Жастар

Еріктілерге арналған фронт-офис ашылды

Ақтөбеде еріктілерге арналған облыстық фронт-офис ашылды. Ашылу салтанатына мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйым өкілдері және ерікті жастар қатысты.
Жалпы аталған іс-шара облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының «Облыста еріктілікті насихаттау мен дамыту жөніндегі іс-шаралар кешені жұмысын ұйымдастыру» жобасының шеңберінде ұйымдастырылды.
Фронт-офис — өңірдегі еріктілер қозғалысының орталық хабы. Бұл жерде еріктілер бас қосып, түрлі іс-шаралар ұйымдастырады, семинарлар өткізеді.
— Облыста бес мыңнан аса ерікті және жүз алпысқа жуық еріктілер тобы тіркелген. Еріктілер тобының ішінде жұмыс жасап жатқаны және өз ісін тоқтатқаны да бар. Сондықтан барлығының есебін шығарып, жүйелеуді мақсат етіп отырмыз. Аудандардағы ерікті жастарға да ерекше көңіл бөлінеді. Жалпы, қазіргі атқарылып жатқан жұмыс 14 бағыт, 5 блоктан тұрады. Оның ішінде әлеуметтік, қайырымдылық және оқыту бағыттары бар, — деді еріктілер жобасының үйлестірушісі Жоламан Асанұлы.
Ал облыстағы белсенді еріктінің бірі — Еркеболат Тағанов. Он жылдан астам уақыт ерікті болып жүрген жас фронт-офистің ашылуы жастарға үлкен мүмкіндік екенін айтады.
— Еріктілердің қатарына 2013 жылы қосылдым. Ол кезде қоғамдық жұмыс ретінде іс-шараларға атсалыстық. Себебі ол уақытта еріктілерді көп адам білмейді. Бұл туралы түсінік басқаша болды. Көпшілігі «Тимур және оның командасы» деген топ сияқты қабылдады. Ал қазір ерікті болып мұқтаж жандарға көмек қолын созып жүргеніме он жылдан асты. Жұмысымызды тоқтатқан жоқпыз. Ал бүгінгі ашылып отырған орталық — еріктілер үшін үлкен мүмкіндік. Өйткені бұған дейін облыста еріктілердің жиналатын орны жоқ болатын. Ал фронт-офис жастардың жиналып, өзара мәселені талқылауына, кеңес өткізуіне өте қолайлы. Осы мүмкіндікті жастар пайдаланса қуанамыз, — деді Еркеболат Тағанов.
Бір қабатты ғимараттың іші жастардың жұмыс істеуіне ыңғайланып жасалған. Жиһаздардан бөлек, компьютерлер де бар. Облыстық мәслихат депутаттары Айгүл Нұркеева мен Раушан Жәлімбетова ерікті жастармен дөңгелек үстел басында кеңесті. Облыстағы еріктілер қызметінің бағыттары мен болашағы туралы ой бөлісті.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button