
Астана күні қарсаңында облыстық Өнер музейінде «Астана — бас қала» атты көрме ашылды.
Көрмеге 20-дан астам туынды қойылған. Олардың барлығы да музейдің қорынан алыныпты.
— 2018 жылы, Астананың 20 жылдығына орай, біздің музей халықаралық живопись симпозиумын өткізген еді. Оған еліміздің, сондай-ақ көрші мемлекеттердің суретшілері қатысқан болатын. Сол кезден бастап қорымызда сақтаулы тұрған туындыларды бүгін көрмеге қойдық. Мақсатымыз — көпшілік еліміздің бас қаласына суретшілер көзімен тағы бір қараса дейміз, — деді музейдің ғылыми қызметкері Іңкәр Әлібекова.
Көрмеге қойылған еңбектер арасында Мақсот Жахановтың «Астана», Айдар Еспаевтың «Бәйтерек», Асуат Темірғалиевтің «Астана шетіндегі әкемнің үйі», Алексей Васюковтың «Астана аспаны», Айгүл Құрманалинаның «Түнгі Астана», Қайыр Оразғалиевтің «Күннің атуы», т.б. туындылар бар. Бір айта кетерлігі, суретшілердің басым бөлігі Астананы бейнелеуге тек ашық, нәзік бояуларды таңдапты. Бұл бояулар Астананы — ақ үміттердің қаласы, болашағы жарқын мекен ретінде паш етуге деген ұмтылысты сездіріп тұрғандай болады.
Әдетте қазіргі қала тірлігіне қаталдық, қарбалас тән деп ойлаймыз. Ал көрмеге қойылған туындылардағы шуақты көріністер бұл түсінікті жоққа шығарып, қала көшелерін, мұндағы әр ғимаратты жылылық пен мейірім ұясындай ұсынады.
Көрменің ашылуы 4 шілдеде өтті. Бұл күні оны тамашалаушылар өте көп болды.
Сонымен қатар келушілерге қолөнершілер шеберлік сабақтарын да өткізді.
Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.



