Тағдырлары ұқсас еді…

Сағи — Ақтөбенің Байғанин ауданының тумасы, Қабдыкәрім—Павлодар облысы Ақтоғай ауданының өрені. Екеуінің жолын тағдыр тоғыстырыпты. Екеуінің де жастай тартқан теперіші бір еді: «халық жауының» балалары…
Қабдыкәрім Ыдырысов 1928 жылы дүниеге келді, Сағи Жиенбаев 1934 жылдыңтөлі еді. Бірер көйлекті бұрын тоздырса да,Қабекеңнің Сағидай бауырын жақын тартуына себеп көп еді. Олар өмірде де, өлеңде де қанаттас, қарайлас болды.
Екі ақынның да негізінен жырлаған тақырыптары —азаматтық, адамгершілік қасиеттер, отансүйгіштік, үлкенге құрмет, соғыс жауынгерлерін қадірлеу, туған жерге сағыныш, анаға деген перзенттік тебіреніс.
Сағи ақынның мына бір өлеңін бүкіл ел біледі:
«Дүниеге келер бір рет,
Дария кеуде, тау мүсін.
Құрыштан құйған құдірет,
Қарттарым, аман-саумысың?
Өздерің болса жанында,
Ел іші жомарт еңселі.
Дән иісі жүрген қанында,
Даламның бір-бір бөлшегі…»
Қабдыкәрім ақының да қарттарға, ауыл ақсақалдарына деген іңкәрлігі, құрметі ересен еді. Ол екеуі де ауыл қарттарының даналығын, олардың қолына су құйып, бата алған сәттерін мақтан ететін. Бұл қасиеттерді ұлттың дара ерекшеліктері ретінде таныды, жырлаудан танбады.
Олар соғыс қасіретін тартқан ұрпақтың қатарынан еді. Ол тұста елдің үлкені де, кішісі де соғыс қиыншылығының салмағын сезінді. Сондықтан балаҚабекең де, Сағи да өмірдің ащы дәмін ерте татып, ерте есейді. Бірақ кеудеде жалын, асқақ сезім бар еді. Сол сезім оларды алға жетелеп, жігерлерін жаныды.
Екеуі де ақындық жолды таңдады. Бұл «халық жауының баласы» деген аттан көпшіліктің үркетін кезі еді. Сонда да олар бір үмітке жүгінді. 1952 жылы Қабекең анасы мен аяғы ауыр келіншегін алып, Керекуден Алматыға қоныс аударды.Алатаудың етегінде өзінің сыршыл жырларын жазды. Ақынның «Ертiс-толқын», «Саяхатта», «Әке жолы», «Адамның кейбiр кездерi», «Шуақты күндер»,тағы басқа жинақтары жарық көрді. 30-дан астам кiтаптың авторы Қ.Ыдырысов лирикалық туындыларымен көптiң көңiлiнен шығып, қалың оқырман жүрегiнен орын алды.
Әсіресе «Әке жолы» дастаны ақын шығармашылығының шырқау шыңындай болды. Қанқұйлы саясаттың құрбаны болған әкені аңсаушы кейіпкер бала Қимаш — ақынның өзі. Ел басына үйірілген қасіретті ақын нәзік иірімдер арқылы жеткізе білді.
КейініректеуСағи Жиенбаев та жас отбасын алып, Алматыға жетеді. Халық жазушысы Смағұл Елубайдың «Дүниеге келер бір рет» атты естелігінде жазылғандай, шақырылмаған Сағиды Алматы құшақ жайып қарсы алған жоқ.Жас талапкер қанша қиындық көрсе де, жасымады. Бұл қалада Ақтөбеден шыққан Шаңғытбаев дейтін ақын барын білетін. Жас Сағидың жырларын оқыған Қуандық аға балаша қуанды. Сағиды Ізтай Мәмбетовке тапсырды. Ізтай ақын оны «Қазақ әдебиетіне» қызметке алды.
Бұған дейін жазғанымыздай, Қабекеңді де жерлес ағасы Қалижан Бекқожин қолдап, өлең әлемінде орнығып қалуына зор көмек көрсеткен еді. Бұл туралы Қабекең«Алматыға алты өлеңмен сүйреген»атты арнау-өлеңінде жазды.
Қош, сонымен екі ақын да дер кезіндеағаларының қолдауын көрді.
Сағи Жиенбаевтың шығармашылық күш-қуатынұлы жазушы Әуезов те байқап, жас ақынға жылы лебізін білдірді. «Сағи Жиенбаевтың бірқатар өлеңін оқыдым. Оларда толып жатқан образ, көп шындық, көпшілікке ортақ шындық бар. Біртүрлі еліктіретін, сүйсіндіретін, оқушыға бас игізетін соншалық шындық пен бетке ыстық демі сезіліп кеткендей көрінетін шыншылдық бар. Поэзияға керегі осы шыншылдық» — деп тебіренді ұлы жазушы. Алыптың батасы жас ақынның жолын айқара ашты. «Ең қызығы, жас ақынның жыр арқауы алып та әдемі Алматы емес, сонау алыста қалған көзге қораш алақандай ауылы болды», — дейді С.Елубай.
Қабдыкәрім ақын көптеген жас әдебиетшілермен байланыста болды. Бүгінде классик атанған тұлғалардың бірқатары жас кезінде Қабекеңнің қолдауын көргенін айтады. Жанында жүрген Сағи Жиенбаев та ағасының жанашырлығына зор баға берді.
Қ.Ыдырысовтың шығармашылығы туралы жазған кітаптардың алғысөзінде де Сағи мұны жақсы жеткізді.Мәселен, бір сөзінде Сағи Жиенбаев:«Мен Қабдыкәрім өлеңдеріне қарап отырып, бүкіл бір ұрпақтың өткен өмір жолына, сонау бір балалық шаққа сапар шеккендей боламын. Көзбен көрген көп жайларды, жан-жүйені босатар қиын жағдайларды қайта еске түсіремін. Бірақ езіліп-торығып емес, ылғи да есейіп-толысып қайтамын.
…Есімде июнь айы қырық бірдің
Ел үшін ер басына туыпты күн, —
Мен мұны — бірден үш-төрт ұстазымды
Майданға шығарып сап тұрып білдім.
Талай жас, талай аға кете барды,
Аңырап талай ана жеке қалды.
Үйіне түскен мұндай ауырлықты,
Қандай ел бізден басқа көтере алды?!
Суырылған қылыштай боп қынабынан,
Ел үшін, ерлік үшін сұранды жан.
Оқуды тастай салып,
жармастық біз,
Трактор — сом тұлпардың құлағына.
Қиынға қайысса да бұғанамыз,
Қалайша қия тартып, бұға аламыз?
Әлде жан артық па еді, асыл ма еді,
Ажалмен арпалысып жүр ағамыз.
Бұл —– сол кездегі балапан ұрпақтың бәрінің де жүрек сөзі болатын. Қабдыкәрім бұл сөзді алғаш рет жырға түсірушілердің бірі болды. Әрі айнытпай, әдемі түсірді», — деп жазған екен.
Тағы бір естелігінде: «Қабдыкәрім әуелбастан көңілдің ақыны болып келді. Ол не де болса ағынан жарылып, ақтарылып айтты. Қуанышын да, ренішін де бүгіп қалмады. Өмірде де, өлеңде де барынша адалдықты қалады. Біз Қабдыкәрімді елінің жыры, жігіттің гүлі есебінде әлі талай еске аламыз», — деп пікір білдіріпті.
Қабекеңнің әуелде әдеби ортада әншілігімен,соның ішінде Естайдың әнін айтумен танылғаны Жұбан Молдағалиев, Мұзафар Әлімбаев, Қасым Қайсеновтің естеліктерінде кездеседі. Мысалы, Мұзафар ағаҚ.Ыдырысовтың «Ән сүймеген өмірді де сүймейді, өзім жоқта әнім жүрсін құлақта» деген ұстанымына адал болып, ұмытылуға айналған талай әндерге сөз жазып, қазақ өнерінің қоржынына қайта қосқанын да сөз етеді. Солардың бірі — «Айнам-ау» әні. Оңтүстік өңірден тауып алып жаңғыртқан әннің сөзін Қабдыкәрім мен Сағи бірге жазған.
Әннің қайырмасы былай болып келетін еді:
«Ойда-жоқта жолыққан қарындасым, айнам-ау,
Қайда жүрсем, сен менің жадымдасың, айнам-ау.
Қапияда көз жазып қалып едім, айнам-ау,
Сәлемімді ұшырдым сағынған соң, айнам-ау.
Әлдеқандай мінезің бар,
Біле алмадым, қайдам-ау».
Қабдыкәрім ағасы мен Сағи інісінің арасындағы осындай нәзік туыстық, сырластық ғұмыр бойы жалғасты. 1978 жылы Қабекеңнің 50 жылдық тойы туған жерінде атап өтілді. Бұл тойға Алматыдан сол кездегі Қазақстан Жазушылар одағының басшысы Жұбан Молдағалиев, ақын Сағи Жиенбаев, сазгер Әсет Бейсеуовтер арнайы келіп қатысты.Қабдыкәрім ақын осы тойданкейін бірер ай өтер-өтпесте дүние салды. Сағи Жиенбаев дүниеден өткен ақынның кітаптарына бірнеше мәрте алғысөз жазып, еске алуға арналған іс-шараларда Қабдыкәрім ағасы туралы жүректүбінен толғаған естеліктерін айтып, газеттерге де жариялапжүрді. Оның аға рухына адалдығының бір белгісі — ҚабдыкәрімЫдырысовқа арнаған «Аға» атты өлеңі.Бұл поэзияда да, пәни тірліктеде қанаттас, сырлас болған асқақ тұлғалы ақындардың сыйластығына мәңгілік ескерткіш болып қалған өлеңдер еді.
Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Павлодар облысы.
Сағи ЖИЕНБАЕВ
АҒА
ҚабдыкәрімЫдырысовқа
Болған жоқ бізде көп аға
Алдынан шығар еркелеп…
Ертеректүстікдодаға,
Есейдіксоданертерек.
Күттік біз мейірім әр жаннан,
Зәру боп ыстық құшаққа.
Ағалық жасар абзалдар
Азайып қалған бұ шақта.
Шалғынын кешіп даланың,
Көктемгі күнмен жылындық.
Арқадан қағар ағаның
Қадірін жастай ұғындық.
Тілекті соған арнадық,
Толтырдық орнын олқының.
Екеуміз ерте жалғадық,
Ертіс пен Жемнің толқынын.
Қуандық бірге тірлікте,
Құсымыз бірге жүр шарлап.
Жүйткідік өлең-жүйрікпен
Жиырма жыл бойы бір самғап.
Кездестік талай таңдармен,
Жұлдызбен бірге тілдестік.
Аз ғана күнгі бал дәурен
Бозбала күнді бір кештік…
Алқалы топқа түскенде
Маңдайың күндей жарқырап,
Тілегің тілеп іштей мен,
Тұрушы ем үнсіз қалтырап.
Айналып алау жалынға,
Аңқылдап жүріп бұлтқа ұшып.
Қабағың шытқан шағыңда
Қалушы ем мен де кілт түсіп.
Таппаушы ең бір сәт тыныс та,
Арым деп елді ардақтай —
Бар күшін жинап,
ұрысқа
Соңғы рет кірер солдаттай.
Ұшушы ең алып биікке,
Жүргенін көрсең кім жүдеп.
Ағажан,
Сендей жігітке
Аз болып қалды-ау бір жүрек.
Көпедіарман-тілек те,
Азамат—көптіңағасы.
Жұпардайедіжүрекке
Сен жүргенжердіңауасы!
Көңілде кірбің мұң қалмай,
Тазарып сенің қасыңда,
Болушы ек ылғи тұрғандай
Таулардың қия басында!