Мәдениет

Шуақты ән мерекесі

Байқау

Ақтөбеде белгілі композитор Бейбіт Оралұлының шығармашылығына арналған халықаралық «Елім менің» ән байқауы өтті.

Ақтөбе — қазақтың кәсіби музыка мәдениетінің негізін қалаушы, композитор, академик Ахмет Жұбановтың туған өлкесі. Туған жері Жұбановтың ізін жалғаушы таланттарға кенде емес. Солардың арасында ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Бейбіт Оралұлының шоқтығы биік.

Облыс әкімдігінің қолдауымен «Елім менің» ән байқауы 2011 жылдан бері өтіп келеді. Бастапқыда республикалық деңгейде ұйымдастырылса, 2015 жылдан бастап халықаралық дәрежеде өткізіліп жүр.

Биылғы байқауға әлемнің 5 мемлекеті мен өз еліміздің түкпір-түкпірінен 50-ден астам өтініш түсіп, оның ішінен 20 үміткер таңдап алынған екен. Өкінішке қарай, қазіргі жағдайларға байланысты шекарадағы бақылау тәртібі күшейтілгендіктен, екі үміткер дер уақытында келіп үлгермеді. Сөйтіп, биылғы байқауға 18 үміткер қатысты.

Баспасөз жиынында атап өтілгендей, биылғы байқау Бейбіт Оралұлының 70 жылдық мерейтойы мен оның шығармашылық орталығының 10 жылдығына арнап ұйымдастырылды.

Белгілі эстрада әншісі, Қазақстанның халық артисі Нағима Есқалиева осы жиында сөйлеген сөзінде Бейбіт Оралұлы шығармашылығын өте жоғары бағалайтынын жеткізді. «Оның әндері — әлемдік деңгейдегі сахнаға лайық туындылар», — деп атап өтті әнші.Сондай-ақ  қатысушыларға сәттілік тіледі.

Байқауды үлкен сынақ ретінде қабылдамау керек. Ол шығармашылығыңды одан әрі дамытудың, үлкен сахнаға апаратын жолдың бір бөлшегі ғана. Сондықтан өз өнеріңді паш ететін бір сәтті мүмкіндік ретінде қабылдаған дұрыс, — деді ол.

Баспасөз жиынында қазылар алқасының құрамы да таныстырылды. Қазылар алқасына композитор Бейбіт Оралұлының өзі басшылық етті. Ал құрамында Қазақстанның халық артисі, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының профессоры Нағима Есқалиева, болгариялық мәдениеттанушы, эстетика ғылымдарының докторы Николай Текелиев, ҚР мәдениет қайраткеріҚарылғаш Әбдікәрімова,Абай атындағы Қазақ Ұлттық опера және балет театрының жетекші солисі Венера Алпысбаева және 2022 жылғы «Елім менің» халықаралық байқауының бас жүлде иегері, әншіАзамат Бекбергенов болды.

Байқау екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде қатысушылар Бейбіт Оралұлының әндерін орындауы шарт болса, ал екінші кезеңде өздері қалаған әнді айтты.Байқаудың шымылдығы «Алғашқы көктем» әнімен ашылды. Орындаған — ақтөбелік әнші Мерей Самұрат.

Байқауға шетелден келіп қатысқан әншілердің арасында Болгария, Армения, Тәжікстан, сондай-ақ туыстас Өзбекстан мен Қырғызстан елдерінен жас дарындар бар. Ал әнші, «Серпер» жастар сыйлығының лауреаты Өмірқұл Айниязов, «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің директоры Елубай Кенжалиев, т.б. белгілі өнер адамдары кеш қонағы ретінде қатысты.

Бейбіт Оралұлы 200-ден астам ән жазған. Байқауда сазгердің «Елім менің», «Алғашқы көктем», «Нұр бейнең», т.б. кең танылған әндері орындалды.

Қорытындысында, қазылар алқасының шешімімен екі бірдей әнші І орын иегері атанды. Олар — ақтөбелік Нарғыз Жанұзақова мен Болгарияның София қаласынан келген Невена Пейкова. Жеңімпаздарға 500 мың теңге көлемінде жүлде табысталды.

Алматылық Кәмила Талғатова мен ақтөбелік Жидебай Миржан ІІ орынға лайық өнер көрсетті. Ал Мерей Самұрат, астаналық  Мақпал Есқалиева және тағы бір ақтөбелік  әнші Әкімжан Шәкіров ІІІ орын алды.

Сонымен қатар тараздық Ақбөпе Әлібекова «Ең үздік ковер» номинациясы бойынша, ал өзбекстандық Шахруххан Халимхонов «Үміт» номинациясы бойынша марапатталды. Жетісулық Ақбота Сабыржанова мерейтой иегері Бейбіт Оралұлының арнайы жүлдесіне ие болса, ақтөбелік әнші Аманбек Нұртайға «Бибі ана»арнайы жүлдесі берілді.

Соңынан жүлдегерлер мен дипломанттардың қатысуыменгала-концерт өтті.

Айна САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button