«Ардагерлер өсиеті» марафоны басталды

Ұлы Жеңістің 80 жылдығы мен Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына орай «Ардагер өсиеті» республикалық жастар марафоны ресми түрде басталды. Еліміз бойынша басталған марафонның ашылу салтанаты Кеңес Одағының Батыры Ә.Молдағұлованың мемориалды кешенінде өтті.
Марафонның мақсаты — ел жадындағы Ұлы Отан соғысының ерлігін ұлықтап, ардагерлердің өсиетін келешек ұрпаққа жеткізу, жас буын арасында отансүйгіштік пен азаматтық жауапкершілікті нығайту. Шараға Мәдениет және ақпарат министрлігінің Жастар және отбасы істері комитеті Ведомствоаралық үйлестіру және өңірлік өзара іс-қимыл басқармасының басшысы Мансия Есекеева мен облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Әлімбек Тұралиев қатысты.Олар мемориалды кешенге гүл шоқтарын қойып, батыр рухына тағзым етіп, бір минут үнсіздікпен еске алды.
— Бұл марафон — өткенге тағзым, келер ұрпаққа өнеге болатын маңызды бастама. Соғыс ардагерлерінің атынан арнайы жазылған өсиет хат ҚазақстанРеспубликасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен әзірленді. Бүгінде көзі тірі соғыс ардагерлерінің қатары азайып барады. Сол себепті бұл өсиет — тарихтың тірі куәгерлерінің аманаты ретінде жас ұрпаққа жолданған рухани мұра. Онда Отанды сүю, елге адал қызмет ету, ата-ананы қадірлеу және білім алуға ұмтылу сынды тәрбие мен құндылықтарға байланысты терең ойлар мен ақыл-кеңестер жазылған,— деді М.Есекеева.
Марафон аясында соғыс ардагерлерінің атынан жазылған арнайы өсиет хат еліміздің барлық өңірін аралап өтеді.
Өсиетте былай делінген:
«Уақыт шіркін, жүйрік қой. Кеше ғана жүрегім «елім» деп соғып, қасиетті Отанды қорғауға аттанған едім. Бүгінде майдан даласынан Жеңіспен оралғаныма 80 жыл толып отыр. Жастық шағымды жанкешті күреске арнадым. Өмірімнің көктемі от пен оқтың ортасында өтті.
Қан майданның қасіреті мен қайсарлығы әлі де жадымда. Жолдастарым — кешегі боздақтар, бүгінгі ұрпақ үшін жанын қиған ардақтылар. Олар таңдауын өз пайдасы үшін емес, туған елдің тағдыры үшін жасады. Біз солардың аманатын арқалап қалған санаулы сарбаздармыз.
Қымбатты жас дос! Мектеп табалдырығын аттап, балалық шақтан болашаққа қарай қадам басып келесің. Егер сен осы өсиет хатты оқып отырсаң демек, азамат атандың, болашағың алдыңда. Енді иығыңа елдің үміті мен аманаты жүктеледі.
Есіңде болсын: артық қазына —кітапта. Білім — болашақтағы қаруың. Уақытыңды бекерге шашпа, рухани өсуге, ізденуге жұмса. Өзіңді таны, еліңді сүй, халқыңды құрметте!».
А.НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ.





