Болар елдің жастары…

Ассамблея
«Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Тимур Жұмырбаев жастармен кездесті. Іс-шара Ақтөбе қаласындағы «Қоғамдық келісім» мекемесінің жанынан өңірлік «Ассамблея жастары» ұйымы үшін ашылған коворкинг орталығында өтті.
Басқосуға «Ассамблея жастары» ҚБ өңірлік өкілдік мүшелері, этномәдени бірлестік төрағаларының орынбасарлары қатысты.
Бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясы этносаралық қатынасты нығайтумен бірге, жастардың қоғамдағы белсенділігін арттыру бағытында да үлкен істер атқарып жүр. Айта кету керек, «Ассамблея жастары» бірлестігі 2021 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бстамасымен құрылған болатын.
Коворкинг орталығындағыкездесудің мақсаты — өңірлік бірлестіктің бастамаларын қолдау, жаңа идеяларын іске асыру, жалпыұлттық бірлік пен бейбітшілікті насихаттау, достықты нығайту. Сондай-ақ жастар арасында тығыз қарым-қатынас орнату. Жастарға жаңа жобаларды бастауға, мәдениеттер мен дәстүрлер арасындағы байланысты күшейтуге, болашақ ұрпаққа ынтымақтастық пен өзара түсіністік рухын ұқтыруға мүмкіндік беру.
— Жұмысымыз ауқымды. Негізінен,маңызды 6 бағытта жұмыс істейміз. Мысалы, бұл бағыттардың арасында жастарды әлеуметтік қолдау, мемлекеттік тілді этносаралық тіл мәртебесінде дамыту, қоршаған ортаны қорғау мен әскери-патриоттық мәдениетті дамыту бар. Бірлестіктің басты міндеттері — жастар бастамаларын дамыту, жастар ортасында қоғамдық келісімді нығайта түсу, олардың әлеуметтік әлеуетін арттыру.
Өңірлерге сапарларды жиі ұйымдастырып жүрміз. Кездесулерде қоғамдық жұмыстардың маңыздылығы мен тиімділігін насихаттаймыз. Өйткені жастар бос уақытында қоғамдық өмірге белсенді араласса, олардың теріс жолға түспейтіні ақиқат, — дейді Тимур Жұмырбаев.
Жиын барысында жастар өздерінің бастамалары туралы ойларын ортаға салды. Бірлестік қызметімен таныстырып, жоспарларымен бөлісті.
Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.



