«Берлинде болған түйе»


«Бұл түйені соғыста сақтауымыздың себебі жалғыз-ақ төрт жыл соғысқа үздіксіз қатысып, аңсай сағынған Қазақстанды еске түсіріп, көзге елестету ғана емес, қазақтың ертегілерінде түйе еңбек пен бейбітшіліктің белгісі дейді. Сондықтан да Қазақстанның кейбір ең әдемі жерлерін түйемен байланыстырады. Мысалы, Көкшетаудың «Бурабай» курортының әдемілігіне кім таңғалмайды? Оның Сәкеннің сипаттауынан оқығандарыңыз білерсіздер».
Ұлы Отан соғысына 127-атқыштар дивизиясының құрамында қатысқан, осы дивизияның малдәрігерлік бөлімінің бастығы болған Әлімбай Әбішев 1965 жылы Жеңіс күні қарсаңында жазған «Берлинде болған түйе» атты мақаласында осылай толғаныпты. Мұндағы түйе «Мишка» атанған атан екен, бірақ оған кейінірек ораламыз…
Әлімбай Әбішев 1912 жылы Ойыл ауданының №3 ауылында дүниеге келген. Ол заманда ағайындылар бір-бірінен ірге ажырата бермейтіні белгілі.Кейіпкеріміз де 15 жасқа дейін өз әкесі Рахманберді емес, оның ағасы Әбіштің тәрбиесінде өсіпті. Бала күнінен еңбекке араласып, орыс көпесі Иван Крикуновтың қойын бақты. Ал 1927-1930 жылдар аралығында Ойылдағы орыс мектебінде білім алады. 1930 жылдың күзінде Орынборға аттанып, жұмысшы факультетінде оқып, үздік бітіріп шығады.
Осыдан кейін сол кездегі республика астанасы Алматыдағы малдәрігерлік институтына түседі. Бұл оқу орнын 1935 жылы бітіріпті. Оқудан соң бірден кеңес армиясы қатарына шақырылып, содан тек Ұлы Отан соғысы аяқталғаннан кейін, 1946 жылы ғана туған жеріне бір-ақ оралады.

Жас қазақ солдаты Әлімбай Әбішев І Украина майданына қарасты 3-гвардиялық армия құрамындағы 127-атқыштар дивизиясының қатарында негізінен Украина жерін жаудан азат етуге атсалысып, кейіннен Берлинге дейін жетеді. От пен оқ ортасындағы шайқастарда көрсеткен ерлігі үшін кейіпкеріміз Қызыл Ту орденімен, Кенигсберг, Прага және Берлин қалаларын азат еткені үшін, т.б. медальдармен марапатталған, сондай-ақ 1946 жылы Қызыл Армия қатарынан біржола босатылған кезде «Майдандағы ерлігі үшін» медаліне ұсынылған.
Соғыс жылдарында ол майор шенінде дивизия құрамындағы малдәрігерлік бөлімнің бастығы болды. Жауынгерлерді, жаралыларды қажет кезде өзендерден алып өтетін, командирлер мініп жүретін, қару-жарақ, отын, ас-су таситын, яғни әскери көліктің бір түрі ретінде жылқы, бірен-саран түйе малының түрлі ауру-сырқаудан сау болуы да өте маңызды еді. Малдың бағым-күтімін жастайынан көріп өскен, оның үстіне жоғары білімді маман Әлімбай Әбішев бұл міндетті абыроймен атқарған. Мысалы, Қызыл Ту орденіне ұсынылған құжатта оның бөлімінің жауынгерлері мен жаралыларды Днепрден алып өтетін жылқымен уақтылы қамтығаны, ветеринарлық лазаретке түскен малды дер кезінде емдеп, қатарға қосқаны жайлы баяндалады.
Соғыс кезінде майданға қазақ жерінен түйе апарылғаны туралы дерек бар. Сол түйелердің бірі болды мане басқалай естеліктерімен байланысты ма, «Мишка» атанған түйені ол өзі қатты сағынған Қазақстанның бір белгісіндей көріп, аман сақтауға барын салыпты. Бұл туралы өзі 1965 жылы жазған, жоғарыда аталған мақалада: «…Бұл түйе жүзге тарта түйеден қалған, оған «Мишка» деп ат қойған екен, өзі атан болатын. Бұл түйе жайлы ол кезде майдандық газеттерде кейде жазылып та жүретін. Ол түйе біздің 127-дивизияда болатын. Дивизияны іздегендер түйені сұрастыратын, өйткені ол бағытта біздің дивизиядан басқа дивизияларда түйе болмаған. Мен бұл дивизияның малдәрігерлік бөлімінің бастығы болатынмын. Сол түйені қалайда сақтаудың шарасын қолданып, оны соғыстың аяғына дейін аман сақтап, Прагаға жеткіздік…
Прагада екі айдай тұрдық. Сонда түйеге қызыл матадан жабу жасатып, оған екі жағынан «Сталинградтан Берлинге дейін барып, Прага арқылы жеңіспен еліме, Отаныма келемін!» деген жазу жазып, сол жабуды түйеге жаптық», — дейді.
Осы жабуымен түйе Чехословакия мен Польша аумағынан өтіп, Кеңес Одағына келгеннен кейін, Львов қаласындағы соғыс округіне тапсырылады.

Запастағы майор Әбішев осыдан 60 жыл бұрын жазылған мақаласының соңында: «Біз майданға қатысқандар, бұдан 20 жыл бұрын «Отан үшін» деп, соғыста аянбай айқасуды көзімен көргендер, бүгіндері бейбітшілік пен еңбектің шалқыған шағын, еліміздің гүлденгенін көргенде, шексіз қуанамыз», — деп ағынан жарылады.
Ал соғыстан кейін, 1946 жылы ол өзінің туған өңіріне оралып, Қазақ КСРауыл шаруашылығы министрлігінің Ақтөбе облысы бойынша аға мемлекеттік ветеринарлық инспекторы қызметіне кіріседі. Соғыстан кейінгі жылдар да шаруашылыққа қиын соққаны белгілі. Мәскеу Қазақстанда мал басын күрт көбейту міндетін алға қойған еді. Алайда біздің өңірде мал арасында түрлі жұқпалы дерттер бой көтере бастайды. Сондай оқиғаның бірінде аурудың одан әрі таралу қаупін ойлап, жұқпалы қаназдыққа шалдыққан жылқылардың көзін жоюға шұғыл шешім қабылдағаны үшін аға ветеринарлық инспектор Әбішев істі болып та кете жаздапты. Абырой болғанда, Одақ астанасынан шақырылған комиссия тексеру жүргізгеннен кейін «індеттің алдын алды» деп, әділдігін айтыпты.
Осыдан кейін Әлімбай Әбішев Қазақ КСР Ауыл шаруашылығы министрлігіне қызметке шақырылды. 1955 жылға дейін осы министрлікте бас мал дәрігері, ветеринария басқармасының бастығы, т.б. лауазымды қызметтерде болды.
КСРО-да әр кезде түрлі науқандарды өрістету әдетке айналғаны тарихтан белгілі. 1955 жылы коммунистік партия басшылығы лауазымды қызметте жүрген азаматтарды артта қалған шаруашылықтарды басқаруға аттандырды. «Ұжымшарларды басшылық кадрлармен одан әрі нығайту туралы» қаулыға бүкіл ел бойынша 30 мың коммунист үн қосқан. Солардың бірі Әлімбай Рахманбердіұлы еді. 1955-1957 жылдары ол Алматы іргесіндегі ұжымшарлардың бірінің төрағасы болып еңбек етті. Оның ұлы, белгілі мүсінші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақытжан Әбішев өз естелігінде бұл жылдары әкесінің үнемі ұжымшар еңбеккерлері арасында, жол үстінде, ең алыс түкпірлерде жүргенін айтады.
1957 жылы ол министрлікке қайта оралып, 1962 жылға дейін бөлім бастығы болды. Ал 1962 жылдан кейін Қазақ КСР-інің бас мемлекеттік инспекторы, ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты ветеринария басқармасының бастығы қызметтерін абыроймен атқарды.
Сонымен қатар ол қой төлін аман сақтау, түрлі мал ауруларының алдын алу және емдеу тақырыптарында ізденіп, ғылыми еңбектер, мақалалар да жазды. Оның қазақ, орыс тілінде жазған еңбектері оқулықтарға, мал дәрігерлеріне арнап шығарылған жинақтарға енген.
Ұлы Отан соғысының ардагері Әлімбай Әбішев 1967 жылы дүниеден озды. Өз тұсында ауыл шаруашылығы саласының республикадағы ең үздік мамандарының бірі ретінде танылған жерлесіміздің өмір жолы, мұрасы зерттеуді қажет етеді деп білеміз.
Айна САРЫБАЙ.



