«Jas Keñes Siyligi» байқауына қатысыңыз!

Ақтөбеде «Jas Keñes Siyligi» атты жастар сыйлығына қатысуға өтінімдерді қабылдау жалғасып жатыр. Байқау жас мамандарды қолдауға және ынталандыруға бағытталған.
С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің мүшесі, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Динара Наумова жастармен жүздесіп, аталған байқау туралы кеңінен айтып берді.
«Jas Kenes Sıylıgı» — Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің бастамасымен өткен жылы құрылған тәуелсіз жастар сыйлығы. Бұл сыйлық еліміздің экономикасы мен қоғамдық өмірінің негізгі салаларында өзін таныта білген жас мамандарға табысталады.
— Былтыр байқауға өтінім көп түсті. Осы тұста жастардың белсенділігін байқадық. Өткен жылмен салыстырғанда биыл жас ғалымдар, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен дәрігерлер, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, креативті индустрия және атом өнеркәсібі саласының өкілдері сияқты жаңа мамандықтар енгізіліп отыр. Сондай-ақ биыл номинациялар саны 7-ден 10-ға дейін толықты. Атап айтсақ, «Janqıarlyq», «Altyn jürek», «Önerkäsıp», «Bolaşaq turaly qamqorlyq», «Bılım jäne Ğylym», «Qaisar», «Altyn qol», «Zharyq», «Örken», «Örleu» сынды номинациялар бар. Яғни байқауға кез келген салада еңбек ететін азаматтар қатыса алады. Жеңімпаздарды Президент жанындағы жастар кеңесінен құралған арнайы комиссия мүшелері анықтайды, — деді Динара Наумова.
Шара барысында жастар толғандырған сұрақтарына жауап алды. Конкурстық іріктеу 3 кезеңнен тұрады. Оның қорытындысы бойынша әр номинациядан 2 жеңімпаздан, барлығы 20 жеңімпаз анықталады. Байқаудың жүлде қоры — 20 миллион теңге. Әр жеңімпазға 1 миллион теңгеден берілмек.
Байқауға биыл 20 шілдеге дейін https://www.jas-kenes.kz/application сайты арқылы еліміздің 35 жасқа дейінгі азаматтары өтінім бере алады.
Айта кетейік, бүгінде Ақтөбе өңірінде 267 мың жас бар. Бұл — жалпы халықтың үштен бір бөлігі. Сондай-ақ 4 жоғары оқу орны мен 40 кәсіптік-техникалық колледжде 50 мыңнан астам студент білім алуда.
Мамандар ақтөбелік жастарды аталған байқауға белсенді қатысуға шақырды.
Ақбота ҚАЛДЫБЕК.



