Әдебиет

Тұла бойы тұнған мейірім еді

Үмбетбай УАЙДИН – 90

Халқымыздың мақтан тұтар перзенттерінің бірі, жазушы, журналист, ұстаз Үмбетбай Уайдин тірі болғанда биыл 90 жасқа толар еді.

Ол 1935 жылы Ырғыз ауданының Темірастау ауылында дүниеге келді. Еңбек жолын Шалқар баспаханасында бастап, әскери борышын өтегеннен кейін С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика бөліміне түсіп, 1965 жылы бітіріп шықты.

Қаламгерлік еңбек жолы Қазақ радиосында басталып, әр жылдары «Ара-Шмель» сатиралық журналында, «Қазақфильм» киностудиясында, республикалық кітапқұмарлар қоғамында, Қазақстан Жазушылар одағында қызмет жасады. Өмірінің елеулі кезеңдері әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің журналистика факультетінде және Абай атындағы республикалық қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын мектеп-интернатта ұстаздық етумен өтті. Ұлттық әдебиет пен журналистиканың бүгінгі таңдағы көптеген белгілі өкілдері «Уайдиннің шәкіртіміз» деп мақтанышпен айтады.

Жазушының пышақтың қырындай ғана тұңғыш кітапшасы «Қара көзілдірік» 60-шы жылдары Асқар Тоқмағанбетов бастаған сатириктер командасына жас талант қосылғанын дәлелдеді. Осы төлбасы туындысындағы:

— Базарға барамын,

Қап ала барамын.

Шай, шекер, шифоньер аламын.

Қасыма Өтешті ертіп аламын.

Папаңа баллони плащ,

Пальтосының жағасына елтірі аламын.

Өзіме жемпір аламын.

Төргі үйге есік,

Асқарчикке аспалы бесік аламын.

— Мама, әжеме ше?

— Жабысқыр, жайыңа отыр

Тіліңді кесіп аламын! — деген сықағы ауыл клубының шамы сөнбейтін сонау жылдары қазақ даласының түкпір-түкпіріндегі көрермендердің айызын қандырған күлкі болды.

Іле-шала «Құрдым сиыр», «Ендігісін айтпаймын», «Ішің білсін», «Контейнермен келген кемпір», «Тілсіз қоңырау», «Быды-быды», «Особая столичная простокваша», «Нанайын ба, нанбайын ба?», «Өмірге құштарлық», «Мәселе қайда жатыр?», «Пәлен-пәштуан», «Алло, бұл кім?», «Мәңгілік мәселе», «Сырымды айтайыншы», «Атың кім, әй?», «Знакомство по объявлению», «Әдеп әлемі», «Әдеп және журналистика», т.б. болып жалғасқан жиырмадан астам сатиралық, публицистикалық және оқулық кітаптары автор есімін қалың оқырманға кеңінен танытты. Ұлттық сатираға Уайдин қаламынан туған, оқырмандарын жамандықтан жирендіретін Укай, Лабдой, Дәйду, Домби, Дәйдім, Сөмекеш, Адыраспанов, Тәмтарам секілді аттары да, мінездері де, істері де жағымсыз саналуан кейіпкерлер келді.

Өзі өмірден өткеннен кейін «Әумин, айтқаның келсін», «Жылы сөз. Жылы сөз», «Күлкі, күлкі…» атты кітаптары жарық көрді.

Әдебиетші ғалымдар, сыншылар мен әріптес қаламгерлер Үмбекең шығармашылығы туралы да, жеке адами қасиеттері жөнінде де мерзімді баспасөз беттерінде, әдеби зерттеу жинақтарында талай рет жылы лебізін білдірді. Қазақ сатирасының теоретигі, профессор, біраз жыл ҚазҰУ-дің қабырғасында қатар ұстаздық қызмет еткен Темірбек Қожакеев Үкең туралы пікірін: «Ол — ұлтының есті дәстүріне құлай берілген азамат, оған ессіздіктің бәрі жат. Ол ата-тек сұрасуды да, өзара сыйластықпен ат қосуды да, бет сипап, ас қайырысуды да айып көрмейді. Бұған қарсылық қылғандарды сатира сойылының астына алып жерлейді. Халқы десе, оның қаны қайнап тұрады, ел намысын жыртып, тілі сайрап тұрады», — деп білдірсе, әріптес-қаламгер Ғаббас Қабышев «Қысқа, нәрлі жазу —Үмбетбай ұстанған үлгі. Ол қай тақырыпты қаласын, қай оқиға оң жамбасына келсін, ойнатып әкетеді. Тұздықтап отыратын тұшымды сөзге кенде емес. Және бір оңдысы: Үмбетбай сықақшы сұр жебесін поэзия мен прозада қатар зымыратады», — деп жазды.

Сықақшы еңбектері туралы сатириктер Мыңбай Рәш, Табыл Құлыяс, Сейіт Кенжеахметов, Толымбек Әбдірайым, Еркін Жаппасұлы, ақын Дүйсенбек Қанатбаев, ғалымдар Бауыржан Жақып, Дәмегүл Баялиева, т.б. баспасөз беттерінде шынайы жылы лебізін білдірді. Ал белгілі сықақшы Көпен Әмірбек Үмбетбай Уайдиннің өнегелі өмір жолынан мол мағлұмат беретін, талантының қыр-сыры мен шеберлік әдістері баяндалған, екеуара диалогке құрылған «Із» атты кітап жазып шығарды.

Өткен ғасырдың 70-80-ші жылдарында қалың қауымды теледидар алдына телмірткен «Қымызхана», «Тамаша» ойын-сауық отауларының ең белсенді авторларының бірі Ү.Уайдин болғаны да, сол бір халықтың жанын жадыратып, шуақты күлкі сыйлаған хабарлардың өзі де бүгінде ел жадынан шығып бара жатыр. Бірақ Үкеңнің қонақтың түрлері, ұйқының түрлері, күлкінің түрлері туралы әйгілі әртіс Құдайберген Сұлтанбаев майын тамызып орындаған ғажайып әзіл-сықақтары аға, орта буынның есінде.

Өмірдің асқаралы асулары болады, сол асуларға адам қанша жасқа келгенімен емес, адал еңбегімен, адамгершілік қасиеттерімен, ақыл-парасатымен көтерілсе керек. Үмбетбай ағамыздың мінез-құлқынан, жүріс-тұрысынан зиялылықтың, әдептіліктің, жоғары мәдениеттіліктің, үлкенге де, кішіге де ізеттіліктің үлгісі айқын көрініп тұратын. Сондай қасиеттерінен ол кісіге жас та, жасамыс та үйір еді.

Үкеңнің өмірінен бірер жайтті еске ала кетсек, адами болмысы айқындала түседі. Ертеректе ауырып ауруханада жатқанда, қасында қазақтың бір жетім өскен баласы да болыпты. Үкеңнің жан жылулығы, әлгі баланың елгезек, ақкөңілділігі екеуін туыстан бетер жақындастырып жіберген. Мейрам есімді сол азамат келіншегі Нұрия екеуі бүгінде: «Біз Үмбетбай әкеміздің үлкеніміз», — дейді, Алматыдағы екі шаңырақ екі үйдің бірі болып араласып тұрады.

Ағамыздың ерекше бір қасиеті кітаптар мен газет-журналдарға деген адал көңілі еді. Кітапты жыртқызбайтын, аяқ астына газет жайылғанын көрсе өзі көтеріп, бүктеп алып қоятын. «Бұл газетте біреулердің қуанышы, тағы біреулердің қайғы-мұңы бар, олардың бейнесі бар, оны қалай аяққа басуға болады» — дейтін. Тағы бірде қауым жиналып тұрғанда жерде жатқан он теңгелік тиынды көріп, үлкен басымен көтеріп алыпты. Қасындағылар: «Үке, мұныңыз не, жерде жатқан нәрсені, тастаңыз» десе, «бұл қарабақыр тиын болғанмен, мұнда менің елімнің елтаңбасы бар» деп сүртіп қалтасына салып алыпты. Әпенділік пе, адамгершілік пе, өзіңіз бағамдай беріңіз. Барар жері болмай вокзалда түнеп жатқан қазақтың балаларын үйіне апарып, қашан орын тапқанша жатқызғанын, ол азаматтардың бүгінде Үкең ағаларын көңілдері босап тұрып еске алғанын көрдік. Үкеңнің мұндай істерін айтып тауысу да мүмкін емес.

Тағы бірде көшеде келе жатып, бір оқушының кітаптары мен құжатын тауып алады. Өзге адам болса көңіл бөлмес еді, ал Үкең қалалық «Алматы ақшамы» газетіне «Жоқты іздеу әбігері» деген мақала жазып, Дінмұхамед Есенұлы Болат есімді балаға іздеу салады. Газет шыққаннан кейін баланың Талдықорғанда тұратын ата-әжесі Болат пен Назгүл дереу жолға шығып, ертеңіне Үмбекеңнің үйіне барып, алғысын білдіріп, немересінің жоғалған кітап-құжаттарын алып қайтыпты. Содан кейін Райымбек ауданының және Алматы облысының құрметті азаматы Болат Әужанұлы «Әкеме жасаған жақсылығының жалғасы шығар…» («Алматы ақшамы», 8 шілде, 2016 жыл, №81) деген мақала жариялады. Онда әкесі Әужан 1937-1938 жылдары Халық ағарту комиссариатында басқарма бастығы болып істеп жүргенде қудалауға түсіп, партиядан шығарылғанда Темірбек Жүргенов бір шағын ауылға қашырып жіберіп, аман алып қалғанын баяндап, Үмбетбайдың сол Темірбектің жерлесі екенін білгесін, текті елдің кешегі замандағы көрнекті тұлғасының жақсылығын бүгінгі бір азаматы жалғастырғанына ерекше ризалық білдіріп, отбасы атынан алғыс айтыпты.

Әдеби ортада сықақшы-жазушы және публицист ретінде өзіндік биік орны бар Үмбекеңді араласқан ортасы әдептілік, сыпайылық, жоғары мәдениеттілік, адалдық, ұлттық құндылықтарға деген жанашырлық секілді қасиеттері үшін ардақ тұтты. Қазақ сатирасының классигі Оспанхан Әубәкіровтің:

«Айтып, айтпай не керек,

Үмбетбай деген бұ кісі,

Қазақ дейтін халықтың

Құдай берген ырысы», — деуі де ізінен ерген інісіне ризалық ілтипатының көрінісі болса керек. (Айтқандай, осы бір шумақ Үмбетбай ағаның Кеңсайдағы зиратындағы құлпытаста жазулы тұр).                           

Қаламгер ағамыздың үлкен жүрегі осыдан жеті жыл бұрын жер-дүниенің тоңы жібитін табиғаттың тамаша мезгілі көктемнің алғашқы күнінде тоқтады. Сол күн Алғыс айту күні еді. Өзінің де бүкіл саналы ғұмырының сәулелі сәттері адамдарға алғыс айтумен және өзі де алғыс алумен өткен жанның нақ сол күні өмірден өтуінде бір тылсым сәйкестік бардай көрінеді.

Республикалық газеттер ресми қазанамалармен бірге белгілі қаламгер-тұлғалардың қоштасу сөздерін беріп жатты. «Айқын» басылымы: «Ол мейірім еді. Ол жылылық еді. Ол құдірет пен қасиет еді. Қуанса да «айналайын» деп маңдайымыздан сипайтын, жұбатса да «айналайын» деп арқамыздан қағатын үлкен жүрек иесі Үмбетбай Уайдин енді мына пәни жалғанда жоқ дегенге жүрек құрғыр сенер емес», — деп жазды. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университеті журналистика факультетінің деканы Сағатбек Медеубекұлы өз ойын: «Қазақ сатирасының сардары болған Үмбетбай Уайдаұлының адам бойындағы, қоғам өзегіндегі олқылықтарды дәл тауып, дөп тигізген сұрмерген шымшымалары мен шаншымалары, әзіл-оспақтары мен қағытпа-қалжыңдары, сын-сықақтары мен фельетондары, памфлеттері мен зерттеулері қазақ сатиралық әдебиетінің алтын қорына өлмейтін асыл мұра болып қосылды» — деп жеткізіпті. Жерлес жақын інісі Мейірхан Ақдәулетұлы: «Үмбетбай аға бір жақсылық болса, «маған болсын» деген жоқ, елге, халыққа себім тисін деп еңбек етті. …Үмбетбай ағаның сатирасы шуағы бар сатира еді. Қазақ қаламгерлерінің барлығы ол кісіні жақсы көрді, құрметтеді. Біздің қатарымыздағы Көпен Әмірбектер оны әкесіндей сыйлады», — деп жазды.

«Қазақ сатирасының сардары» атанған жазушы Үмбетбай Уайдиннің қаламгерлік еңбегі лайықты бағаланды. Ол Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, «Ерен еңбегі үшін», т.б. медальдармен марапатталды. Халықаралық «Алаш» әдеби және «Әлем әдебиетінің лауреаты — 2017» сыйлықтарының иегері. Ең бастысы, ол — өзінің сатиралық және публицистикалық шығармаларымен оқырман қауымның шынайы ілтипатына бөленген қаламгер.

Жер-жаһанды шарпыған пандемияға байланысты жазушының 85 жылдығына арналған бірқатар шаралар онлайн режимде өткен еді. Өзі біраз жыл ұстаздық еткен Алматыдағы Абай атындағы қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын мектеп-интернатта жазушы есімімен аталатын кабинет ашылып, «Ұстаздық еткен жалықпас…» атты кітап шығарылды, оның шығармашылығына арналған басқа да шаралар ұйымдастырылды. Ырғыз аудандық кітапханасында да «Үмбетбай Уайдин кабинеті» ашылып, оған жазушының жары Мариям апай, қыздары Құралай мен Шынар, ұлы Ербол арнайы қатысты. Сондай-ақ Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде де Ү.Уайдин атындағы оқу кабинеті ашылды.

Мынау жалған дүниеден «…жаным — арымның садағасы» деген ұстанымына қылаудай кір жуытпай өткен азамат, көрнекті қаламгер Үмбетбай Уайдиннің мәңгілік ғұмыры осылай жалғасып жатыр.

Рахымжан ӨТЕМІС,

Қазақстанның құрметті журналисі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button