Балалардың шуақты мекені

Лагерь
Жазғы демалыс кезеңінде балалардың денсаулығын нығайтып, шығармашылығын дамытып, тұлғалық қасиеттерін қалыптастыру мақсатында Ақтөбе қаласының Жаңақоныс тұрғын алабындағы №69 жалпы білім беретін орта мектеп жанында 16-27 маусым аралығында«Достық» жазғы демалыс лагері ұйымдастырылды.
Жаз — балалық шақтың ең қызықты, қуаныш пен шаттыққа толы кезеңі. Осы мезгілде балалардың тиімді әрі мағыналы демалысын ұйымдастыру біздің басты міндетіміз болды. Алдымен лагерь жұмысына жауапты, белсенді тәрбиешілер мен қызметкерлер тобы жасақталып, балалардың тыныштығы мен шығармашылығының дамуына жағдай жасалды.
Тәрбиешілеріміз балалар үшін қызықты да танымдық шаралар, тренингтер, спорттық және зияткерлік сайыстар ұйымдастырып, барынша жауапкершілікпен жұмыс істеді. Лагерьдің логотипі мен гимні тәрбиешілер мен балалардың бірлескен шығармашылығы нәтижесінде дүниеге келді.
Ата-аналармен тұрақты байланыс орнатылып, қажетті құжаттар жинақталды. Ер балалар мен қыз балаларға арналған арнайы жатын бөлмелер жабдықталды. Дәмді әрі пайдалы тағамдар дайындаған аспаз Лариса апайларына балалар ерекше алғысын білдіріп жатты.
Лагерьде қауіпсіздік пен тазалық бірінші орында тұрды. Жаз мезгіліндегі қауіпсіздік ережелері, жолда жүру тәртібі, алғашқы көмек көрсету жолдары жайлы арнайы сабақтар өткізіліп, балаларға қажетті ақпараттар берілді. Медициналық бақылау күн сайын жүргізілді.
«Достықтағы» әр күн балалар үшін қуанышқа толы болды. Спорттық жаттықтырушы Қуаныш Оралбайұлының жетекшілігімен өткізілген дене жаттығулары мен қозғалыс ойындарына балалар аса белсенділікпен қатысты.
Мектеп жанындағы «Достық» жазғы лагері — балалардың жай ғана демалып қоймай, өз бойындағы қабілеттерін ашып, жаңа достар тауып, өмірлік маңызды дағдыларды меңгеретін ерекше орта. Мұнда әр бала үшін жаздың әр күні ұмытылмас естеліктерге толы болды.
Айнұр РАХМЕТОВА,
№69 орта мектеп директорының
тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары.
Ақтөбе қаласы.