Білім

«Келешек мектептері» жобасы қалай жүзеге асырылып жатыр?

Баспасөз туры

 Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған баспасөз турында облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы  басқармасы басшысының орынбасары Аслан Жарасбаев айтты.

Ел Президентінің тапсырмасын орындау мақсатында біздің өңірде «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 14 мектептің құрылысы жоспарланған болатын. Қазірдің өзінде 2 мектеп пайдалануға берілді. Олар: Есет батыр тұрғын үй алабындағы 2000 орындық және Ақжар-2 тұрғын үй алабындағы 300 орындық мектеп. Қалған 12 білім шаңырағының құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жоспар бойынша бәрінің құрылысы биыл аяқталуға тиіс. Дегенмен бір мектептің — Оңтүстік-Батыс шағын ауданында салынып жатқан 300 орындық нысанның құрылысы кештеу басталғандықтан жыл соңына дейін аяқталмауы да мүмкін. Қалған 11 мектептің құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Бірқатары салынып болып қалды. Мысалы, Саяжай-1 тұрғын үй алабындағы сыйымдылығы 300 орындық мектепті маусымның 30-ы күні іске қосу жоспарланып отыр. Сондай-ақ Мәртөк ауданы Сарыжар ауылындағы мектеп пайдалануға дайын тұр десе де болады.  Бұл айда осы екі мектеп ашылады. Қыркүйекке дейін 5 мектеп пайдалануға берілмек. Қалған ғимараттардың құрылысы қазан, қараша айларында толық аяқталады, — дейді Аслан Жарасбаев.

Құрылысы бұдан екі жыл бұрын басталған Саяжай-1 тұрғын үй алабындағы мектепті салуға 51 адам жұмылдырылған. Бүгінде нысан құрылысының 91 пайызы аяқталыпты.

Қазір ғимарат маңын абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ нысанның ішкі жұмыстары, нақтырақ айтқанда, инженерлік желілері өткізіліп, кейбір кабинеттердің қабырғалары безендірілуде.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен салынып жатқан мектептердің материалдық-техникалық базасы мықты. Бұл білім шаңырақтарының бәрі де заман талабына сай жабдықталатын болады. «Келешек мектептері» жобасы — қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасындағы алшақтықты жоюға бағытталған бірегей бастама. Мұнда әр баланың жан-жақты дамуына және өз әлеуетін толық ашуға тең мүмкіндік жасалады, — дейді«Бабек құрылыс» ЖШС менеджері Ақмарал Әлімбаева.

Айта кету керек, 2023 жылы «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясындағы мектептердің құрылысы үшін Ұлттық қордан 26,7 млрд теңге бөлінді. Былтыр 25,6 млрд теңге игерілді. Биылға 24,8 млрд теңге бөлу жоспарланған.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button