Домбыра көрмесі ашылды

Облыстық тарихи-өлкетану музейінде Ұлттық домбыра күніне орай «Даламыздың үнісің сен, домбыра!» атты ерекше көрме ашылды.
Көрменің басты мақсаты — домбыраны қазақ халқының рухани-мәдени мұрасының бірегей белгісі ретінде таныту, атақты өнер және қоғам қайраткерлерінің домбыралары арқылы ұлттық өнердің құндылығын көпшілікке жеткізу, сондай-ақ жас ұрпақтың бойында төл өнерге деген құрмет пен қызығушылықты қалыптастыру.
Шара аясында күмбірлеген күй тартылып, келушілер халқымыздың киелі мұрасы — домбыраның терең тарихымен танысуға мүмкіндік алды. Көрмеге қазақ өнері мен мәдениетінде өшпес із қалдырған тұлғалар — Момын Байғанин, Айса Шәріпов, Бәкір Тәжібаев сынды ұлы қайраткерлерге тиесілі, тарихи және мәдени құндылығы жоғары бірегей домбыралар коллекциясы қойылды. Әрбір домбыра — иесінің өмір жолын, шығармашылық мұрасын паш ететін, өз заманының үнін жеткізетін қастерлі жәдігер. Сондай-ақ аталған көрмеде танымал әнші, жерлесіміз Димаш Құдайбергеннің домбырасы да жұртшылық назарына ұсынылды.
Шараның ашылу рәсімінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, шебер домбырашы Талап Хамзин, белгілі жыршы, дәстүрлі өнер өкілі Әділбек Сарин, сонымен қатар «Ер Едіге» жыр мектебінің шәкірттері өнер көрсетіп, көрерменге рухани әсер сыйлады.
Ұлттық өнердің өрісін кеңейтіп, жас буынға үлгі болған бұл шара көрермен тарапынан зор ықыласқа ие болды.
Айта кетейік, көрме 15 шілдеге дейін жұмыс істейді. Қазақтың қасиетті қара домбырасына, оның ғасырлар бойғы шежіресіне қызығушылық танытқан әрбір жанға музей есігі айқара ашық.
Ақбота ҚАЛДЫБЕК.



