Ұлтандар мен сұлтандар

Жаңа кітап
Әйгілі Олжас Сүлейменовтің Қадыр Мырзалиев қазақшалаған «Ришад, қыр қазағының баласы» дейтін өлеңі:
Жалғыз-ақ шарт —
Көнбесең де,
Көнсең де —
Ер болған соң,
Болу керек ел сенде.
Сұлтан болып жүргенше бір жат елде,
Өл еліңде ұлтан боп өл,
Өлсең де! — деген шумақпен аяқталушы еді.
Жат елде сұлтан болғандар аз ба еді. Айтып тауыса аламыз ба, жазып түгесе аламыз ба? Айтсақ, құлдыққа сатылып, құдіретті қолбасыға айналған Бейбарысты айтармыз. Одан арғы тарихтан да түбіміз бірге талай туыстарымызды табармыз. Ал берірек келсек, олардың көптігі сонша — тіпті ну орманның ішінде жүргендей кейіпке түсеріміз хақ. Ұлтанға да, Сұлтанға да кенде емес халықпыз ғой.
Дегенмен бір гәпті ескерте кетпеске де болмайды. Ұлтанның негізі Алпамыс батыр жырындағы Ұлтан құл емес. Әрі-беріден соң етіктің (бәтеңкенің) табанына салынатын қатты былғары да емес. Ұлтан, біздің түсінігімізше, мынау мазасы қашыңқыраған, бірақ жақсылықтан үмітін үзбеген, және соған жететіндігіне сенімі берік қазақ (қазақтар).
Қазіргі заманғы көрнекті эсеист, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мақсат Тәж-Мұраттың «Біздің елдің ұлтаны мен сұлтаны» деп аталған эсселер жинағын бір қарап шыққанда түйген ойымыз осындай болды.
Әуелі кітаптың аннотациясына көз жүгірткенде де, тіпті кітап атауының астындағы «Identitu эсселер» деген тақырыпшаны оқығанда да қателеспегенімізді аңғардық. Аннотация былай дейді:
«Қаламгердің бұл жаңа жинағына әр жылдары жазылған персоналистік эсселері топтастырылып беріліп отыр. Жанр заңдылықтарын сақтап жазылған идентити бағытындағы туындылардың тақырыптары әралуан, тілі шұрайлы».
418 беттік (яғни 26 баспа табақтық) бұл қалың кітапқа алғысөз ретінде белгілі ғалым әрі танымал журналист Бауыржан Омарұлының бұрын жарияланған, сөз танитын оқырман өте жылы қабылдаған «Гипоталамус» атты мақаласы беріліпті.
Қосымшалай айтсақ, оқырман кітапты оқуға әуелі Мақсат Тәж-Мұраттың кім екенін біліп барып кірісуге тиіс. Сол себепті алғысөзде, әрине, автордың кім екендігі, не тындырғаны мәлім етілетіні белгілі. «…Біз: «Мақаланың нобайы бар» — десек, ол: «Жазар дүниемнің төсегі салулы», — дейді. Біз: «Жазуды уақытша тоқтатамын», — десек, ол: «Соқаны суыратын шығармын», — дейді. Баспасөзді басқа сөзбен былғамайды. Қалталы баспасөздің де, балталы баспасөздің де бақшасына жоламайды. Өз соқпағымен, өз сүрлеуімен жүреді», — дейді бір орайында алғысөз иесі. Ал ғылымдағы рөліне келгенде: «…Ойы оқшау, талғамы биік, танымы терең зерттеушімен ғылым докторларының көпшілігі санасады. Тегінде, ғылымның деңгейі атақпен емес, абыроймен өлшенетін сияқты ғой», — деп бір қайырып қояды.
Рас-ақ. Осыған кітаптағы мақалаларды асықпай оқып шыққанда анық көзіңіз жетеді. Және мына қалың дүниені оқып шығу үшін кейін қып-қызыл қымбат уақытыңды шығындағаныңа да еш қынжылмайсың. Қынжылсаң осындай кітаптардың неге сирек шығатындығына ғана қынжыласың.
* * *
Сонымен, кітап не туралы? Абзалы осы тұста кім туралы деуіміз керек. Ал кім туралы дегенде…
Кітапты автордың Ойыл қалашығында дүниеге келген атақты академик, тілші-ғалым Рәбиға Сыздықовамен әңгімесі бастайды. Рәбиға апай әңгімесін 1937 жылы 10 қыркүйекте «ұлтшыл контрреволюциялық, көтерілісшіл-террористік, диверсиялық-шпиондық топтың басшысы» ретінде ұсталып кеткен, содан оралмаған әкесі Сәтіғали Құтқожин жөнінде айтып бастағанымен, соңыра қазіргі заманның кесек-кесек проблемаларын қозғайды. «…Кейінгі тарихты зерттеу жағынан «Мәдени мұра» бағдарламасы да үмітті ақтамады. Көркемдік дәрежесі орташа ғана Нобель сыйлығы шығармаларын, көзі қарақты жұрт онсыз да орысшасын оқып алатын Батыс культурологтарының ойжоруға толы кітаптарын қыруар қаражат жұмсап, том-том қылып аударып шығару кімге керек? Академиялық мекемелер бұрыннан даярлап отырған, не шығарып қойған сартап томдарды қайыра желпілдете беру де тарихи-мәдени мұраны зерттеудің тәрбиелік, танымдық функцияларына жауап бергенімен, өткеннің сабағы арқылы бүгінгімізді талдау, ертеңімізді болжау ділгерлігін толық қанағаттандырмайды», — дейді ғалым. Ұзақ деуге келмейтін (7 парақ) осы әңгімеде қазіргі ғалымдарды алдымен не толғантуы керектігі жөніндегі сауалға жауап тапқандай боламыз. Жалпы әр ғалым өз саласын ғана төңіректей бермей, қазіргі білім-сауат мәселесін тұтастай қозғағанда ғана, бәлкім, ілгері жылжитын шығармыз. Сұхбат иесінің көздегені де осы секілді.
«Тектілер тепкін көрген кез» деп аталатын бұл дүние — Ақтөбе топырағында өсіп-өнгендер туралы жазылған 5 мақаланың біреуі.
Екіншісі — ерте жанып, ерте сөнген ақын Бернияз Күлеев туралы жазылған эссе. «Қаңтарда атылған тапанша» деп айдарланған туынды 1923 жылы 29 қаңтарда Қазан қаласында орын алған қайғылы оқиғаны тағы бір тірілтеді. Қырғыз (Қазақ) мемлекеттік баспасының Қазан қаласында кітап бастыру ісімен айналысатын айрықша өкілі, ақын Бернияз Күлеевтің (24 жаста) және Қазан университеті медицина факультетінің студенті Зейнаб Әхмәрованың өлі денелері табылғаны туралы суыт хабар ақыр соңында бұлар бір сәтте (бір минутта, бір секундта) өздерін-өздері атып өлтіргені туралы тұжырыммен тоқтатылады. Мөр басылып мойындалғанына арада жүз жыл уақыт өткен бұл тұжырымды енді жоққа шығару қиын, мүмкін де емес. Автор да бұл тұжырымды жоққа шығармайды. Тек осы ғашықтық драманың (трагедияның) негізі, суицидтің бұған дейін қазақ арасында болмаған өзгеше түрі, татар зиялыларының өз жиендерін (Бернияздың анасы Хұсни-Жиһан орынборлық татарлар ұрқынан екен) неге жат көргені жөнінде сыр ашады.
Үшінші эссе — 39 беттік «Құрманай» — бұған дейін біз біліп те келген, білмедік деуге де болатындай жайды қозғайды. 1970 жылдардың басында қазақ өнеріне тұтқиылдан «Дос-Мұқасан» ансамблі қосыла кетті. Мына эссе сол ансамбльдің дүниеге келгеннен бастап, шыңға шарықтағанға дейінгі кезеңдердегі өсу жолын баян етеді. Бұл жағы, расы керек, оқырман қауымға да біршама белгілі. Дегенмен осы кезге дейін аса мән берілмей келген бір жай бар. Сол «Дос-Мұқасанның» өрлеу жолында ерекше рөл атқарған әнші Құрманай Омарова туралы там-тұм ғана білетін едік. Сөйтсек, Құрманай (қыз кезіндегі ныспысы Әжібаева) осы Ақтөбе облысынан қанат қағып ұшқан екен. Өкініштісі, бұған дейін бұл туралы айтылып жарымаған, немесе тіпті айтылмай қала берген. Мақсат Тәж-Мұраттың зор еңбегі сол, ютуб каналдарында қазірге дейін көрсетіліп жүрген «Сағындым сені», «Жан досым» әндерін шырқайтын ерекше дауысты Құраманайды қайтадан «тірілтуі». Әншінің «Актюбрентген» зауытындағы көркемөнерпаздар ұжымынан «Дос-Мұқасанға» дейінгі жолын автор өте дәлдікпен баяндап шыққан. Мысалы, 1971 жылы 3 шілдеде «неке қию рәсімі кезінде Құрманай қазақ шешелерінің «Барған жеріңе тастай батып, судай сің» деген ұлағатына бағып, Шәріптің фамилиясын алады, содан бастап өнер жолында Омарова дейтін жаңа нәмімен танылады». Сөйткен Құрманай, «Дос-Мұқасанның» өрлеуіне қосқан үлесі жігіттерден бір мысқал да кем болмаған Құраманай ем-дом қабылдауға ауруханаға түскен 1994 жылы 2 шілдеде кенеттен қайтыс боп кетеді. Білетіндердің айтуынша, қан құйған кезде медбикенің қатесінен қанына В гепатитінің вирусы түскен де, осы қателік әншіні бақи дүниеге әкеткен.
Төртінші эссе — 14 беттік «Туған жерге терең тартып тамырын» — көрнекті ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ертай Ашықбаев туралы. Бұл эссесінде де автор өзіне тән ізденгіштік қасиетімен, бәлкім, Ертайдың өзі де біліп жарытпайтын бір деректі жарқ еткізеді. Бір абзацты: «Жалпы, Бабатай — ежелден имандылық ұйыған мекен, — деп бастап, одан әрі, — Ол — заманында Бұхар медресесінде сегіз жыл «он екі фән жадығатын фәһлім етіп келген» белгілі Жиенәлі хазіреттің отаны. Мария Шоқай-Горина 1918 жылы жазда Мұстафа екеуі Дутовтан қашып, Жұрын стансасы арқылы Ойылдағы Халел, Жымпитыдағы Жаншаны іздеп келе жатқан бетте осы Жиенәлі ишан үйінде мейман-тоқтауда болғандарын, соның алдында қысас қылып өлтірілген хазіреттің ұлдары Қайыр мен Шираз тарапынан үлкен сый-сияпат көргендерін тәптіштеп жазады», — деп жалғастырады. Ақынның творчестволық қалыптасу жолына үлкенді-кішілі қаламгерлермен бірге тарихы бөлек туған жерінің де зор әсер еткенін бажайлап баяндайды.
Ал бесінші эссе — орыс тілінде жазылған, «Димаш Кудайберген и казахская песенняя культура». Атауының өзінен байқалып тұрғандай 26 беттік бұл эсседе қазақ әндері мен ілгері-кейінді ғұмыр кешкен қазақ әншілерінің (Ә.Қашаубаев, М.Ержанов, Ғ.Құрманғалиев, М.Ешекеев, Ә.Дінішев, т.б.) ғұмырбаяндарына, әсіресе олардың өнердегі өзгешеліктеріне терең шолу жасалып, Димаш феноменінің пайда болу себебі жіктеп көрсетіледі. Естуімізше, Димаш туралы автор, бәлкім, мың беттік, әлде одан да артық көлемде кітап жазып болған екен. Мынау эссе, сірә, содан сүзіліп алынған таңдаулы үзінділер болса керек. Бұны бір десек, екіншіден, бұл эссені М.Тәж-Мұраттың орыс тілінде өрнектеуі «әнді көктегі құсқа да жеткізе әуелете шырқады» дегеннен өзге аса көп ештеңе оқуға ынталы болмаған оқырманға жер жаралып, су аққалы жаңадан пайда болған осындай ерекше дауыс иесінің құдіретін тың әдіспен жан-жақты пайымдап беру ниетінен (қазақтан басқалар да оқысын) туса керек.
* * *
Біздің есебімізше, осылайша кітапта 5 ақтөбелік қамтылған.
Қалғандары да әрісі қазаққа, берісі біздің батыс өңіріне жат емес адамдар.
Мысалы, академик Зейнолла Қабдолов («Нар сүтіне шыққан құмаршық») Ойыл мен Жем арасын тұтастыра жалғаған жалпақ Тайсойған шағылында дүниеге келген, сол жақтың тәрбиесімен өскен, өркендеген. Бұл ағамыздың Махамбет туралы аяқталмай қалған романында осы Тайсойған өңірінің көріністері ерекше ықыласпен суреттеледі.
Ал Құмар Жүсіпов («Жыршы») туралы эссе тек өнердің өзін ғана емес, оған қатысы бар дүниелерді де мол қамтиды. Оған қоса, айталық, жыршылық дәстүрі турасында әңгімелеген кезде: «…Ақтөбе өңіріндегі атақты Үкі жыраудың жеті буын тұқымына үзілмей жыр қонған, осы алаптың Жиренқопа жерінің тумасы Қазақбай жыраудың бабасы Жиен, атасы Қалмұрат, әкесі Шаңқай, өз балалары Жиенмұрат пен Құрманбай түгелімен жыршы болған» деген бізге онша мәлім емес тың деректерді де келтіре кетеді.
Ал «Кафка, Мақсот және алапат өрт» деп аталатын туындысының басты кейіпкері жазушы Мақсот Ізімұлының туған жері Қызылқоға ауданы Ақтөбе облысының Ойыл және Байғанин аудандарымен шектесіп жатқаны мәлім. Ақтөбеліктерге жақсы таныс Ойыл, Сағыз өзендерінің бір арнасын осы аумақта көруге болады. Мақсоттың бір кездері кей материалдарының соңына «М.Ойылұлы» деген псевдоним қойып жүргендігінің бір себебі осы екен.
Қысқасы, автордың қай кейіпкері туралы оқысаңыз да, өзіңіздің Ақтөбе облысынан, демек, Қазақстанның батыс өңірінен екеніңіз еске түсіп отырады. Солардың бірі — жазушы Рахымжан Отарбаев. Автор «Дауысыңды естідім» деген эссесінде алты алашқа аты мәлім болған жазушы Рахымжан Отарбаевтың шығармаларын зерделеп, жазушы ұстанымдарының негізі туралы ой қозғайды. Және мұнда тек шығармалар хақында ғана емес, Рахымжанның өз мінез-құлқы жайында да сөз қозғап, оған күнделікті тіршілікте ұстанатын мінез қалай, қашан, қайда біткені жөнінде ден қоятын пікірлерді үстеп отырады. Бір тұста: «Қалам ұстағанның қай-қайсысы да жадығаттың көпшілігін туған өлкесімен байланыстырып алады ғой, дегенмен, қарап отырсақ, Атырау-Орал өлкесі Рахаңның шығармашылығын тұтас тұрқымен шарбыдай шырмап жатқанын байқаймыз» деп алып, осы батыс аймақтарының жазушыға тигізген әсері туралы толымды ойлар айтады.
Осы кеше ғана Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығын дүбірлете атап өттік. Сол соғыста ерлік көрсеткен, әйтсе де тиісті наградалармен атап өтілмегендер туралы да айттық, жаздық. Ал қиян-кескі шайқастарда өлімші боп жараланып неміс әскерлерінің қолына түскен немесе шарасыздан тұтқында болған жандар жөнінде ештеңе айтып жарытпадық. Осыған қатысты кітапта көлемді екі мақала бар: «Туған жерінде омарта біреу-ақ» (17 бет), «Жатыр-мекен — жат мекен» (71 бет). Бұл мақалаларда біз бүгін сатқындық деп бірауыз сөзбен баға беріп жүрген, солардың қатарына жатқызылған түбі қазіргі батысқазақстандық Қарес Қанатбай мен Мәулекеш Қайболдиннің өксікті тағдырлары туралы байыппен сөз етіледі.
«Анықтауды керек ететін деректер бойынша, Қарес шамамен 1980 жылдардың басында дүние салған. 1993 жылы 89-ға келіп қайтқан Уәли Каюмның да, Баймырза Хайттың да пешенесіне өз халықтарының тәуелсіздік алғанын көруді, елдеріне келіп кетуді бұйырды, тіпті ағайынды Бердімұраттар сол кездегі Түрікменстанның азаматтығын алды. Қареске соның біреуін де тағдыр жазбады. Өкіметке жау болғанымен, халқына жау емес еді. «Күресіміз хақ, жолымыз — Бабалар жолы» деп бір мақаласында жазғандай өмір бойы көркем ниет, бәкиза көңілмен көксегені қазағының ұшпаққа шыққанын көру еді. Отан — үлкен, бірақ кімге болсын Отан жерінде омарта біреу-ақ. Ол туып-өскен ұясы. Қазақ даласы қазақсыз-ақ тұра беретін шығар, ал қазақтың қазақ даласынсыз күні жоқ. Нендей өкініш, Қарес ағамыздың балығы бұлдырап қалған Борсысының шалғынын жапырып, бір мәрте болса да аунап-қунай алмай кетіп қалғаны…» деп жазады автор қазіргі Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданында дүниеге келген, Свердловскідегі Орал политехникалық институтын бітірген тау-кен инженері, майданға өзі тіленіп аттанған Қарес Қанатбай туралы.
Ал Мәулекеш Қайболдиннің түп дерегін табу үшін М.Тәж-Мұрат құмға сіңіп кеткен иненің ізін іздегендей күй кешкені көрініп тұр. Не кеңестік архивте, не германдық құжаттарда қайда жүрген-тұрғаны нақты жазылмаған екен. Жазылған да шығар кезінде, бірақ бақандай төрт жылға созылған соғыс (одан соң сатқындардың есімдері барлық жерден өшірілген кездер) барша деректі жұтып қойған. Әйтеуір, Мәскеуден жоғары білім алғаны, тұтқынға түскеннен кейін гитлерлік Германияның да жоғары білім беретін институтында тәлім тыңдағаны айтылады. Бұны да Мақсат қисынға бағынышты өз болжамы негізінде таратып келтіреді. Сәл оза айта кетелік, осы мақаласында автор 30-жылдарда қазақ жастары Ресейдің қандай оқу орындарынан қалай білім алғанын тәптіштеп-ақ жазады, әрине, Германияның білімді қалай игерткендерін де назардан тыс қалдырмайды. Жалпы Қайболдин туралы әңгіменің ең анығы — соғыстан соң оның Германияда қалғаны. 1969 жылы мамыр айында «Азаттық» радиосының «Түркістан» қызметінің жетекшісі, қазақ қаламгері, журналист Мәулекеш Қайболдиннің («Асан қайғы», «Асан ата», «Асан Кайгин») денесі Мюнхеннің шет жағындағы теміржол бойынан табылғаны жөнінде суыт хабар тарайды. «Мәулекеш ағамызға жатыр-мекенінен да, жат мекенінен де ақырғы тыным орын бұйырмады. Иә, «Туған жерің — шығатын төрің, кіретін көрің» деп дана халқымыз қалай дөп айтқан. Сол төріне де, көріне де жете алмай кеткендер қаншама мына дүние тіршілігінде. Құй туған жеріңде, құй тұрған жеріңде, әйтеуір, жүрген жеріңде төрің де, көрің де даяр біз қандай бақтиярмыз» деп аяқтайды бұл мақаласын автор.
Тағы бір ескерерлік нәрсе, кітап ішіндегі қосымша беттерде Әмірхан Тілеумағамбетовтің (Әлихан Ағаевтың), Қарес Қанатбайдың, Мәулекеш Қайболдиннің, осы Мәулекештің «Азаттық» радиосындағы қызметтестерімен түскен фотосуреттері, Серік Қанатбаевтың ұлымен бірге Қарес атасының қабірінің басында түскен суреті берілген.
Жоғарыда айттық, кітап негізінен еліміздің батыс өңірінен шыққан адамдарды қамтиды. «Біздің елдің ұлтаны мен сұлтаны» деген атаудың ішкі де, сыртқы да мағынасы — осы. Сондай-ақ жолшыбай осы өңірдегі жақсылы-жаманды деректер де мол келтіріледі.
Қалай болғанда да, қазір небір басылымдар көп оқылмайтын мына заманда, үңілмесіңе қоймайтын, өз қолыңмен парақтамасаң кейін өкіндіруі бек мүмкін, тақырыптары әр алуан, тілі шұрайлы осы кітапты оқып шыққаныңыз мақұл болар еді.
Е.ӘЛІБЕКОВ.