Медициналық пойыз ауылдарды аралап жүр

Саламатты Қазақстан
Тұрғындарға тегін медициналық және құқықтық көмек көрсететін «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы Ақтөбе облысына келді.
Мамандар өңірде болған уақытта 9 ауыл мен оған жақын орналасқан елді мекендердің тұрғындарын қабылдайды.
Бұған дейін пойыз Ноғайты, Шұбарқұдық, Қарашоқат станцияларында болды. Бүгін Қотыртаста, 25-26 маусым күндері Қандыағашта қабылдау жүргізеді. Мәртөк, Ақкемер және Кемпірсай елді мекендеріне шілде айында барады. 13-14 шілде күндері — Мәртөк, 15-17 шілдеде — Ақкемер және 17-18 шілдеде Кемпірсай ауылының тұрғындары мамандардың кеңесіне жүгіне алады.
Терапия, хирургия, педиатрия, кардиология, неврология, оториноларингология, офтальмология, стоматология, гинекология, урология, функционалды диагностика, рентген және психология салалары бойынша жалпы 29 дәрігер қабылдау жүргізіп жатыр. Кеңес беруден бөлек, пойызда УДЗ, ЭКГ, флюорография, гастрофиброскопия, қан талдауы және басқа да диагностикалық тексерулерден өтуге болады. Қажет болған жағдайда шағын хирургиялық операциялар да жасалады. Барлық санитарлық және техникалық талаптар сақталған, пойыз заманауи жабдықтармен қамтылған.
Дәрігерлермен қатар, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия атынан келген заңгерлер мен медиаторлар ауыл тұрғындарын қабылдайды. Олар еңбек дауларын шешуге, әлеуметтік төлемдерді рәсімдеуге, сот және құқықтық мәселелер бойынша кеңес беруге көмектеседі.
Медициналық пойыз Ақтөбе облысынан кейін Батыс Қазақстан, Қостанай өңірлеріне бағыт алады.
А.БОЛАТБЕК.