ДенсаулықМереке

Кіндік шеше

Ақжібек Асанованың есімі мұғалжарлықтарға, әсіресе әйелдер қауымына жақсы таныс. Себебі ол 45 жылға жуық алдына келген әр ананың денсаулығына зор жауапкершілікпен қарап, адам жанының арашасы болып, қаншама сәбидің аман-есен өмірге келуіне ықпал етіп, кіндігін кесіп, әр отбасына қуаныш пен шаттық сыйлап жүр.

Саналы ғұмырын денсаулық сақтау саласына арнаған Ақжібек Сейітмағамбетқызы бүгінде зейнеткерлікке шықса да, сүйікті ісінен қол үзбей, дәрігерлік қызметін жалғастырып келеді. Ол Ақкемер ауылдық округіне қарасты бұрынғы Восток, қазіргі Көктөбе ауылында туып-өскен.

Біз ауылдағы медпункттің жанында тұрдық. Сол жерде жұмыс жасайтын дәрігер апайға қатты қызығатынмын. Үстінде ақ халаты, адамдарды қабылдап, оларға ем-дом жасағанына қарап, болашақта дәрігер болуды армандадым. Сабақтан қолым қалт етсе, жүгіріп келіп, қарап отыратынмын. Мектепте сабақты үздік оқыдым. Сегізінші сыныпты бітірген соң, 1976 жылы Ақтөбе дәрігерлік училищесіне түсіп, 1980 жылы акушер мамандығын үздік бітірдім. 1980-1982 жылдары аралығында Ақтөбе қаласындағы №2 перзентхана бөлімінің акушеркасы болып жұмыс жасадым. 1982-1988 жылдары Ақтөбе мемлекеттік медицина институтына емдеу ісі мамандығы бойынша оқуға түсіп, оны үздік бітіріп, 1988 жылы Алға қаласының ауруханасында акушер-гинеколог мамандығы бойынша интернатурадан өттім. Көптеген мықты мамандардан дәріс алдым. Соның ішінде ең басты тәлімгерлерім деп сол жылдары облыстың бас акушер-гинекологі болған профессор Раиса Алексеева мен профессор Қапа Құдайбергеновті атар едім. Осындай мамандардан білім алып, тәжірибе жинақтап, 1989 жылы өзімнің туған жеріме оралдым. Аудандық аурухананың гинекология бөлімінің меңгерушісі болып қызметімді жалғастырдым. Міне, сол уақыттан бері осы ауруханада үздіксіз қызмет атқарып келемін, — деді Ақжібек Асанова.

Ал 1991 жылы жаңа аурухана пайдалануға беріліп, сол жылы перзентхана бөліміашылған. Жаңадан ашылған бөлімнің меңгерушілік қызметін Баян Жұмашева атқарса, Ақжібек Асанова сол жылдары ауданның бас акушер-гинекологі болыпты. 24 жыл осы қызметті абыроймен атқара жүріп, перзентхана, гинекология бөлімдерін де өз қадағалауында ұстай білді.

Үлкен сенім артылғаннан кейін мен үшін бөлімде темірдей тәртіптің болуы маңызды еді. Қызметкерлеріме қатаң талап қоя отырып, бар білгенімді жанымды салып үйреттім. Бүгінде соның нәтижесінде перзентхана бөлімінде  мықты мамандар қалыптасты. Дәрігер-гинеколог Дина Сағынова, акушерлер Гуля Аблесова, Салтанат Жаманбаева, Ақкүміс Сүйеуова, Валя Бейімбетова, Кенжесұлу Оразбаева, Мергүл Алдашева, Айгүл Жүгінісова, Айнұр Сүлейменова, жаңа туған нәрестелер бөлімінің медбикесі Бибігүл Ермекбаева мен Жазира Айжарықовалар — мен мақтана алатын мықты мамандар. Сондай-ақ перзентхананың тазалығы мен тәртібіне жауапты шаруашылық медбикесі Гүлнар Алиеваның да еңбегі зор. Бұл аты аталғандардың барлығы — менің қатал мінезіме шыдап, үйреткенімді өздеріне терең сіңіре білген жандар. Оларды туғанымдай жақсы көремін. Әр ана өз баласын қалай жақсы көріп, қорғаса, мен де сол секілді осы жандар үшін барымды беруге дайынмын, — деп ағынан жарылды Ақжібек Сейтмағамбетқызы.

45 жылға жуық тәжірибесі бар дәрігер талай әйелге ана болу бақытын сыйлап келеді. Ол мыңдаған ауыр отаны сәтті өткізіп, бедеулікпен күрескен талай жанға үміт сыйлады.

— Қуантатын, кейде мұңайтатын сәттер де аз емес. Ұзақ уақыт баласыз жүрген отбасылардың кішкентайлы болған кездегі қуанышына куә болу — ерекше сезім. Жүрегіңді елжіретеді. Екі адамның өміріне бірдей жауапкершілік таныту оңай емес. Өмірде текке жүрмегеніңді түсінесің. Акушерлік жұмыс менің есеюіме, өмірлік көзқарастарымның қалыптасуына көп әсерін тигізді. Осы салада жүріп, еңбекқорлыққа, табандылыққа шыңдалдым, — деді ол.

Білікті дәрігердің ел алдындағы еңбегі елеусіз қалмады. Өз ісіне ұқыптылығымен адалдығының арқасында әріптестерінің ортасында абыройлы болған жоғары санатты дәрігер Ақжібек Асановаеліміздің «Денсаулық сақтау саласының үздігі» атанды. Әр жылдары Қызылорда, Алматы, Павлодар қалаларында өткен акушер-гинекологтардың V-VII съездерінің және 1999, 2008, 2009 жылдары Алматы қаласында өткен акушер-гинекологтардың конференциясына делегат болып барып қайтты. Сондай-ақ Франция мемлекеті мен Балтық маңы елдерінде болып, халықаралық конференцияларға қатысып, еуропалық дәрігерлермен тәжірибе алмасты. Тәжірибелі дәрігер 2000 жылы Мұғалжар ауданының «Жыл адамы» атанса, 2004 жылы Денсаулық сақтау министрі Е.Досаевтың, 2008 жылы облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды. 2009 жылы «Үздік ауыл дәрігері» болса, «Шапағат» байқауының да жеңімпазы атанған.

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ,

Мұғалжар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button