
Халықтың денсаулығы мен жарқын болашағы үшін еңбекте медицина қызметкерлерінің жауапкершілігі орасан. Өзінің сүйікті мамандығына беріліп, адам денсаулығының сақшысы қызметін абыроймен атқарып жүрген біздің бүгінгі кейіпкеріміз — Ақтөбе қалалық №7 емханасының Отбасылық денсаулық орталығы бөлімінің меңгерушісі, жалпы тәжірибелік дәрігер Нұршат Нұрболатова.
Нұршат М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетін жалпы тәжірибелік дәрігер мамандығы бойынша бітірген. Ол халықтың денсаулығын жақсартуға үзбей үлесін қосып келеді.
— Осы мамандықты жүрек қалауыммен таңдадым. Әрине, ата-анамның да кеңесі әсер етті. Дәрігер болу үшін алдымен білім, төзімділік пен өзіңе деген сенімділік қажет.
Жалпы отбасылық дәрігер дегеніміз — әмбебап дәрігер, яғни ол барлық медициналық қызметті атқара алады. Мәселен, кез келген отбасы өзінің қалауы бойынша белгілі бір отбасылық дәрігерді таңдайды. Дәрігер сол отбасының барлық мүшелерінің денсаулығын қадағалап, қажет кезінде медициналық көмек көрсетіп, емдейді. Ауру түрлерін зерттеп, медициналық көмек көрсетеді. Күрделі жағдай болса, тиісті медициналық орталықтарға тексертеді. Негізгі міндеті — мұқият тыңдау, адамды не мазалайтынын түсіну және оны дұрыс маманға жіберу. Ол жалпы медицина жайлы білуі керек. Учаскелік дәрігер ретінде тиісті аймағына бекітілген отбасы мүшелерін уақытында тексеріске шақырады, — дейді Нұршат Нұрболатова.
Ол алғашқы еңбек жолын №7 қалалық емханада медбике болып бастаған. Кейіннен осы емханада жалпы тәжірибелік дәрігер ретінде қызметін жалғастырды. Соңғы уақытта Отбасылық денсаулық орталығы бөлімінің меңгерушісі ретінде кәсіби тәжірибесін шыңдай түсуде. Үнемі өз білімін жетілдіріп отырады. Денсаулық сақтау саласында жеткен жетістіктері де аз емес.
Табиғатынан ерекше қабілеттілігі мен мамандығына деген құштарлығын халық денсаулығы үшін жұмсап, күндіз-түні еңбектеніп жүрген білікті маман өз әріптестерінің арасында да өте сыйлы.
— Өмір болған соң денсаулыққа байланысты неше түрлі жайсыз жағдайлар, оқыс оқиғалар болуы әбден мүмкін. Мұндай кездерде көмекке алдымен біз келеміз. Сырқат жанға жәрдеміңді тигізіп, оның сауығып кетуін алдыңғы кезекте міндет етіп қойғаныңнан кейін, бәрін де үлкен жауапкершілікпен әрі сапалы атқаруың керек. Өйткені осындай сәттерде саған айрықша сенім, үлкен үміт артылады, — дейді ол.
Білікті дәрігердің басты мақсаты — медицина саласында ізін қалдыру. Кәсіби мерекелері қарсаңында әріптестеріне жылы лебізін білдірді.
— Дәрігер мамандығын халқымыз ежелден қастерлеп, құрметтеген.
Адам өміріне арашашы абзал жандарды төл мерекелерімен құттықтай
отырып, отбасыларына амандық, дендеріне саулық тілеймін. Кәсіби біліктіліктеріңіздің арқасында биік асулардан көріне беріңіздер, — деді сөз соңында.
Бұл өмірде адамның бірінші байлығы денсаулық екені сөзсіз. Басымыз ауырып, балтырымыз сыздай қалса, денсаулық саласы мамандарының көмегіне жүгініп, жанымызға сая іздеп жатамыз. Халқымыздың денсаулығын сақтау үшін тынымсыз еңбек етіп жүрген барша абзал жандарға біз де өз алғысымызды білдіреміз.
Ақбота ҚАЛДЫБЕК.