Қолдау жалғасады

Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде жастар саясатын жүзеге асыру мәселесі қаралды.
Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Әлімбек Тұралиевтің айтуынша, бүгінде өңірдегі жастар саны 267 мыңнан асады. Олармен жұмыс істейтін 14 ресурстық орталық бар. Жыл басынан бері 4775 жас қолдау шараларымен қамтылған. Оның 1432-сі тұрақты жұмысқа орналасса, 32-сі «Бірінші жұмыс орны» және «Ұрпақтар келісімшарты» жобаларына қатысқан. «Жасыл ел» жасақтарына 1300-ден астам қыз-жігіт жұмысқа орналасқан. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 3200 қатысушыға жеткізу жоспарланып отыр.
—Біз жұмыспен қамтылмаған жастардың үлесін азайтуға үлкен мән береміз. Бұл үшін оларды жұмыспен қамтып қана қоймай, дамуына жағдай жасау маңызды, —деді басқарма басшысы.
Мәселен, жыл басынан бері жастарды белсенді қоғамдық өмірге тартуға, жаман әдеттердің алдын алуға, көшбасшылық қасиеттерді дамытуға бағытталған 500-ден астам іс-шара өткізілді. Солардың ішінде жоғары оқу орындарының студенттері мен колледж, жоғары сынып оқушыларының басын біріктіретін «Өзін-өзі басқару» жобасы да ерекше.
Кездесуде волонтерлік қозғалысты дамыту мәселелері де талқыланды. Облыста 3 мыңнан астам жастың басын біріктіретін 161 еріктілер тобы бар. Биыл волонтерлік қызметті қолдау және үйлестіру мақсатында тағы бір жаңа жоба іске қосылды.
«Ақтөбе жастары» тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асыруға ерекше назар аударылды. Екі жылдың ішінде 109 жас тұрғынүймен қамтамасыз етілді. Дегенмен сұраныс көп. Қазіргі уақытта бағдарламаға қатысуға ниет білдірушілерден 1800-ден астам өтінім түсті. Осыған байланысты жобаны жалғастыру үшін 500 миллион теңге бөлу мүмкіндігінқ арастыру ұсынылды.
—Жастар—біздің болашағымыз. Барлық деңгейдегі мемлекеттік органдардың міндеті—жай ғана бағдарламаларды жүзеге асыру емес, жастардың өзін-өзі жүзеге асыруына, білім алуына, жұмысқа орналасуына және лайықты өмір сүруіне нақты мүмкіндіктер жасау, —деді Асхат Шахаров.
Облыс әкімі жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендету бойынша жұмысты күшейтуді, «Жасыл ел» бағдарламасының мүмкіндіктерін кеңейтуді, «Ақтөбе жастары» тұрғын үй құрылысы бағдарламасын қосымша қаржыландыру мәселесін пысықтауды сондай-ақ жастар ресурстық орталықтары қызметкерлерінің ынтасын арттыру шараларын қабылдауды тапсырды.
Д.АЙДАР.



