындылары орындалып, көрерменге ерекше әсер сыйлады.
Сахнада Нұрлан Әбдібеков, Динара Шынарбаева, Ғазиза Әбдірова сынды дәстүрлі әншілерменқатар, жас орындаушылар да өнер көрсетті. Сондай-ақ көрермен назарына этно-фьюжн және эстрадалық бағыттағы шығармалар ұсынылды.
Астана күніне арналған бөлімде елімізге белгілі композиторлар Төлеген Мұхамеджанов, Бейбіт Оралұлы, Ілияс Байбосынов пен ақын Ертай Ашықбаевтыңшығармалары орындалды.«Аққу» би тобы мен «Әлия гүлі» шығармашылық ансамблі ұлттық билерімен көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.
Осы күні қаладағы Сазды, Қурайлы, Нокин Мәдениет үйлері мен «Авиатор» саябағында, сондай-ақ Қалалық мәдениет сарайы алаңында түрлі концерттік бағдарламалар мен мерекелік шаралар өтті. Ән мен күйгетолы бұл кештер елорданың мерейлі мерекесін айшықтап, қала тұрғындарына көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
А.АЛТЫБАЕВА.



