Есімін ел ардақтаған

Осы өңірдің автокөлік қызметі саласында ұзақ жыл басшылық қызметте болған, Ақтөбе қаласының құрметті азаматы атанған, «Құрмет белгісі» орденінің, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасының иегері Жақсыбай Маматовтың есімі бүгінде оны білетін, көзін көрген замандастарының арасында ерекше құрметпен аталады.
Оны мұндай дәрежеге жеткізген адал еңбегі, азаматтық ұстанымы, елге жасаған қапысыз қызметі болса керек.
Майдангердің баласы
Өткен ғасырдың отызыншы жылдары дүние есігін ашқан буынның тағдырлары үнемі қатал сынмен, қиыншылықтармен бетпе-бет келіп отырғаны байқалады. Бірақ олардың көбі осы қысталаң шақтарда шынығып, шымыр болып өсті. Кейін ат жалын тартып, азамат болып, тірлікке араласқан тұстарында да бірқатарының көш басынан көрініп, іс тізгінін берік ұстауы осындай өмірдің қатаң мектебінен тәлім алғандығынан да шығар.
Есімін ел ардақтаған Жақсыбай Маматов аға сондай жандардың қатарынан еді. Оның балалық шағы елдегі қуғын-сүргін, қысталаң шақтармен сәйкес өтіп жатты.
Әкесі Шүрен Маматов ел басына қатер төнген уақытта қолына қару алып, майданға аттанады. Етігімен су кешіп, мұз жастанып, жаумен айқаста ерлік көрсетіп, қаза табады. Бұл кезде он жастан енді ғана асқан бала Жақсыбай оң-солын әлі толық танып үлгермегенімен, анасына тіреу, қолқанаты болуға ұмтылады. Анасы Ұлтуған да азаматының артында қалған жалғыз ұлын бір қараға жеткізуді көздеп, екі аяғын ат етіп, екі қолын қамшы етіп дегендей, сол кездегі «Бәрі де майдан үшін!» ұранымен күн-түн демей тынымсыз еңбек етеді.
«Жақсы әке балаға қырық жыл азық» дегендей, әкесінің көзін көрген замандастары Шүреннің баласы ғой деп оны қай жерде де қамқорлап, қолдап жүреді. Осындай жылы сөз, ыстық мейірім оны қанаттандырып, алға ұмтылуға себепші де болса керек, жастайынан жігерін жанып, намысын қайрап өседі. Бәлкім, қатарына қарағанда ертерек жетілуінің де бір сыры осында болса керек.
Ел қорғаған майдангердің баласы осылайша бейбіт күннің еңбек жорығына бел шеше кірісті.
Бухгалтерліктен басталған жол
Он сегіз жасар жігіт өзінің еңбек жолын сол кездегі Гурьев теміржол бөлімшесінің жұмысшыларды жабдықтау бөлімшесінде бухгалтер болып бастайды. Есеп қызметіндегі алғашқы тәжірибе, білікті мамандардың жанында жүріп, практикада шыңдалу оған алдағы еңбек белестерінде көп пайдасын тигізеді. Өйткені қандай да ұжымды оңтайлы басқару үшін де бухгалтерге иек сүйеп отыра бермей, ол істің құпияларын өзің де меңгеру қажеттігін ол ертерек ұғынады. Сол себептен де ұзақ жылғы басшылық қызметінде ең алдымен бухгалтерия жұмысын жолға қоюға ұмтылады.
Жақсыбай Шүренұлы еңбек ете жүріп, өз білімін ұдайы жетілдіруді, кейінгі жаңалықтарды жіті меңгеруді жадында ұстайды. Сол себепті де кеңестік заманда сонау Мәскеуге сапар шегіп, арнайы курстарда оқиды. Алматыдағы С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде білікті ұстаздардың дәрісін тыңдайды. Осылайша экономикалық білімін жоғары деңгейге жеткізеді.
Темір ауданының Сарыкөл ауылында дүниеге келген Жақсыбай Шүренұлы бастапқы кезеңдерде Шұбарқұдықтағы автобазада диспетчер болып еңбек етеді. Бұл, қарап отырсаңыз, бүкіл шаруа-тірлікті үйлестіріп отыратын, сырттан келген тапсырыстар бойынша көліктерді икемді етіп бөліп, жүргізушілердің құжаттарын жедел реттеуші орталық. Ұжымның жұмысының табысты жүруі де бір есептен диспетчердің қынулы қимылына байланысты. Ол бүгінгі міндеттерді тиянақты орындай отырып, ертеңгі міндеттердің жүзеге асуын да ойластырып отыруға тиіс. Бұл жұмыста өзінің іскерлігімен танылған жас маманды көп ұзамай сол уақыттағы Жұрын ауданына қарасты автобазаның директоры лауазымына бекітеді.
Қалай дегенде ұжымды басқару, еңбек адамдарымен тіл табысып, оларды ортақ мүдде жолында аянбай қызмет етуге жұмылдыру үлкен жауапкершілікті, өзіңе де, өзгеге де жоғары талап тұрғысынан қарауды қажет етеді. Жаңа директор аз ғана уақыт ішінде аудан экономикасының тұрақтылығына қызмет етуге тиісті кәсіпорынның жұмысын алға шығарады. Автобаза көлік жүргізушілері аудандағы ауыл шаруашылығы саласымен тығыз байланыста жұмыс істеп, егін орағы, мал азығын дайындау, басқа да маңызды жұмыстардың мезгілінде әрі сапалы атқарылуына көп көмегін тигізеді. Осы кезеңде көліктерді жаңарту, жөндеу жұмыстарының сапасын арттыру, еңбек тәртібін нығайту, социалистік жарысты өрістету сияқты бағыттарда нақты шаралар алынады. Соның нәтижесінде бұл автобаза облыс ауқымында алдыңғы қатардан көрінеді.
Жігерлі жастың ілкімді іс-қимылын республика бойынша басшылық байқап үлгереді. Сондықтан да көп ұзамай Қызылорда автотресі бастығының орынбасары қызметіне жібереді. Бұл кезде ол қырыққа да толмаған болатын. Осы өңірде еңбек еткен сегіз жыл ішінде ол өзінің ұйымдастырушылық, іскерлік қабілетін шыңдай түседі, жүргізген нәтижелі жұмыстарына орай үлкен беделге ие болады. Сондықтан да оны автотрест бастығы етіп тағайындайды. Бұл енді ғана қырықтың қырқасына көтерілген, қайраты тасып тұрған, қандай да болмасын игілікті бастамаларды игеріп алып кететін бітімі бөлек азаматқа көрсетілген үлкен сенім еді. Сол уақыттарда бұл автотрест күрішті өңірдегі көп жұмыстарды абыройлы атқарды. Ұжымда үздік автожүргізушілер легі айқындалып, олар түрлі марапаттар мен сыйлықтарға ие болып жатты. Осының бәрі басшының кеңінен ойластырылған жоба-жоспарларына сай жүзеге асырылған болатын.
1978 жылы Жақсыбай Шүренұлы Ақтөбеге оралады. Осында он бес жылға жуық жолаушылар, жүк тасымалы басқармаларына басшылық жасайды. Сол кезеңде өңірдегі көптеген маңызды нысандардың бой көтеруіне, уақытында пайдалануға берілуіне осы кәсіпорынның септігі молынан тиді.
— Мен 1983 жылы Жақсыбай Маматов басқаратын мекемеге оның орынбасары болып келдім. Өзі жалпы ұйымдастыру жұмыстарын қолға алды. Маған «Сен бала, жоспардың орындалуына тікелей жауаптысың!» деп алдыма нақты міндет қойды.
Білімді, беделі жоғары адам еді. Автокәсіпорынның материалдық-техникалық базасын жарақтандыруға ерекше ден қойды. Бұл еңбек өнімділігін арттыруға, жұмыстың тұрақты жүруіне септігін тигізді. Ол адам тани білетін. Мен ол кісіден көп тәлім-тәрбие алдым, — дейді еңбек ардагері Тұрсынхан Әмірханов.
Сексенінші жылдардың басында Ақтөбе қаласында көптеген әлеуметтік-өнеркәсіптік құрылыстар салынды. Соның бірі — «Сапар» деген атау алған заманауи талаптарға сай келетін, кең күту залдары, басқа да жағдайлары жасалған автовокзал. Оның салтанатты ашылуына Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев қатысты. Сол кезде түсірілген фотосуреттерде облыстың бірінші басшысы Василий Андреевич Ливенцовтің жанында Жақсыбай Маматовтың тұрғанын байқауға болады.
Ақиқатында осы зәулім ғимараттың сапалы және дер кезінде пайдалануға берілуге автотранспорт кәсіпорнының басшысы болып қызмет атқаратын Жақсыбай Маматовтың еңбегі зор болған екен.
Қай кезде де адамды көріктендіретін, мәртебесін көтеретін адал еңбегі, сөзі мен ісінің берік үйлесім табуы секілді абзал қасиеттері ғой. Сөз реті келгенде айта кетейік, сол себептен де болар, облыстық деңгейде өтетін жиналыс-кеңестерде кез келген басшыны фамилиясымен атайтын Ливенцов секілді қатаң басшы, оған келгенде Жәке деп ілтипат білдіреді екен.
Әулет жалғастығы
Әке майданда қаза тапты. Артында қалған ұл бар. Ол да өсіп-жетіліп келеді.
Сол кезде әулетті жалғастырар жалғыз баланың шаңырақ көтергенін, үй болғанын ағайын-тумалар, әсіресе әлпештеп өсірген анасы Ұлтуған асыға күтпей ме!? Бұл арман да орындалады. Бір күні жас жігіт ауылға Ақжайықтың ару қызы Ұлпатты алып келеді. Осылайша елге жаңа отау қосылады. Бұл қазақ жерінде жаппай тың көтеріліп жатқан 1954 жыл еді.
Жақсыбай мен Ұлпат сыйластықпен үлкен өмір жолын бастап, алғашқы күннен-ақ қонақ түсетін, елге жағымды отбасына айналады. Бұған, бір жағынан, Жәкеңнің жас та болса жолдастарының көптігі, олармен араларындағы ерекше сыйластығы себеп болса, екіншіден, жас келіннің қабағының ашықтығы, дастарқанының әркез дайын тұратындығы жол ашса керек.
Олар қырық жылдан сәл астам уақыт бірлесіп, жарасты ғұмыр кешті. Шуағы мол шаңырақта Алтай, Гүлнар, Гүлжан есімді перзенттер дүниеге келіп, сәби күлкілерімен, тәтті қылықтарымен әулет қызығын молайта түсті. Балалары мектепте жақсы оқыды, үлгілі тәртібімен, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысуымен көзге түсті. Бұл ата-аналары үшін де ерекше мақтаныш сезімін тудыратын еді.
Өкінішке қарай, тәжірибелі ұстаз, Ақтөбе қаласындағы Ғ.Ақтаев атындағы №6 мектепте біраз жыл қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен шәкірттерге дәріс берген білікті мұғалім Ұлпат Ахтанова енді құрметті демалысқа шығып, аяулы азаматымен өмір зейнетін көремін деген тұста дүниеден өтіп кетті. Бұл, әрине, оны білетін, күнделікті араласып-құраласып, жылы көңілдерін танытып отыратын ағайын-тума, дос-жарандарға ауыр соқты.
Сүйікті балаларына да ақыл беріп отыратын аяулы аналарын жоғалту оңайға соққан жоқ. Ал ел сыйлаған азамат, көпке құрметті Жақсыбай Шүренұлының сол кездегі жағдайы айтпаса да түсінікті еді. Үлкен ұжымды басқарған білікті басшы, көпке аға, жастарға ақылшы тұлғаның сырттан келгенде шаңырағын шуақты етіп, бүкіл жағдайын жасап отыратын жақсы жарының орнын толтыру әсте мүмкін еместей көрінген…
Дегенмен өмірдің өз заңы бар. Араға бірнеше жыл салып, белгілі бір уақыт өткен соң жанашыр жолдастары, жасы үлкен ағалар Жәкеңе қайғының соңына түсіп кетпей, тіршілік жасап, бас құрау керектігін айта бастайды. Тағдырдың жазуы шығар, осындай сәттерден соң ол дәрігер болып қызмет атқаратын Роза Қанапияқызымен тіл табысады.
….Кім-кім үшін де балаларының жақсы білім алғаны, белгілі бір мамандықты игеріп, қызмет жасағаны көңілді мазалап тұратын ой ғой. Шүкір, Жәкеңнің балалары әке-анасының тәрбиесімен бойларына сіңген жақсы жолды лайықты жалғастырды.
Жақсыбай ағаның жақын араласқан отбасылық жолдастарының бірі партия қызметінің ардагері Бекет Есенжолов аға еді. Бекет ағаның зайыбы, білім беру ісінің үздігі Айша Базарбаева апа былай деп өз ойын айтты: «Ағайдың балалары мақтауға тұрарлық болып өсті. Алтайы химиялық-технологиялық институтты бітірді, қалалық архитектурада біраз жыл жемісті қызмет етті. Облыс орталығындағы құрылыстардың сапалы салынуына байланысты өзінің тың идеяларымен көрініп, ұтымды ұсыныстарымен шаһар көркін келтіруге қатысты өз үлесін қосты. Өкінішке қарай, өмірден ертерек кетті.
Гүлнар шетел тілдері институтын бітіріп, Ұлттық қауіпсіздік комитеті академиясында, менеджмент және бизнес академиясында оқытушы болып, тәуелсіз елімізге қажетті мамандар даярлауға өз үлесін қосты.
Гүлжан тәжірибелі дәрігер-неонатолог, қазіргі уақытта Ақтөбе медициналық орталығында қызмет істейді.
Біз оларды мақтан тұтамыз».
Жақсыбай Шүренұлы балаларынан алты немере, сегіз шөбере сүйіп, солардың қызығын көріп, Алтайының жолдасы Әсияға, күйеу балалары Алтай мен Ермекке, олардан өрбіген жас буынға ақылын айтып, қамқорлығын жасап, ардақты ата, абыз ақсақал дәрежесіне көтеріліп, сексеннің бел ортасына жақындап, өмірден озды.
…Алтайынан тараған екі немересі Ербол мен Серікті Жақсыбай атасы ерекше көңіл бөліп тәрбиелеген екен. Бүгінде олар да азамат болды.
Ербол Астана қаласында тұрады. Ал Серік болса, атасы ұзақ жыл тұрған қара шаңырақты берік ұстап отыр. Көзкөргендер осыған сүйсінеді, осыған қуанады.
Иә, шынында да ұрпағы жақсының ғұмыры осылайша ұзара беретін болса керек…
Нұрмұханбет ДИЯРОВ.



