Мәңгі өшпейтін есім

Мектеп
Жыл сайын халқымыздың батыр қызы — Әлия Молдағұлованың музейіне арнайы бару менің әдетіме айналған. Барған сайын ондағы құнды жәдігерлерді зерделей келе, Әлия апамыздың өмірге деген құштарлығына, жақсы іске құлшынысына, ерлігіне, еліне деген сүйіспеншілігіне тәнті боламын.
Екінші дүниежүзілік соғыстың тарихына есімі өшпестей боп жазылған халқымыздың ержүрек ұл-қыздары көп. Солардың бірі — Әлия Молдағұлова. Әлия Молдағұлова біздің өңірдің Қобда ауданында дүниеге келген.Қазір бұл ауданда Әлия есімін иеленген ауыл да бар.
Батыр қыздың Ақтөбедегі музейі 1985 жылы, Әлияның туғанына 60 жыл толуына байланысты ашылған.Бұл — оған арнап жасақталған алғашқы музей. Бүгінде музей қорында Әлия Молдағұлованың балалықшағы,мектеп қабырғасындағы өмірі және соғыстағы ерлігі туралы құнды деректер, суреттер,хаттар,құжаттар бар, сонымен бірге батыр қыздың майдандағы ерлігі жайында түсірілген деректі фильм де сақталған. Фильм Әлияның бала күнінен басталып, майдандағы ерлік жолын әсерлі баяндайды.
Бағалы жәдігерлер қатарында 1941-1945 жылдардағы соғыста кеңес жауынгерлері киген әскерикиімдер,қару-жарақтар да экспозицияға қойылған.Сондай-ақ Әлияның қарулас достары жайлы да құнды ақпараттар сақталған.Бұлақ ауылындағы Әлияның туған үйін, Ресейдегі Әлия оқыған мектепті бейнесаяхат арқылы «аралап» көруге болады.
Музейге келгендер тарихтың үлкен бір парағын ақтарып шыққандай болады, соғыс жылдарындағы қиыншылықты, ерліктің қадір-қасиетінтерең түсінеді.
Болашақта білім алу және еңбек жолымда Әлияның қайсарлығын, өз мақсатына адалдығын, алған бетінен қайтпайтын төзімін өзіме үлгі етуге тырысамын. Барша құрбыларым мен іні-сіңлілерімді Әлияның өмір жолын танып-біліп, ғибрат алуға шақырамын.
Жәмила ТӨЛЕПБЕРГЕН,
№51гимназияның 11 «В» сынып оқушысы.
Ақтөбе қаласы.