АИТВ азайды ма?

«Біздің басты мақсатымыз — пациенттердің сенімі. Адамдағы иммун тапшылығы вирусын (АИТВ инфекциясы) емдеуде табысқа жетудің кілті — осы». Бұл — облыстық ЖИТС орталығы бас дәрігерінің орынбасары Анна Каспированың сөзі. Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен басқосуда аталған мекеменің І жартыжылдықтағы атқарған жұмысы қорытындыланды.
Іс-шара барысында АИТВ-инфекциясының профилактикасы, диагностикасы және емдеудегі жаңашылдықтар туралы кеңінен айтылды.
Анна Каспированың айтуынша, Ақтөбеде ауруды ерте анықтауға баса назар аударылуда.
— Облыста адамдағы иммун тапшылығы вирусы (АИТВинфекциясы) профилактикасының, ерте диагностикалаудың және дербестендірілген емдеудің заман талабына сай әдістері енгізіліп жатыр. Бұл пациенттердің өмірін сақтап қалуға және өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Біздің ЖИТС орталығы мен медициналық ұйымдарының базасында АИТВ-ға ерікті құпия кеңес беру және тестілеу кабинеттері жұмыс істейді. Профилактикалық бағдарламаларда халықтың негізгі топтары мен жастар қамтылуда, — деді бас дәрігердің орынбасары.
Оның айтуынша, бүгінде профилактикалық жұмыстар тек парақшалар таратып, дәріс оқумен шектелмейді. Аталған мекеме үкіметтік емес ұйымдармен және жастар денсаулық орталықтарымен өзара ынтымақтастықта жұмыс істейді.
Жыл басынан бері өңірде АИТВ-инфекциясының 31 жағдайы анықталған. Бұл — өткен жылдың деңгейімен тең көрсеткіш.
— Біздің орталық әр науқасқа тек медициналық емес, сондай-ақ психологиялық және әлеуметтік қолдау көрсетеді. Басты мақсатымыз — пациенттердің сенімі. Өйткені емнің жемісті болуы — сенімде, — дейді Анна Каспирова.
Ауруды емдеуде диагностиканы жетілдіру — маңызды бағыт. ЖИТС орталығының зертханасы халықаралық аккредиттеуден өтті. Сонымен қатар орталық соңғы үлгідегі құралдармен жабдықталған. Соңғы жылдары экспресс-тестілеу кеңейтілген: енді медициналық мекемелерде ғана емес, сонымен қатар жылжымалы науқандар кезінде, сауда орталықтарында, вокзалдарда, оқу орындарында және жастар денсаулық орталықтарында да тестілеуден өтуге болады. Соның арқасында жыл сайын АИТВ-ға тестілеу саны артып келеді. Облыстың әрбір бесінші тұрғыны өзінің АИТВ-статусын біледі.
Айта кету керек, АИТВ-инфекциясын диагностикалауда заман талабына сай зертханалық технологиялар қолданылады. Бұлау руды ерте сатысында анықтауға мүмкіндік береді. Соның арқасында науқасты уақтылы емдеуге болады және инфекцияның берілуіне жол бермеу үшін де өте маңызды.
Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.



