Курсанттар халық ықыласына бөленді

Ақтөбедегі «Керуен» мәдени-сауда орталығында Домбыра күні мен Астана күніне орай мерекелік музыкалық флешмоб өтті.
Әуе қорғанысы күштері әскери институтының курсанттары домбыра және қобыз аспаптарында ұлттық күйлер мен халық әндерін орындап, қала тұрғындары мен қонақтарына мерекелік көңіл күй мен ұлттық рух сыйлады.
Болашақ офицерлер тәртіп пен білімді ғана емес, сонымен қатар ұлттық мәдениетті де жоғары деңгейде дәріптей алатынын көрсетті. Көрермендер курсанттардың шеберлігіне тәнті болды. Бала кезінен домбыра тартуға жаны құмар медицина ротасының І курс курсанты Мөлдір Қойшыаманова орындаған күйлерге көпшілік ұзақ уақыт қошемет көрсетті.
— Домбыра — бұл жай ғана аспап емес, біздің жанымыздың, тарихымыздың бір бөлігі. Бүгін біз халықтың алдында ұлттық мәдениетке деген құрметімізді білдіру үшін және әскери институт қабырғасында да дәстүрдің жалғасып жатқанын паш ету үшін бар өнерімізді салдық, — деді Мөлдір Қойшыаманова.
Мұндай іс-шаралар жастар арасында патриоттық тәрбиені нығайта түсуге де септігін тигізеді.
Г.БАЗЫЛҚЫЗЫ.











