Тағзым

Жайсаң жаратылыстың адамы

Сматолла Беркімбаев есімін облыс жұртшылығы жақсы біледі. Ұзақ жыл ел басқарғандығы өз алдына, алқалы топта салиқалы әңгімесін айтып, іргелі істерде көшбасшылық танытып, жол көрсететіндігі бүгінде артында қалдырған ұлағат ізі секілді.

Осыдан бес жыл бұрын дүниеден өткен ол шынында да ізгілігі мол абзал жан ретінде тірліктегі бүкіл болмысымен тектілікті көрсетіп кетті.

2022 жылы халыққа білім беру ісінің ардагері, шежіреші Айжарық Есенбайұлы туралы «Ұрпаққа аманат» атты кітапты баспадан шығару ісінің басы-қасында жүргеніміз бар. Бұл кісінің жеке мұрағатынан «Мектеп туралы»деген жазбаны кітапқа енгіздік. Ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин 1864 жылы 8 қаңтарда Торғайда қазақ балаларына арналған бастауыш мектеп ашқан соң әрбір болыстыққа қатынас қағаз жолдап, өз қаражаттарымен мектеп ашу жөнінде ұсыныс жасапты. Сматолла ағамыздың әкесі Молдаш Ақшайұлы игі шаруадан сырт қалмай, Ұлықұмның Қараөлең қонысында жеке қаржысына мектеп салдырады. Онымен қоймай мұғалімдікке Аяққұмнан қазақ, орыс, араб, парсы тілдерін меңгерген Мәтриза молданы алдырыпты. «Жақын қыстаулардағы ағайындардың, көршілердің балалары келіп, білім алған мектеп 1930 жылы Молдаш әкеміздің іш жаққа — Ор өзенінің бойына көшуіне байланысты жабылып қалды» дейді автор.

Бұдан түйгеніміз —қарияның айтарлықтай дәулеті бар, көзі ашық адам болған, шаруаларды жаппай ұжымдастыру қиқуынан еріксіз қоныс аударған тәрізді.

Сматолла Молдашұлының кейінгі жеткіншекке қалдырған бағалы мұрасы — баспадан екі қайтара бастырып шығарған «Өзге емес, өзім айтам өз жайымда» атты көлемі бес жүз беттік кітабы. Смекеңнің бұл дүниесінің туындауына да азды-көпті үлес қосқанбыз. Сол кездегі «А-Полиграфия» ЖШС директорының орынбасары Раукен Отыншин кітаптың жоғары сапалы деңгейде басылып шығуына қолдау көрсеткені жадымызда.

Кітапты дайындау барысында тірліктің алуан соқпақтарында адами қасиеттеріне шық жуытпаған азаматтың есте сақтау қабілетіне, болған жайды ешқандай бояу жақпай сол қалпында баяндау шеберлігіне тәнті болғанмын. Жалықпай тыңдай бергің келеді, дәмдес-тұздас қаншама замандастарының аты-жөнін жаңылмай айтуы еріксіз сүйсінтеді. Автордың дүниетанымының кеңдігіне мысал— оқыған, қызмет еткен жылдарында араласып, сыйласқан адамдардың қысқаша өмірбаяндық деректерін фотосуреттерімен кітапқа енгізуі.

Бастапқыда Ойсылқара маңында, кейін Шот-Жоса бойындағы Шөлқараған деген жерде қоныстанған жаңа отбасының қожасы Молдаш алпыс төрт жасында бақилық болыпты. Сонда Әбира әжей тоғыз баламен қалған, кенжесі Сматолла үш жаста екен.

Өзге тұрғыластары тәрізді ол да мектепте оқыды. 1948-1949 оқу жылында Ақтөбе қаласындағы №6 қазақ орта мектебін тәмамдаған соң Алматыдағы зоотехникалық-малдәрігерлік институтына түсуге құжат тапсырады. Тәңірінің ықыласы десек те болады: қабылдау емтихандарынан кідіріссіз өткен талапкерлердің ішінен он бала Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің қаулысымен Кеңес Одағының астанасы —Мәскеу қаласындағы ауыл шаруашылығы саласына қарасты тері-жүн институтына оқуға іріктеліп алынады. Солардың бірі Сматолла Беркімбаев еді.

Әйгілі жоғары оқу орнындағы қаракөл факультетінің түлегі Сматолла Молдашұлы жолдаманы Шымкент қаласындағы «Қазсовхоз-қаракөл» тресіне алады. Осында курстасы Дәулетжан Жанғисин екеуіне Жамбыл облысының шалғай өңірінде «Шу» және «Мойынқұм» кеңшарларында жұмыс істеу ұсынылады. Ауызекі әңгімеден шаруасы шалқайған ауылдар екенін естіп, екеуі трест директоры Тучинге, одан соң облыстың бірінші басшысы Жұмабай Шаяхметовке кіреді ғой. Мәселе шешілмейді. Институтта үздік үлгеріммен, өнегелі тәртібімен көзге түскені үшін СОКП мүшелігіне кандидаттыққа қабылданған Беркімбаев алған бетінен қайтпай, Алматыда республикалық кеңшарлар министрлігінде мал шаруашылығы бас басқармасының бастығы Шәпет Қоспановқа, министрдің кадр жөніндегі орынбасары Салинге барады. Сонда ғана іс оңға басып, Ақтөбе облыстық кеңшарлар тресіне жолдама қолға тиген.

Осылайша жоғары білімді жас маманның еңбек кітапшасы Новоресей ауданындағы «Қопа» кеңшарының бас зоотехнигі деген жазумен ашылады. Әрі қарай кеңшар директоры, Новоресей аудандық партия комитетінің екінші хатшысы қызметтеріне жоғарылатылып, бұл сындардан сүрінбей өтті.

Коммунистік партия жетекшілік ұстанған сол қоғамда кадрларды төменгі сатыдан тәрбиелеп, бірте-бірте өсіру үрдісі болған еді. Ауыл шаруашылығы құрылымында және партиялық аппаратта лауазымды қызмет атқарып, ысылған Сматолла Молдашұлына 1965 жылдың 12 қаңтарында қайта құрылған Байғанин аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметі ұсынылуы заңды еді. Кейіпкеріміз осы орынтақта үзіліссіз 17 жыл 5 ай отырды. Қойнауы құтқа толы Жем-Сағыз өңіріне жігіт шағында келіп, жас тоқтасқан ел ағасы дәрежесінде аттанды.

Ағамыз өмірінің ақырғы сәтіне дейін Байғанин ауданын, аймақтағы дәмдес, қызметтес болған адамдарды емірене еске алу дағдысынан жаңылған жоқ. Орынды да: Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланды, Ленин, Октябрь Революциясы, екі мәрте Еңбек Қызыл Туы, «Құрмет белгісі» ордендерімен, үш медальмен, екі мәрте Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталды, КСРО Халық шаруашылығы жетістіктері Көрмесінің алтын, күміс, қола медальдарына, «Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі» төсбелгісіне ие болды.

Іскер, парасатты азамат басшылық еткен кезеңде аудан социалистік жарыстарда көш басынан көрініп, төрт рет Одақтық, үш рет республикалық Ауыспалы Қызыл туларға ие болды, республикалық Алтын Құрмет кітабына жазылды.

Сматолла Беркімбаев бұдан кейін Темір, Шалқар аудандарында бірінші басшылық қызметтер атқарды, облыстық партия комитеті жанындағы партиялық комиссияға төрағалық етті. Ұйымдастыру қабілеті күшті, адамдармен тіл табысудың шебері, өзіне де, өзгелерге де талап қоя білетін азамат жайында мақала-очерктер мерзімдік баспасөзде әлденеше мәрте жазылып, телеэкраннан көрсетілгендіктен қайталап жазуды мақұл көрмедік.

Өмір дегенің тақтайдай тегіс жол емес. Оның үстіне атақ-даңқы ерте шығып, ел-жұртқа танылған адамға тұтқиылдан кедергі-тосқауылдар кезігуі мүмкін екені рас. Оған ауыр тигені — өзі бар ықыласымен құштарлық танытып,алуан қырлы саясатын жүзеге асыру жолындағы ортақ мүддеге барынша күш-жігер жұмсаған Коммунистік партия қатарынан шығып қалуы болды. Мұндай қатал сынақта өзін-өзі ширатып, жазықсыз жаладан құтылу жолына шықты. 1986 жылдың 9 қарашасынан 1990 жылғы 19 шілдеге дейін созылған бұл күрделі жолда Сматолла Молдашұлы Ақтөбеден Кеңес Одағының астанасы Мәскеуге дейінгі аралықта небір талқылауға түссе де, ұстамды қалпын өзгертпестен ақ-адал бейнесін ел-жұртқа әйгіледі. Шындық іздеген ұзақ сапарында көзін жеткізген жай — мәселенің бұлай асқынуына себепші болған СОКП Орталық Комитеті аппаратында лауазымды тұлғалардың бірі К.Н.Могильниченконың Қазақстан туралы қиғаш көзқарасы екен, дәлірек айтсақ, біздің елімізде бір ауданды үзіліссіз ондаған жылдар бойына басқарған кадрларды қудалау ниетінен туындапты.

Осындай қиын сәттерде Смекең үгіліп-жасымай, өзінің айрықша жаратылған болмысын сақтай білді. Еңсесін тік ұстады, ағайынмен, былайғы жұртпен қарым-қатынасына сызат түсірген жоқ. Жоғарыда айтылған «Өзге емес, өзім айтам өз жайымда» атты кітап материалдарын дайындау барысында үйінде талай мәрте болып, екеуара сұхбаттасқаным бар. Байқағаным, әңгімешім өзін өзгелерден биік санаудан мүлде аулақ, оқиғаны сөз еткенде әсіре бояуды, біреуге орынсыз кінә тағуды сүймейді екен. Әділдік іздеп, сапарға шыққанын үйдегі балалары немесе бауырлары білмейді, осы тұрғыдан қарағанда жан жары Күміс жеңгеміздің отағасы бойындағы күйзелісті сездірмей мейлінше құпия ұстауы — көп адамның қолынан келмейтін қасиет. 1990 жылы 19 шілдеде обком бюросының мәжілісінде әңгімеге соңғы сүйінішті нүкте қойылған соң үйге кіре сала:

—Күміс, мен жеңдім,—дегенде жеңгеміз құшағына кіріп, көздің жасын төккен. Бұл жайды ағамыздың өзі айтты.

Партия мүшелігі қалпына келтірілгеннен кейін Ақтөбе қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы Сержан Жаманқұлов Сматолла Молдашұлын аппаратқа қызметке шақырды. Қазақ КСР Министрлер Кабинеті жанындағы комиссияның 1992 жылғы 30 шілдедегі №27-2/126 хаты бойынша кейіпкерімізге Қазақстан Республикасы алдындағы ерекше қызметі үшін өмірлік дербес зейнетақы тағайындалды.

Егемен республикамызда ағамыз «Құрмет» орденімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» және «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталды, ҚР Президентінің Алғыс хатын алды, «Ақтөбе облысының құрметті азаматы» атағына ие болды.

Қай кезде де ат үстіндегі азаматтың мәртебесі биік, жүзі жарқын болуы қасындағы ғұмырлық қосағына байланысты. Бұл ретте оның жар таңдауда өте дұрыс шешім қабылдағанын айтар едік. 1956 жылдың 18 шілдесінде мамандығы мұғалім Күміс Ыбырайқызымен шаңырақ көтеріп, алпыс төрт жыл бойына жұптарын жазбай бақытты ғұмыр кешті. Бауырларынан өрбіген үш ұл, үш қыз жоғары білім алып, өздерінің мамандықтары бойынша абыройлы еңбек етуде. Алды зейнет демалысында. Сыңарын тауып, әке-анасына немере-шөбере сүйгізді.

Жалпы Беркімбаевтар әулетінде өзара сыйластық, бірін-бірі іштей ұғысу, адамгершілікті жоғары қою дәстүрі орныққан. Тірлікте ұшырасатын қуанышты-ренішті жағдайларда байсалды қалыптан ауытқымастан кішісі үлкенге деген құрметінен жаңылмай ілгері ұмтылатынын байқап, еріксіз сүйсінгенбіз. Күміс жеңгеміз отағасы патшадай қастерледі. Қазақтың көшелі бәйбішесіне тән сипатпен есімін тура атамай, Сәке деп әлпештеген тұрпаты үлкен-кішіні еріксіз елжіретіп жібереді, отағасының алдына шығып сөйлегенін көрмеппіз. Мақпал мінезді қария бүгінгі таңда тоқсан төрт жаста, бала-немерелерінің әлдиіне бөленіп, алаңсыз ажарлы күндерді бастан өткізуде.

Балалары 2021 жылы сүйікті әкесінің жылдық садақасы қарсаңында өздерінің жеке қаржысына «Кісіліктің көркем көрінісі» деген атаумен әсем безендірілген 288 беттік кітапты 500 дана таралыммен шығарып, тегін таратты. Кітапта мемлекет және қоғам қайраткерлері Ж.Түнғатаров, О.Оразалин, А.Мұхамбетов, Сматолла Молдашұлы қызмет еткен Хромтау, Байғанин, Темір, Шалқар аудандарының әкімдері, елге белгілі тұлғалар А.Селбаев, Б.Иманғазина, С.Ақшолақов, Ж.Сартабанов және басқалары тағылымды сыр шертті.

Өткен 2024 жылғы 8 маусымда Байғанин ауданының орталығы Қарауылкелді ауылында бұрынғы аудандық партия комитеті ғимаратының алдында биік тұғырға орнатылған Беркімбаевтың мемориалды тақтасының ашылу салтанатына қатысқанбыз. Жиналған үлкен-кіші тағылымды азамат рухына бас иіп, мағыналы ой қозғады. Митингіден кейін ауыл іргесіне барған топтың үлкені Күміс жеңгеміз енесі Әбираның басына дұға оқыды.

Ел-жұртының қадір-құрметіне бөленген ақсақал бақилық болғалы бес жыл өтті. Алла тіл-көзден сақтасын, соңында қалған ұрпағы өркен жайып, осы кезеңде бірнеше қуанышты сәтті қызықтады. Ең бастысы, адал жар, абзал ана, қамқор әже Күміс Ыбырайқызының 90 жасы тілектес қауымның қошеметімен есте қалды. Салтанатты кеште облыстық мәслихат төрағасы Гүлқасима Сүйінтаева облыс әкімінің атынан «Ақтөбе облысына сіңірген еңбегі үшін» медалін мерейтой иесінің омырауына тақты.

Сматолла Молдашұлының қыз-күйеубаласы Асқарбек пен Шамшырақтың немересі Әлихан, бала-келіндері Жұбандық пен Нұрсұлудың баласы Ержан, Жанат пен Әселдің қызы Іңкәр отау тікті. Өмірге Аяулым, Жібек, Марғұлан есімді шөберелер келді. Бала-келіні Бөріхан мен Айнагүл немере сүйді.

Республика Президентінің Жарлығымен күйеубала Асқарбек «Құрмет» орденімен, баласы Жұбандық «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

Осылайша сән-салтанаты келіскен көш өсиетке адалдықпен жарқын келешекке бағыт алып барады.

Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ,

Қазақстанның құрметті журналисі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button