«Этно Camp — 2025» — тарих пен тәрбиенің тоғысуы

Лагерь
«Өткен тарихты білу — болашаққа бастар жол». Осындай айшықты айдармен Фариза Оңғарсынова атындағы №41 мектеп-гимназиясының жанынан тұңғыш рет «Этно camp — 2025» тарихи-алаң этнолагері өз жұмысын бастады. Бұл ерекше жоба балалардың ұлттық рухын, тарихи санасын, салт-дәстүрге деген құрметін оятуды мақсат етіп отыр.
Этнолагерь – жай ғана демалыс орны емес, бұл — ұлт тарихына сапар, тамыры терең мәдениетпен жүздесу алаңы. Мұнда оқушылар қазақ халқының көне дәуірлерінен бастап қазіргі заманға дейінгі тарихын зерттеп, көшпелі өмір салтының ерекшеліктерімен танысуда.
Мұндағы ұлттық тәрбиенің мақсаты — жастарды ауызбіршілікке шақыру, қазақ тілі мен тарихын, ұлттық рух пен патриотизмді ұлықтау.
Этно camp бағдарламасы бірнеше бағытты қамтиды. Олар — тарихи-танымдық сабақтар, шеберлік сабақтары, ұлттық ойындар, табиғат аясындағы сабақтар, ұлттық болмысты бойға сіңіру.
Осы белгіленген ауқымда оқушылар қазақтың хандары, билері, батырлары туралы мағлұмат алып, тарихи деректерге негізделген рөлдік ойындарға қатысады.
Сондай-ақ шеберлік сабақтарында бауырсақ ашыту, пісіру, сүзбе сүзу, құрт жасау, талқан тарту, диірмен жасау, құмай-тазы иттерінің мүсінін жасау, күбі жасау, қамшы өру, ұлттық аспаптарда ойнау секілді қолөнер түрлері тәжірибе жүзінде үйретіледі.
«Асық ату», «Сақина салмақ», «Тобығым қайда», «Тоғызқұмалақ», «Күрес түрлері», «Арқан тарту», «Бес тас», «Ақсүйек» ойынына квестарқылы ойнау оқушылардың денсаулығы мен командалық рухын нығайтады.
Лагерь табиғи ортада өтетіндіктен, балалар ұлттық тағамдарды дайындауды, киіз үй тігуді, қазанда ас даярлауды, самаурында шай қайнатуды, дала өмірінің қыр-сырын меңгереді.
Этнолагерь — оқушыларға тек қызықты демалыс емес, ұлттық болмысты терең ұғынуға мүмкіндік беретін орта. Балалар — тыңдап, көріп қана қоймай, адалдық, жомарттық, еңбекке баулу құндылығы, кішіпейілдік, адами қадір-қасиет, құрмет, сүйіспеншілік сезімдерін терең түсініп, эстетикалық бірлік, татулықнегіздерін қалауғаөздері белсене қатыса отырып, рухани ұлттық байлықтарды бойларына сіңіруде.
«Этно camp — 2025» — болашақ ұрпақты отансүйгіштікке, рухани байлыққа баулудың тың жолы. Мұндай этнолагерьлердің саны көбейіп, келешек жастардың тарихи санасы оянып, елге деген сүйіспеншілігі арта түсетініне сенімдіміз.
Гүлмира ДОСМАҒАМБЕТОВА,
«Этно camp-2025» тарихи-алаң этнолагерінің
музыка жетекшісі.