Кәсіподақ және жастар

Форум
Ойыл ауданында жас кәсіподақ көшбасшыларына арналған форум өтті. Бұлфорумды Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының 100 жылдығы мен Кәсіподақ қозғалысының 120 жылдығы аясында Ойыл аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымының жанынан құрылған жастар кеңесі ұйымдастырды.
Жас мамандардың кәсіби өсуіне көмектесу, білімдерін тереңдету, біліктіліктерін арттыру және тәжірибелерін практикада қолдануға мүмкіндік беруді көздегенфорумның бағдарламасы бірнеше бөлімнен тұрды. Алғашқы бөлімде «Дарынды ұстаз — талантты шәкірт» жобалық көрмесі ұйымдастырылды. Одан кейін қатысушыларға арнап аудандық білім бөлімінің және облыстық кәсіподақ ұйымының өкілдері құттықтау сөз сөйлеп, Кәсіподақ қозғалысының тарихи маңызы мен бүгінгі рөліне тоқталды.
Іс-шара аясында «Кәсіподаққа — 100 жыл»тақырыбындағы деректі фильм көрсетіліп, QUIZ форматында зияткерлік ойын ұйымдастырылды. Одан кейін форумға қатысушылар Ш.Берсиев атындағы Ойыл аудандық тарихи-өлкетану мұражайы, «Бай көпес Красавиннің үйі», «Көкжар жәрмеңкесі» сынды тарихи-мәдени орындарға экскурсия жасады.
Түстен кейін Ж.Жүсібалиев атындағы Ойыл қазақ орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айнаш Дінжанова «Жас кәсіподақ көшбасшылары: тәжірибе және қолдау» тақырыбында панельдік пікірталас ұйымдастырып, жас мамандармен тәжірибе бөлісті.
Форум соңында белсенді жастарға аудандық кәсіподақ ұйымының сыйлықтары мен Бурабай өңіріне саяхатқа жолдамалары табысталды. Сондай-ақ ауданның көпбалалы жас ұстаздары Әйтеке-Әйгерім Хамитовтерге ерекше құрмет көрсетілді.Форум соңы шағын концерттік бағдарламамен аяқталды.
Облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының өкілдері Ойыл ауданына арнайы жұмыс сапары барысында аудан аумағындағы білім беру мекемелеріндегі кәсіподақ ұйымдарына әдістемелік көмек көрсету, сондай-ақ әлеуметтік әріптестік аясындағы мәселелерді талқылау үшін Ойыл қазақ орта мектебінде, «Жолшы» бөбекжай-бақшасында және аудандық музыка мектебінде кездесулер өткізді.
С.ҚОЙБАҒАРОВ,
Ойыл ауданы.



