Әдебиет

Тұлғаны толық танып болдық па?

Жиенғали Тілепбергеновтің туғанына — 130 жыл

ХХ ғасырдың басында қалыптасқан қазақ зиялылары қатарындағы дарынды қаламгер Жиенғали Тілепбергеновтің қилы тағдыры әлі де жан-жақты зерттеуді қажет етеді. Жиенғалидың шығармашылық қыры біршама зерттелген болса, 1920-1933 жылдардағы тағдыры тарихшылар тарапынан талданбай, саяси көзқарастарына баға берілмей келді. Оның қасіретті тағдыры туған жері Темір ауданындағы саяси оқиғалармен қатар өрбіген еді.

Белгілі жазушы, драматург Жиенғали Тілепбергенов 1895 жылы Темір уезі, Ембі-Темір болысында қарапайым шаруаның отбасында дүниеге келген. Жастайынан ауылдық мектепте білім алып, алдымен «Хұсайния», 1918 жылы Уфадағы «Ғалия» медресесін тәмамдайды. Осы жерде оқып жүргенде қазақ жастарымен бірге «Садақ» қолжазба журналын шағаруға атсалысып, Бейімбет Майлиннен кейінгі редакторы болған. 1919-1920 жылдары уездік білім бөліміне қарасты мектептерде, 1921-1922 жылдары 19-участокте сот хатшысы болып қызмет етеді. Ақтөбе облыстық мемлекеттік архивінде: «Ақтөбе губерниялық сотының шешімімен 1924 жылдың 3 қаңтарынан бастап 11 участоктің халық соты ретінде Тілепбергенов жіберілсін» деген мәлімет сақталған. Ал осыған дейін Жиенғали туралы жазылған зерттеу жұмыстарында 1921-1925 жылдары Темір аудандық білім бөлімінде жұмыс жасады деп көрсетіліп, заң саласындағы қызметі айтыла бермейді. Осы тұрғыда Жиенғалидың өмірі мен шығармашылығын зерттеуші ақтөбелік ғалым Ғ.Ниязова: «Ж.Тілепбергеновтің жесірі Әлфия жазушы қайтыс болғаннан кейін зейнетақы шығарту мақсатында құжаттар жинаған. Сол кезден сақталып қалған 13 анықтама-сенім қағаз бар. Сенім қағазда 31\VIII\192…соңғы цифры өшірілген уақыт белгісі бар. Яғни 1921-1925 жылдар аралығы. Сенім қағаздың орыс тілінде жазылған мәтінін береміз: «Удостоверения» Дано сие тов.Тлепбергенову Жиенгалию в том, что он действительно является членом Темирского УИК-а, что подписями и приложением печати удостоверяется». Қол қойылып, мөр басылған» деп жазыпты.

Дерекке сәйкес 1921-1925 жылдары Жиенғалидың уездік атқару комитетінің мүшесі болғандығы анықталып отыр. Бірақ нақты білім бөлімінде деп атап көрсетілмеген. Сондықтан архивте сақталған жеке іс қағазында берілгендей, 1921-1925 жылдар аралығында заң саласында қызмет етті деп толық сеніммен айта аламыз. Өйткені уездік атқару комитетіне мүше болу үшін білім бөліміндегі жұмысына қарағанда, заң саласындағы қызметі септігін тигізген.

Осы уақытта Темір ауданында кеңестік жүйенің ұйымдастыруымен «Назар-Жекей» рулық тобына қатысты іс жүргізілді. Іс бойынша аудандағы саяси істерге белсенді араласқан 17 азаматты топ жетекшісі ретінде айыптап, қалғандарын губерниялық, уездік, болыстық деңгейдегі жетекшілері ретінде тергеуге алған. Аталған іске қатысты жауап алу хаттамаларында Жиенғалидың аты да бірнеше жерде көрсетіледі. Егер білім саласында жүрген болса, оның «Назар-Жекей» ісі бойынша жауапқа алынуы екіталай болар еді. Оның үстіне архив деректерінде «халық судьяларының қызметі» туралы да арнайы тоқталып өтеді. Ол бойынша: «Төменгі халық судьяларының есеп беруінде ауытқушылықтар жиі орын алады. Олар, негізінен, қазақтар арасында байқалып отыр. Өйткені жергілікті беделді ақсақалдармен ауыз жаласып істерді бұрмалау әдетке айналған» деп атап өтеді. Бұл анықтаманың өзі жергілікті халық судьясы қызметінде жүрген қазақ азаматтарына жасалған алғашқы шабуылдардың бірі болатын. Тиісінше, Жиенғалида үкімет қырына осы кезде іліккен секілді. Аталған іс бойынша Тілепбергеновті «Назар-Жекей» жаласы кезінде Елтай Каналинмен хат алмасқан деп көрсетуіне осы саяси қызметі себеп болған. Өйткені Елтайдан жауап алу барысында Жекей тобының уездік деңгейдегі ізбасарларының қатарында Жиенғалидың да атын атайды. Оған қоса Каналиннің үйін тінту барысында 1926 жылы 15 тамызда жазылған төмендегідей мазмұндағы хат табылады. Хат мазмұнын толық келтіруді жөн көрдік: «Елтай аға, бізден сәлем, бізде бәрі жақсы. Жаңалық жоқ. Кеше губерниялық ҚК Дәулетярды (Имашев) шақырып алып, сиырға қатысты жауап алды. Енді бүгін мені шақырып отыр. Қазір барамын. Ешнәрсе болмайды деп ойлаймын. Рсекең келіп кетті. Көп нәрсеге көңілі толмай ол мынаны көрсетеді: «Балық басынан шіриді» деді. Сөзінің соңын түсінбесемде, сізді кінәлайды. Бұл жерде көп күдік бар. Енді сақ болу керек».  Ал бұл хат туралы Каналинге сұрақ қойылғанда, не туралы айтып жатқандығын толық түсіне қоймағандығын көрсетеді. Тиісінше,хаттың мазмұнына назар аударсаңыз түсініксіз жайттарды меңзеп отыр. Жиенғалидай сауатты азаматтарды сиыр үшін айыптайма, тергеуге шақырғанба, түсініп бола бермейсіз. Дегенмен біз біле бермейтін жайттар орын алғаны шүбәсіз. Сондықтан Жиенғалидың 1920-1930 жылдардағы тағдыры мейлінше үңіле түсуді қажет етеді.

Жиенғалидың үкімет қырына ілігуіне 1921-1925 жылдардағы саяси қызметімен қоса, «Ғалия» медресесінде жүргенде шығарған «Садақ» қолжазбасы мен әртүрлі баспасөздерде жарияланған мақалалары да себеп болған секілді. Өйткені «Назар-Жекей» ісі бойынша айыпталған азаматтардың жауап алу хаттамасына қарасаңыз, сұрақтарды 1917 жылға дейінгі қызметінен бастап тізбектеп келтіреді. Жиенғали болса «Садақ» журналына мақалаларын «Жекей» т.б. секілді бүркеншік аттармен жариялап отырған. Кейін оқуын бітірген соңда әртүрлі саяси оқиғаларға байланысты фельетондар жариялаған. Бір ғана мысал, 1932 жылы желтоқсан айында «Жете» дейтін екінші бүркеншік атпен «Социалды майдан» газетіне шыққан «Шұбарқұдықтан шұбырған, бұл не масқара бәтір-ау!»деген фельетонында:

«Қыстың көзі қырауда,

Көшеде шұбыру, жылау…

Шұбарқұдықтан шұбырған

Алдауышқа ұрынған

Буровойдың жұмысшысы

Жиырма үйдей пақыр-ау», — деп тақпақтап бастайды да, «Өзімізден кадр дайындаймыз. Курс ашамыз. Барғандарға үй ішімен тұратын пәтер, 100 сом стипендия, отын, тамақ береміз» — деп, қыс ішінде «Ембімұнайдың» өкілі тып-тыныш жұмыс істеп жатқан қазақ жұмысшыларын жылы орнынан қозғайды да, Темірге келген соң не бәрі төртеуін ғана курсқа алып, қалғандарын үйсіз-күйсіз, ақшасыз далада қалдырады. Осыған «айыптылар тез жауапқа тартылып, көшеде қалған жұмысшыларды тез орналастыру керек» — деп, Жиенғали өзінің әлеуметшіл даусын көтеріпті.  Бұл фельетонның өзінен үкіметтің ожар ісін сынаған леп аңқиды. Сондықтан алдағы уақытта Жиенғалидың фельетондарын қайта қарап, талдау жасау қажет. Бұл кезеңде баспасөз бетінде жарияланған әр жазба тексеріліп, авторларыбақылауға алынған. Жиенғалидың да артынан аңдушылар болып, 1927 жылы Қызылжарға — «Бостандық туы» газетіне, кейіннен Қызылордаға — «Сыр бойы» газетіне ауысуына солар ықпал еткен. Негізі, Темір өңірінен шыққан азаматтардың Ақтөбеге қарағанда, Қызылордамен байланысы өте жақсы болған. Бұған дәлел — архив деректері бойынша Қызылордадан үнемі хаттар келіп тұрған. Ол кезеңде Қызылорда елдің астанасы болды, ал жергілікті белсенді азаматтар сол жақтан нұсқаулар алып тұрған секілді.

Жиенғалидың «Назар-Жекей» ісі бойынша айыпталушы ретіндегі жеке жауап алу хаттамасы сақталмаған. Соған қарағанда, істен бұрын 1925 жылы Темірден көшіп кеткен болу керек. 1925 жылы Ақтөбедегі «Кедей» газетіне жұмысқа орналасқаны да белгілі. Осы кезден бастап өмірінің соңына дейін ешқандай саяси істерге араласпай, рухани ізденісте болыпты. 1931 жылы Жиенғали денсаулығына байланысты шыққан ортасы Темір қаласына қайта оралады. Бұл жерде аудандық «Социалды майдан» газетінде редактор болып қызмет етті.

Арада екі жыл өткенде 1933 жылы Темірде ауру мен аштықтан дүние салады. Ол туралы Т.Кәкішов: «Социалды майдан» газетінің 1933 жылы 19 сәуірде шыққан 20-саны түгелдей қара сызық қоршауға алынып, қақ ортасына арып-ашыған, жағына пышақ жанығандай жүдеу адамның суреті басылыпты. Баттита басылған қара әріптер «Партияның Темір аудандық комитеті барлық партия, комсомол, кәсіпшілер ұйымына социалистік құрылыстың қажырлы қайраткері, партияның аудандық комитеті бюросының және аудандық кеңес комитеті президиумының мүшесі, аудандық «Социалды майдан» газетінің жауапты редакторы жолдас Тілепбергенұлы Әділ баласы Жиенғалидың ұзақ уақыт бойына сіңген көкірек ауруы науқасынан 11 апрель күні күндізгі сағат бірде қайтыс болғанын ауыр қайғымен хабарлапты» — деп келтіреді.

Қазақтың Ілияс, Бейімбет секілді азаматтарымен бір жүрген Жиенғалидың орталықтан шалғайда мүшкіл күйде Темірде көз жұмуының өзінде де бір сыр бар секілді. Оған соңғы он жылдағы саяси оқиғалар мен денсаулық жағдайы да қатты әсер етті. Өйткені «Назар-Жекей» ісі секілді саяси оқиғаларды қамтымағанымен,жиенғалитанушы Ғ.Ниязова: «Төсекке таңылған аяулы жанды өз басының қасіреті ғана емес, сол тұста қазаққа қарсы қолдан ұйымдастырылған нәубет — аштық қасіреті қатты күйзелткен тәрізді. «Бәрінен де маған қиын соғып тұрған жері — аурудан өлмей, аштан өлу»,— деп мұң шағады ол Ілияс Жансүгіровке жазған хатында. Қазір Жиенғали қолдан өлтірілмеді ме екен деген күдік те айтылып қалады. Сырқаты әбден меңдеп, оған аштық азабы қосылып, қатты қиналып жатқан жазушыны ақырғы сәтке дейін аудандық партия комитетінің қызметкері бақылап отырған. Ашынған Жиенғали өзін бақылап отырған қызметкерге партиялық билетін лақтырып жіберген екен. Оның партиялық билетін лақтыруы — саясатқа қарсылығын көрсеткені болса керек» — дейді. Міне, осы бір дерек Жиенғалиды үкімет бұрыннан бақылауында ұстағанын, жазған-сызғанының бәрі де назарда болғанын одан әрі айқындай түседі.

1933 жылы ауыр азаптан көз жұмған Жиенғалидың басы да қарайтылмаған. Темір қаласының іргесіндегі ескі қорымда көп төмпешіктің бірі болып елеусіз қалыпты. 2020 жылы сол кездегі Темір аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрмұхан Исаұлы бізді қауымдағы Жиенғалидың зиратына алып барды. Айтуынша, 1995 жылы, яғни 100 жылдық мерейтойы қарсаңында Жиенғалидың бейітін ескі қорымнан жергілікті тұрғын Сейтен Тілесов тауып берген. 1933 жылы Жиенғалидың қабірін қазуға қатысқан үш жасөспірім жігіттің бірі Сейтен ақсақал екен. Осыдан соң басына бүгінгі ақ кірпіштен қаланған белгі қойылған. Жиенғалиды алғаш болып көпшілік қауымға таныстырған белгілі профессор Тұрсынбек Кәкішов Темір қаласына арнайы келіп, кездесу өткізді. Міне, оғанда отыз жылдың жүзі болыпты.

Біздің айтпағымыз — Жиенғалидың тарих қатпарында қалып бара жатқан бейнесі уақыт өткен сайын көмескіленбей, айқындала түсуі керек. ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялылары тағдырының бір бөлшегі ретінде Жиенғалидың ғұмыры зерттеушілер назарында болуға тиіс.

Райымбек ЖҰБАНЫШ,

тарихшы, өлкетанушы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button