ДенсаулықМереке

Дәрігер мерейі

Дәрігер — аса жауапкершілікті, шыдамдылықты, өз ісіне деген сүйіспеншілікті қажет ететін мамандық. Бұл мамандық иелерінің жауапкершілігі де мол, атқаратын жұмыстары да ауқымды. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін осынау маңызды салаға бүкіл өмірін арнаған абзал жандар жетерлік. Солардың бірі — Ақтөбе қаласындағы №2 емхананың жалпы тәжірибелік дәрігері Ұлмекен Аймақова.

Ол 1989 жылы Өзбекстан Республикасы Самарқанд қаласындағы И.Павлов атындағы медициналық институтты бітірген. Еңбек жолын 1990 жылы осы қаладағы медициналық мекемеден бастаған.Денсаулық сақтау саласында 35 жылдан бері үздіксіз еңбек етіп келеді. Ал №2 қалалық емханада жалпы тәжірибелік дәрігер болып қызмет еткеніне 14 жыл болған. Бүгінде оның қарамағында500 бала,1200 ересек адам бар.

— Күн сайын бізге ондаған адам келіп, денсаулығына қатысты шағымдарын айтады. Олардың қатарында жасы үлкен қариялар да, кішкентай балалар да бар. Сондай жағдайда барынша медициналық көмек көрсетіп, ауырған жанның дертіне шипа табуға тырысамыз. Қазір бұрынғыдай емес, емханаларда медициналық көмек көрсетуде барлық жағдай жасалған. Бейінді дәрігерлер саны жеткілікті. Науқастарды ауруына байланысты сол бейінді дәрігерлерге бағыттап, уақытында ем-дом алуына көмектесеміз. Жалпы менің басты міндетім — медициналық практикада қолдануға рұқсат етілген профилактиканың, диагностиканың, емдеудің және оңалтудың заманауи әдістерін қолдана отырып, білікті медициналық көмек көрсету. Тұрғындардың уақтылы мерзімдік медициналық тексеруден өтуін қамтамасыз ету, — дейді ол.

Ұлмекен Жалғасқызын емханаға келетін тұрғындардың дені жақсы таниды. Қашанда ақжарқын, аузын ашса жүрегі көрінетін дәрігер келген науқасты әрқашан күліп қарсы алып, ерекше қолдаумен шығарып салады. Көпшілік оны осындай адамгершілік қасиеті үшін айрықша сыйлайды. Тәжірибесі көп болса да үнемі білімін жетілдіріп, ізденіс үстінде жүретін дәрігер халық денсаулығының мықты болуы білімді де білікті дәрігерлердің қолында екенін айтады. Өз ісіне берілген, жұмысына аса жауапкершілікпен қарайтын кейіпкеріміз осы аптада Астана қаласында өткен «Жалпы практика дәрігері — медициналық-санитарлық алғашқы көмектің көшбасшысы» атты республикалық ғылыми-практикалық конференцияға қатысып қайтты.

— Кез келген дәрігер заман талабына сай білімін жетілдіріп, біліктілігін арттырып отыруы қажет. Бұл тұрғыда өзім семинар, ғылыми-тәжірибелік конференцияларға жиі қатысамын. Бұл жолы да әріптестеріммен барып, біліктілігімізді арттырып қайттық. Конференцияға Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова арнайы келіп қатысып, жалпы тәжірибелік дәрігерлер қоғам қажеттіліктеріне жедел әрі сапалы жауап беретін алғашқы медициналық көмектің негізгі буыны екенін жеткізді. Министр қазіргі таңда елімізде шамамен 6 мың алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымы жұмыс істейтінін және олардың 80 пайыздан астамында жалпы тәжірибелік дәрігерлер қызмет атқаратынын айтты. Іс-шара аясында сарапшылардың ғылыми баяндамаларын тыңдап, алғашқы медициналық көмектің тиімділігін арттыру, жалпы тәжірибелік дәрігерлердің қызметін жетілдіру, олардың жұмысына заманауи ақпараттық технологияларды енгізу,дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелерін талқыладық. Жалпы, бұл конференция аясында тың мағлұматтар алдық, әріптестермен тәжірибе алмасып, жаңа қарқынмен жұмыс істеуге  құлшынымыз артты, — дейді кейіпкеріміз.

Ұлмекен Жалғасқызы осы іс-шара аясында Медицина қызметкерлері күні қарсаңында Денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Бұл — оның ұзақ жылдардағы үздіксіз еңбегінің жемісі.

— Дәрігер мамандығының қыр-сырын қанық біліп, сол жолда жетістікке жету үшін үлкен жүрек керек. Алдыңа ауырып келген адамға ем-домыңды ғана емес, жылы сөзіңді, қолдауыңды аямауға тиіссің. Дәрігер адам өмірінің арашасы ғана емес, науқасқа қолдау білдіретін психолог та болуы керек. Менің ұзақ жылдардағы қызметтегі ұстанымым — осы, — дейді ол.

Ұлмекен Аймақова — тәжірибелі дәрігер ғана емес, отбасында асыл жар, аяулы ана, ақ жаулықты әже. Ол бүгінде жолдасы екеуі бір ұл, екі қыз тәрбиелеп отыр. Солардан тараған бес немеренің қызығын көруде. Келер жылы ол зейнеткерлік демалысқа шығады. Науқастарды тек ісімен ғана емес, жүрегімен емдей білетін ақ халатты абзал жанға біз де амандық және зор табыстар тілейміз.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button