ДенсаулықМереке

Жүректерге дем берген…

«Үзілген үмітті жалғау, ауру меңдеп, әбден әлсіреген, бұл дүниемен іштей қоштасып үлгерген науқастың бетін бері қарату — білікті дәрігердің еңбегінің жемісі. Алла дәрігерлерге осындай бақ, ғажап мүмкіндік сыйлаған. Тиімді емнің нәтижесінде комаға (ұзақ уақытқа созылған ессіздік кезең) түскен науқастың оянып, есін жиғанын, кейін ауруханадан сауығып шыққанын алғаш көргенімде, сол науқастың бұл өмірге қайта оралуына әуелі Алланың қалауымен өзімнің де үлес қосқанымды сезініп, бойымды ерекше шаттық сезімі кернеді. Ол кезде мен небары 32 жаста едім». Бұл — біздің кейіпкеріміз, жоғары санатты эндокринолог-дәрігер, «Қазақстан эндокринолог-дәрігерлері қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының директоры Гүлзира Қалықованың сөзі.

Гүлзира Нұғыманқызы бұдан 50 жыл бұрын Ақтөбедегі медицина институтын бітірді. Акушер-гинеколог мамандығы бойынша жоғары оқу орнын тәмамдаған жас маманға мамандығы бойынша жұмыс табылмай, ол алғашқы еңбек жолын қалалық жедел жәрдем бекетінің дәрігері болып бастады. Онда 9 жыл еңбек етіп, 1986 жылы Ақтөбедегі №1 қалалық аурухананың эндокринология бөлімшесіне жұмысқа ауысты. Сол жылы Минскіде эндокринология саласы бойынша білімін жетілдірді.

— Содан бастап эндокринология саласы мені ерекше қызықтырды. Адам ағзасында, адамның өмір сүруінде үлкен маңызға ие, қыр-сыры мол гормондар әлемі мені өзіне қарай тарта берді… Жұмысымды қуанып істедім.

… 1987 жылы санитарлық авиациямен Қандыағашқа бардым. Қант диабеті асқынып кеткен науқас комаға кетіп қалған екен. Науқастың өмірі үшін барынша күресіп, ақыры комадан шығардық. Жас кезімдегі осы оқиға әлі күнге дейін есімде, көз алдымда әлі күнге дейін сақтаулы тұр.

Әр мамандық иесінің қоғамда өзіндік орны бар. Елге, жұртқа тигізер пайдасы көп. Мысалы, педагогтер ұлтты тәрбиелейді десек, дәрігерлер — науқас өмірінің арашашысы. Сол кезде Алланың құдіретімен адам өмірін арашалап қалу бақытын нәсіп ететін, халықтың ақ батасын алатын дәрігер болғаныма шүкір еттім. Бұл бақыт сезімі мені ерекше қанаттандырды әрі жауапкершілік жүгінің ауырлығын сезіндіре түсті. Содан бері қазіргі күнге дейін сол шаттық күйіне толы бақыт сезімімен өмір сүріп келемін, — дейді дәрігер.

Қандай да бір ағзаға ота жасау — күрделі процесс. Оның ішінде қалқанша безіне ота жасау өте кірпияз, аса күрделі.

— Әр аурудың өзіндік ерекшеліктері бар. Бұрын анау-мынау ауру белгілері үшін «ота жасау керек» деп кесіп айтып, науқастың есін шығармайтын едік. «Ота жасалу қажет» деген тұжырымға тоқталу үшін ұзақ-сонар, мұқият тексерулер жүргізілетін. Одан кейінгі, науқасты отаға дайындау процесіне де біраз уақыт кететін. Ота жасаудың жөні осы екен деп науқасқа тізімде көрсетіліп, бекітілген талдауларды тапсыру ғана міндеттелмейтін, ота жасалатын науқастың денсаулығы жан-жақты тексерілетін. Оны біршама уақыт отаға дайындайтынбыз. Мысалы, психологиялық қысымнан шығуына көмек көрсетіліп, ота алдында демалуы үшін мүмкіндік берілетін. Бұл науқастың отадан кейін тезірек сауығып кетуіне, түрлі асқынулардың болмауына үлкен сеп. Мысалы, науқас диффузды токсикалық зобқа шалдықса, біз оны біршама уақыт дайындайтын едік. Ота жүйелі  дайындықтан кейін жасалмаса, кенеттен асқыну процесі жүреді. Бұл — науқастың өмірі үшін қауіп, одан шығу өте күрделі жағдай.

Қалқанша безіне ота жасау, әлгінде айттым, асқан сақтықты, өте ұқыптылықты, хирургтің біліктілігін, жан-жақтылығын талап етеді. Техникалық қиындықтарға байланысты ота кезінде науқастың қалқанша маңындағы безі (паращитовидная железа) алынып қалуы да мүмкін. Негізі, бұл без алынбауға тиіс. Бұл кішкентай ғана бездің адам ағзасындағы орны ерекше. Кальций-фосфор алмасуына жауап береді. Нақтырақ айтқанда, қалқанша маңы безі бездерден бөлінетін гормондар қан мен ұлпа сұйықтығындағы фосфор мен кальцийдің мөлшерін реттейді. Егер ағзада паратгормон жетіспесе немесе сол гормонды бөліп шығаратын без алынып тасталса, қандағы кальцийдің деңгейі азайып, фосфор мөлшері артады. Орталык жүйке жүйесінін қозғыштығы жоғарылайды да бұлшықеттер сіресіп, құрысып қалады, — дейді Гүлзира Қалықова.

Дәрігер соңғы кезде қант диабеті аруының «жасарып» кеткеніне алаңдаулы. Әсіресе бұл жағдай пандемиядан кейін күрт көбейіп кетіпті. Ауруға шалдыққандардың арасында жаңа дүние есігін ашқан нәрестелерге дейін бар көрінеді.

Гүлзира Қалықова 1995 жылдан 2011 жылға дейін облыс орталығындағы ауруханаларда эндокринология бөлімшесінің меңгерушісі болды. 1988-2023 жылдары облыстың штаттан тыс бас эндокринологі қызметін атқарды. 2011 жылы ҚР «Денсаулық саласының үздігі» медалімен марапатталды. Ол 2012 жылы зейнеттік демалысқа шықты. Дегенмен бір сәтке болса да жұмыстан қол үзген емес. Бірқатар медицина мекемелерде кеңесші-эндокринолог болып жұмыс істейді.

Гүлзира Нұғыманқызы жолдасы Қуаныш ағамен екеуі Алтынай есімді қыз тәрбиелеп, одан екі жиен сүйіп отыр.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button