Айбынды жастардың жиыны

Облыста Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдығы мен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Айбын-2025» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиыны өтіп жатыр. Жарыстың алғашқы кезеңдері басталып, қатысушылар әскери, зияткерлік және шығармашылық сайыстарға белсене атсалысуда. Ресми ашылу салтанаты 25 маусымға жоспарланған. Жиынға Қазақстан Қарулы Күштерінің, Төтенше жағдайлар министрлігінің, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі мен Мемлекеттік күзет қызметінің өкілдері тартылған.
Биыл 11-ші мәрте өткізіліп отырған халықаралық жастар жиынының алғашқы күні қатысушылар бірнеше бағыт бойынша сайыстарға қатысты. Атап айтқанда, «Айбын дарыны» зияткерлік ойыны, пневматикалық мылтықпен ату, АК-74 қаруын бөлшектеп-жинау, «Смарт сарбаз» робототехника байқауы және «Айбын жұлдызы» шығармашылық сайысы.Одан бөлек спорттық жарыстар, командалық ойындар, экскурсиялар және кешкілік алау жанындағы кездесу кештері ұйымдастырылды.
— 22-28 маусым аралығында Ақтөбе қаласындағы Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері әскери институтының «Айбын» оқу полигонында «Айбын-2025» XI Халықаралық әскери-патриоттық жастар жиыны өтіп жатыр. Алты елден 51 команда, мыңға жуық жас сарбаз қатысуда. Қытай Халық Республикасы бақылаушы ел ретінде өз делегациясын жіберді. Шараның салтанатты ашылу рәсімі 25 маусым күні өтеді.
Ақтөбенің іргесіндегі Хлебодаровка аумағында орналасқан полигон «Айбын» атауын алып, бұл жиынға арнайы дайындалды. Казармалар, футбол алаңы, воркаут-аймақтар, амфитеатр, асхана және медициналық пункттер жабдықталып, инфрақұрылым толығымен жаңартылды.Барлық қазақстандық және шетелдік командалар әуе, теміржол, автомобиль және әскери-көліктік авиация арқылы жеткізілді, — деді «Айбын-2025» әскери-патриоттық жиынының ұйымдастырушысы, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығының тәрбие, идеологиялық және әскери-патриоттық жұмыстар бөлімі офицері Еңлік Ержанова.
Жиынға Өзбекстаннан келген қатысушы Әділет Қонысов:
—Біз бұл жарысқа жүлделі орын алу үшін келдік. Дайындығымыз жақсы, бар күшімізді саламыз. Командамызбен бірнеше ай бойы әскери дайындықтан өтіп, интеллектуалдық және спорттық бағыттарда тынымсыз жаттықтық. Қазақстанға алғаш рет келіп отырмыз, ұйымдастыру деңгейі жоғары, қатысушылар өте мықты. Дегенмен біз де оңай қарсылас емеспіз. Әрбір сайыс біз үшін — үлкен тәжірибе әрі жауапкершілік. Ел намысын абыроймен қорғап, туған жерімізге жеңіспен оралсақ дейміз, — деп бөлісті.
Қазақстандық командалар да өз аймақтарынан іріктеліп, жоғары дайындықпен келген.
—Облыстық кезеңде жақсы нәтиже көрсетіп, осы жиынға жолдама алдық. Бұл біз үшін үлкен мүмкіндік болды. Командада әрқайсысымыз өз міндетімізді жақсы білеміз. Жарысқа тыңғылықты дайындықпен келдік. Сондықтан әр сайыста барымызды саламыз. Мұнда түрлі өңірлер мен елдерден келген мықты қарсыластар бар. Бұл,бір жағынан,бізге жаңа тәжірибе болса, бір жағынан жаңа таныстық орнатып жатырмыз,— деді Түркістан облысы «Жас сарбаз» филиалының өкілі Қайсар Отаубай.
Айдана АЛТЫБАЕВА.