Сыбайлас жемқорлықпен күрес — қоғам талабы

Баянбек ҚЫРЫҚБАЕВ,
Ақтөбе қаласы Астана ауданының әкімі.
Сыбайлас жемқорлық — қоғамның дамуына тұсау болып отырған ең өзекті мәселелердің бірі. Қоғамның әрбір мүшесі әділдік пен ашықтықты қалайтыны сөзсіз. Сондықтан бұл індетпен күресу — бүгінгі күннің басты міндеті.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселені үнемі назарда ұстап келеді. Мемлекет басшысы: «Өкінішке қарай, сыбайлас жемқорлық әлі де біздің қоғамның ауыр дерті болып отыр. Сыбайлас жемқорлық мемлекеттердің көпшілігінде бар. Қазақстан да одан сырт қалған жоқ. Онымен қалай күресіп жатыр немесе қалай әшкерелеп отыр — ол басқа мәселе», — деп атап өтті. Бұл сөздер қазіргі жағдайдың шынайы көрінісін көрсетеді.
Бүгінде елімізде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл бағытта мемлекеттік органдардың ашықтығын арттыру, халықпен байланыс орнату, азаматтардың құқықтық сауаттылығын көтеру секілді маңызды бастамалар жүзеге асуда.
Мысалы, Ақтөбе қаласы Астана ауданы әкімдігі тарапынан бірнеше тәуекел факторлары анықталып, оларды жою мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Аудан әкімдігі ғимаратының кіреберісінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағыт-бағдар беретін арнайы ақпараттық стенд орнатылған. Әр бейсенбі күні аудан әкімі азаматтарды жеке қабылдайды. Өз мәселеңізбен қабылдауға жазылу үшін Сәңкібай батыр даңғылы, 145 Б мекенжайына келіп немесе 44-57-35 телефонына хабарласуға болады.
Сыбайлас жемқорлықтың салдары тек экономикалық емес, әлеуметтік және саяси өмірге де кері әсерін тигізетіні белгілі. Бұл инвестициялардың азаюына, экономикалық теңсіздік, халықтың билікке деген сенімінің жоғалуы сияқты жағымсыз үдерістерге әкеліп соғады. Сондықтан халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру — басты міндеттердің бірі. Әр азамат өз құқығын нақты біліп, заң бұзушылыққа тап болған жағдайда қайда, қалай жүгіну керектігін білуге тиіс. Бұл мақсатта түрлі семинарлар, ақпараттық кездесулер өткізудің, түсіндіру жұмыстарын жүргізудің маңыздылығы зор.
Сыбайлас жемқорлықпен күресте қоғамның белсенділігі шешуші рөл атқарады. Егер сіз сыбайлас жемқорлықтың куәсі болсаңыз, Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің 1424 нөміріне хабарласыңыз. Бұл — әр азаматтың адалдықты қолдауға қосқан үлесі.
Қорытындылай келе, сыбайлас жемқорлықпен күрес — мемлекетіміздің тұрақты дамуының кепілі. Әділетті қоғам өз құқығына бейжай қарамайтын, әділдік жолында үн қосатын әр азаматтың ортақ жауапкершілігі екенін ұмытпайық.