Мереке

Журналистерге құрмет

«Ақтөбе Медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай бірқатар журналистер марапатталды.

Жиында сөз алған «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин БАҚ өкілдерінің бүгінгі қоғамдық-саяси өмірдегі белсенді еңбектерін айта келе, қалам иелерін төл мерекелерімен құттықтады.

— Кәсіби мереке қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев журналистерді қабылдап, марапаттады. «Ұлттық медиа — халықтың үні, ал журналист жасампаздықтың жаршысы» екендігін атап өтті. Журналистер — барлық саланы қатар меңгерген мамандық иелері. Сондықтан журналистерге зор жауапкершілік жүктелетінін айта кеткен жөн.

Былтыр өздеріңіз білетіндей, облыстық «Ақтөбе» газетінің 100 жылдығын атап өттік. Газеттің жұмысы оңай емес. Себебі ондағы құнды деректер — тасқа басылған тарих. Облыстық «Aqtobe» телеарнасы да ұстаханаға айналды. Бұл жерден түлеп ұшқан журналистер қазір республикалық арналарда қызмет атқарып жүр. Биыл телеарнаға 65 жыл толып отыр. Әріптестерімізді құттықтай отырып, шығармашылық табыстар тілейміз, — деді Р.Отыншин.

Бұдан соң ақпарат саласын дамытуға қосқан зор үлесі мен қажырлы қызметі үшін «Ақтөбе» газетінің тілшісі Индира Өтеміс Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның «Құрмет» грамотасымен марапатталды.

Сондай-ақ «Aqtobe» телеарнасының 65 жылдығына орай отандық журналистиканың дамуына елеулі үлес қосқаны және ұзақ жылғы жемісті еңбегі үшін Қазақстан Республикасы Журналистер одағы басқармасының төрағасы Сейтқазы Матаевтың Құрмет грамотасымен бір топ журналист марапатталды. Олардың қатарында «Aqtobe» телеарнасы директорының орынбасары Руслан Дарбаев, тележүргізуші-редактор Венера Серғазина және шеф-редактор Бибігүл Бимановалар бар.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Журналистер одағы мүшелігіне өткен бірқатар журналиске билеттер табысталды. Олардың ішінде  республикалық «Время» қоғамдық-саяси газетінің облыс бойынша меншікті тілшісі Ақмарал Майкөзова, «Астана» телеарнасының тілшісі Бақыт Рахметова, «Ақтөбе Медиа» ЖШС «Ақтөбе» газетінің ютуб каналының меңгерушісі Лаура Базарбай және «Aqtobe» телеарнасының жаңалықтар бөлімінің редакторы Нұрболат Досжан бар.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департамент басшысы А.Шілмановтың атынан құттықтау хат табыс етілді. Сондай-ақ департамент басшысының атынан «Ақтөбе» газеті редакторының орынбасары Данагүл Қазиханға, «Актюбинский вестник» газетінің тілшісі Татьяна Токарьге, «Ақтөбе Медиа» ЖШС қоғаммен байланыс жөніндегі менеджері Мұратбек Ержақыповқа Алғыс хаттар берілді.

Шара соңында бірқатар марапат иелері өздеріне көрсетілген құрметке ризашылықтарын айтып, ізгі тілектерін білдірді.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button