Мәдениет

Мерейтойға арналды

Фестиваль

Ақтөбеде «Әлия гүлі» достарын қарсы алады» Х ашық балалар мен жасөспірімдер шығармашылық фестивалі өтті. Екі жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын шара биыл Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдық мерейтойына арналды. Фестивальға Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Татарстан, Армениядан және еліміздің түкпір-түкпірінен өнер ұжымдары келді.

Шараның ашылу салтанатына келген көрерменге алдымен қатысушылар таныстырылды. Фестивальға өнер ұжымдары бар, жеке орындаушылар бар — барлығы 300-ге жуық өнерлі жас қатысты.

«Әлия гүлі» қазақ би ансамблінің көркемдік жетекшісі Шолпан Айнабекова жыл өткен сайын шараның ауқымы кеңейіп келе жатқандығын айтады.

Бұл фестиваль батыр Әлия Молдағұлованың 80 жылдығында бастау алды. Содан бері 20 жыл өтті. Жылдан-жылға алыс-жақын шетелдерден келетін қатысушылар саны көбейіп келе жатыр. Атап айтсақ, бұған дейін Ресей, Түркия, Украина, Моңғолия, Эстония, Грециядан қатысушылар келді. Биыл Өзбекстан, Қырғызстан, Татарстан, Армения мемлекеттері қосылып отыр. Бұл ашық фестиваль болғаннан кейін кез келген өнер ұжымы қатыса алады.

Қазір өздеріңіз білетіндей, коммерциялық фестивальдар мен байқаулар көп ұйымдастырылады. Ал біздің фестивальдің өтуіне Ақтөбе қалалық әкімдігі  қаражат бөліп, қолдау білдіріп отыр. Келген қонақтар тек шараға қатысып қана қоймай, бірнеше күн қаламыздың көрікті жерлерін аралап, уақытын көңілді өткізді, — дейді ол.

Татарстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, «Очарование» вокалдық ұжымының жетекшісі Людмила Маркова аталған фестивальға биыл жетінші рет келіп тұр екен.

— Әр келгенімде әртүрлі өнер ұжымын алып келемін. Биыл да Ақтөбе жерін көрсін, жаңа ортамен таныссын, тәжірибе алмассын деген ниетпен фестивальға асыға жеттік. Біз көптеген елдерде болып жүрміз. Осындай ерекше қонақжайлықпен қарсы алып, тегін ауқымды фестиваль ұйымдастыру сирек кезедеседі, — дейді ол.

Ал Астана қаласынан келген Әлихан Нұрлыбек фестивальға танымал «Әлия» әнін дайындап келіпті. «Азия дауысы», «Жас қанат» сынды ән байқауларының жүлдегері атанып жүр. Болашақта әнші болуды армандайтын жас өрен Ақтөбе музыкалық колледжіне оқуға түскісі келетінін айтты.

— Ақтөбеге алғаш келуім. Әлия Молдағұлованың есімі қазақ халқы үшін қашанда мәртебелі. Сондықтан осындай батырдың өнер ұжымы әрі қарай қанатын кеңге жайып, өркендей берсін дейміз.

Сондай-ақ Ақтөбе — жезтаңдай әнші Димаштай азаматтың дүниеге келген жері. Сондықтан бұл өңірді көзіммен көріп, жаңа достар тапқаныма өте қуаныштымын. Болашақта мен де еліміздің атын шығаратын әнші болуды армандаймын, — дейді ол.

Фестивальдің тұрақты қатысушылары — Атырау қаласынан келген «Қазына» би ансамблі. Топтың жетекшісі Талғат Ғатауов аталған шараның жыл сайын жанданып келе жатқанын айтты.

— Бұл фестиваль — біздің асыға күтетін мерекеміз. «Әлия гүлі» ұжымы ұрпақтан-ұрпаққа мәңгілік болып қалуы керек. Себебі жастардың патриоттық тәрбие мектебі болып саналады. Бүгін Дәулеткерейдің «Қосалқа» және Нұрғиса Тілендиевтің «Ата толғауы» шығармаларына би дайындадық, — дейді Т.Ғатауов.

Төрт күнге созылған шара соңында қатысушыларға және олардың жетекшілеріне дипломдар, сыйлықтар мен кубоктар табыс етілді.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button